Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыКазЦИК ауылдық округіМерекелер

ҚОС  АУЫЛДЫҢ  ҚУАНЫШЫНДА  ШЕК   ЖОҚ

Биыл араға екі жыл салып, сағындырған әз-Наурыз мерекесі КазЦИК ауылдық округінде кеңінен тойланды.

Айтулы мейрам жоғары деңгейде ұйымдастырылды. КазЦИК және Комсомол ауылдарының тұрғындары жиналған қауымға дастархан жайды. Округке қарасты мектептер  мен дәрігерлік амбулатория да өз алдына бөлек киіз үй тікті.

Іс-шараны округ әкімі Б.Жұмабаев ашып, тұрғындарды еліміздің төл мерекесі Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтады. Бауыржан Ақжолұлы өз сөзінде: «Құрметті КазЦИК ауылдық округының тұрғындары мен қонақтары! Міне, әз-Наурыз мерекесі екі жылдан кейін ортамызға қайта оралып, тойлануда. Еліміз бай-қуатты болсын! Ақ мол болсын, ұлыс оң болсын!» — деп жүрекжарды тілегін айтты. Әкімнің құттықтауынан кейін ауылдың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, округтың дамуына, қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене атсалысып, мұрындық бол-ған азаматтар ауыл әкімінің мақтау қа-ғаздарымен марапатталды. Сондай-ақ, ауылдың орталық саябағында түрлі спорттық жарыстар өткізілді.

Орталықтағы үлкен сахнада №31 орта мектеп ұстаздарынан құралған өнерпаз топ еліміздің «Ұрын бару» салтынан көрініс қойды. Онда қазақтың «Ұрын бару» салтының мән-мазмұнын ашып, ұмытылып бара жатқан қазақи салт-дәстүрімізді насихаттады.

Ұрын бару – құда түскен соң, екі баланы некесі қиылмай тұрып алғаш ашық түрде кездестіріп, күйеу жігіттің айттырылған қалыңдығымен танысу үшін қайын жұртына ең алғашқы бару сапары. Қайын жұрт тарапынан бұл сапар «ұрын бару» атанса, осыған байланысты ұйымдастырылған той-думан «ұрын той» атанған. Мұндағы негізгі мақсат – жастардың өзара түсінісіп, үйлену тойына дейін бірін-бірі жақсы білісуіне жағдай жасау. Ұрын келу сапарына күйеу жігітті қасына 4-5 өнерлі жігіт қосып, салтанатты түрде аттандырған. Күйеу жігітке қайын жұртындағы үлкендердің көзіне түсуге болмайтын. Үйленгенге дейін қалыңдығының жасы үлкен туысқандарының көзіне кездей-соқ түсіп қалған күйеу жігіт тығылып қалуы немесе қашып кетуі тиіс болған. Қойылымда осы бір нәзік қарым-қатынасты әдемі жеткізе білді.

Шара барысында әсем ән шырқалып, мың бұралып би биленіп, көпшілікке наурыз көже таратылды. Ақсақалдар мен аналар қауымы ақ батасын жаудырды. Ешкім де сырт қалмады. Көпшілік мұндай аста-төк наурыз мерекесінің тойлануы бұрын-соңды болмағанын айтуда. Ауыл бір дүр сілкініп алды. Той тойға ұласып, гүл көктеммен қатар келетін бұл мереке жаңа Қазақстанның жайдары жүзін одан сайын аша түсті.

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button