ЖАҢА ЖЫЛ ЖАҚСЫЛЫҒЫМЕН КЕЛСІН
Наурыз – жаңа күн, планеталардың өз нүктесіне келетін уақыты. Ертеректе бұл құбылысты «Әз» деп атайтын болған және сол құбылыс кезіндегі ғарыштан шыққан дыбысты ең әуелі қой сезіп, аспанға қарап маңырайды екен. «Әз болмай мәз болмайды» деген сөз содан қалса керек. Жыл өткен сайын жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түскен бұл мейрам біздің ауданда да өз дәрежесінде аталып өтті.
Іле ауданы әкімдігі ұйымдастырған «Төрлет Наурыз төріме, береке бер еліме» атты мерекелік шара Өтеген батыр ауылындағы Орталық стадион мен арбатта өтті. Күн мен түн, хан мен қара теңесетін бұл күнді атап өтуге келген халықтың қарасы қалың болды. Әлемді әбігер қылған ауыр індеттің біздің елді де әуреге салғаны, соның салдарынан соңғы екі жылда сөніп қалған, ауқымды шараларды тойлауға деген «қазақи құмарлық» осы наурызда қайта оянғандай көрінді… Мереке барысында концерттік бағдарлама, ұлттық ойындар мен қазақша күрес, қой көтеру, тоғызқұмалақ, гір тасын көтеру, шахмат, дойбы, асық ату, арқан тарту, қол күрес сынды спорт түрлерінен жарыстар өтті. Бұл күнде шағын және орта бизнес өкілдерінің сауда-саттығы қызып, ал, стадионда спорттық шаралар қанат жайды. Ең епті мен күштілер жиналған жерде үлкен-кіші бақ сынасты.
Көктемдегі бірлік және өзара түсінушілік мейрамына еңбек, тыл ардагерлері, зейнеткерлер, жасы үлкен қа-риялар арнайы шақыртылды. Халқымыздың дархан мінезін танытар, ұлттық болмысымыз осы мерекеде ерекше көрініс тапты. Мереке аясында ән мен күйден шашу шашылып, тіршілік атаулы қайта түлеген шақта қоғамның ынтымағы мен бірлігі, бейбітшілігі мен жасампаздығы нығая түскендей ерекше әсерге бөледі.
Кез келген тойдың мәнді болуы, тағамының дәмді болуына да байланысты ғой. Бұл ретте ақшаңқан киіз үйлердің маңында ұлттық киім киген қыз-келіншектер дәмі тіл үйірер наурыз көжесін сапырып, қызғылт бауырсақтарынан қадірлі қонақарына дәм татқызып отырды. Мекеме-кәсіпорын қызметкерлері болса, дастархан мәзіріне жеті шелпегін, құрт, жент, құйрық-бауыр сынды түрлі тағамдарын тұрғындарға тегін таратты. Арбат бойында қаз-қатар тігілген аудандық мекемелердің шатырлары келген қонақтарды әндерімен де, дәмдерімен де тәнті етті. Бұл – ұлы мейрамның символы «наурыз көже» екені сөзсіз. Оны дайындау да әр аспаздың өз шеберлігіне байланысты екен. Бұл күнде біз құрамында бірдей 7 түрлі қоспа қосылғанымен, әрқайсысы әртүрлі болып шыққан көжелерді де көрдік. Оларды бір-біріне ұқсататын бір-ақ нәрсе бар, ол – дәмділігі. Әрқайсысы өзінше дәмді. Айта кетелік, аудандағы бірқатар мектептердің мұрындық болуымен ұлттық көрмелер мен бауырсақ party, домбыра party ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына арналған наурыз көже мен палау тағамдары дайындалды.
Мінбеге шығып, жиналған жұртшылықпен пен қонақтардың алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Бағдат Қарасаев жиналған қауымды Наурыз мерекесімен құттықтап, ауыл тұрғындарына амандық пен саулық тіледі. Содан соң, көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламаларына кезек берілді. Әртістер жаңару мен жаңа үміттің символы Наурыз мерекесінің келуін театрландырылған қойылымдарымен әдемі жеткізе білді.
Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылылық әкелетін молшылық мейрамы сізге де құтты болсын қадірлі оқырман!
Айдын ТОҚСАНОВ