Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратБілім және ғылымЗнай нашихҚазақстан жаңалықтарыҚоғамТұлға

Қазақстан дамуының маңызды құралы

1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданып, 2017 жылы 5 қыркүйек Тілдер күні болып бекітілді. Өйткені бұл күн – қазақ тіл білімінің негізін салған А. Байтұрсынұлының туған күні. А. Байтұрсынұлы: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Ең әуелі ана тілін білу керек. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтыны хақ» деп айтқан. Расында да, кез келген адамның ұлтына деген махаббаты ана тілінен бастау алады. Тіл – әрбір халық үшін ұлттық ерекшеліктері көрініс табатын маңызды құбылыс, халықты байланыстыратын белгілерді сақтайтын мықты құрал. Тіл арқылы жүрек түбінде жатқан асыл сезімдер көрініс табады. Басқа адамның жан сырын түсінуге болады. Адам жүрегі қандай болса, тілінен де сондай сөз шығады. Ал ана тілі – ұлттың жүрегі. Ұлттың болашағы оның ана тілінің болашағымен байланысты. Қазақ халқының ана тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – ең бай тілдердің бірі. Оның тарихы мен дамуын зерттеу үлкен тәжірибені, еңбекті талап етеді. Қазақ тілінің тереңдігі бүгінгі ұрпақты өткен буынмен тарихи тұтастықта байланыстырып тұрады. Ұлттық құндылықтарды сақтау үшін ана тіліне ерекше назар аударған жөн. Ол қарым- -қатынас құралы бола отырып, өскелең ұрпақты тұлға ретінде қалыптастырады. Бала тіл арқылы ата- -бабамыздан мұраға қалған байлықпен танысады. Әрбір қоғамда тілге қатысты мәселе болады. Біздің елімізде де тіл мәселесі өзекті болып отыр. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Осыған қарамастан, қазақ тілінің қолдану аясы, сөйлеу өрісі тарылып бара жатыр. Басты кемшілік осы. Сол үшін ана тілімізді қорғап, оның дамуына үлес қосу басты міндетіміз. Өйткені қазақ тілі – өркениет дамуының маңызды бөлігі. Халқымыздың басынан өткен талай қиындықтарға қарамастан, ана сүтімен дарып, санасында сақталған жалғыз құндылық. Әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кірудің алғашқы қадамы сауатты ұрпақ тәрбиелеуден басталады. Ал ол мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, терең меңгерген ұрпақпен ғана өлшенеді. Қоғамда сөздердің қатемен айтылуы тілімізге өзге тілден сөздердің көбірек енуімен байланысты болып отыр. Ана тілін басқа тілмен алмастыруға жол беруге болмайды. Ол – ата-бабаларымыздың мұрасы. Өз ана тіліңді білмеу – туған халқыңа опасыздық жасаумен тең. «Тіл – халықтың жаны». Бұл жай ғана қанатты сөз емес. Тілдің көмегімен кез келген халық ұрпақтан-ұрпаққа өзінің дүниетанымын, айналаны қабылдауын, құндылықтарды жеткізеді. Қазақ қоғамының мәдениеті ҚР әр азаматы ана тілді толық меңгергенде ғана биік болады. Ана тіліміз өнердің барлық түрін дамытудың құралы. Оның құндылығы білім беру үшін, ұлттың тұтас өмірі үшін маңызға ие. Бұл дегеніміз – қазақ тілі елімізде біріктіруші рөлді атқарады. Ел бірлігін, ұлт мәдениетін қалыптастыру және оны келесі ұрпаққа жеткізу құралы ретінде қызмет етеді. Ана тілін білмей шынайы бақытты болу мүмкін емес. Біз өз тамырымызбен, тарихымызбен, халқымыздың мәдениетімен байланысты болған кезде құрметке лайықпыз. Қазақ тілін түсінбей тұрып, бұл әлемді өзінің ерекше қыры арқылы көре алмаймыз. Демек, біз өзіміздің Отанымызды танудың маңызды қабілетінен айрыламыз. Қандай мәселеге де уақыт тұрғысынан зер салсақ, ана тілдің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмайды. Өйткені ана тіліңнен айрылу – үлкен қасірет. Ондай жағдайға жол бермеу үшін көптеген іс-шараларды қолға алу керек. Ана тілінің өмір сүріп тұрған кезеңіндегі жай-күйін зерттеп, оның деңгейін көтеретін үгіт-насихат жұмыстарын бастаған абзал. Тіпті ана тілінің тағдыры туралы көркем шығармалар мен отандық фильмдерді көбейтуге күш салу кезек күттірмейтін мәселеге айналуы керек. Қазақ тілінің қадірі мен қасиетін барлық азамат түсінген кезде ұтылмайтынымыз хақ. Қорыта айтқанда, тіл жоғалса, ұлттың тұтастығы да жоғалады. Біздің ана тілімізде халықтың даналығы, ұлттық сипаты мен мәдениеті көрініс тапқан. Қазақ тілі – ұлтымыздың салт-дәстүрінің сенімді қоймасы. Ол өзінің бай, сұлу бейнесімен ерекше. Мемлекеттік тіліміздің беделі биік болмай, егемен елімізді нығайту мүмкін емес. Тіл және тәуелсіздік – ажырамас егіз ұғым. Демек, еліміздің әр азаматы қазақ тілінің өркендеуіне зор үлесін қосса, тарих пен болашақ алдында атқарылған қасиетті парыз орындалары сөзсіз.

Айжан ЖАМАНТАЙ,

«24 лицей» мемлекеттік коммуналдық

мекемесінің қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button