МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ
Отбасы — мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп — өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар.
Отбасы – барлығымыздың жүрегімізге ең жақын сөз. Ол – махаббат пен тыныштықтың, мейірім пен жарасымның, қуаныш пен мерекенің мекені. Демек, адамның жер басып өмір сүруі, қоғаммен араласуы, еңбек етуі, нығметке бөленуі тікелей отбасымен байланысты.
Өздеріңізге мәлім 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілген болатын.
Жылдағы дәстүрмен биыл да «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізгелі жатырмыз. Бұл жоба – бүгінде нағыз халықтық мерекеге айналды. Жыл сайын бұл жобаға халықтың үлкен қызығушылықпен қатысып жүргенін көріп отырмыз. Жоба басталғаннан бері бүгінге дейін ауылымыздың көптеген жанұясы осы байқауға қатысты. Мұның өзі – біздің қоғамға отбасы құндылығын дәріптейтін, үлгі көрсететін ерекше жобаға айналғанын көрсетеді. Осы жылы да біздің ауылымыздың тұрғындары шет қалмайды деген сенімдеміз. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғырта түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!
Рақыш Темірлан Айдарұлы
Энергетический ауылдық окург әкімі аппаратының бас маманы