Елімнің бақытын тербеткен — Республикам менің!
1990 жылы 25 қазанда Республиканың жоғары кеңесі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларация қабылдады. Осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын басты. Сол уақыттан бері мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бере отырып, даму мен өркендеу жолында дамыған елдермен иық теңестірді. Тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде мемлекет қоғамдық өмірдің барлық салаларында еркін самғап, ұлтаралық өзара татулық, азаматтық келісімнің сақталуына ерекше мән берді. Осы жылдар ішінде айбынды Ата Заңымыз қабылданып, қазақ тілі – мемлекеттік тіл дәрежесін алды. Мемлекеттік Рәміздеріміз, Ата Заңымыз, ұлттық валютамыз және Сарыарқаның кең жазық даласында барша елді өзінің келбетімен таңқалдырған жаңа астанамыз Астананың салынуы Республика тарихында алтын әріппен жазылатыны анық. Тәуелсіздік-ұлттық идеялар, тың серпін, сарабдал саясаттың сара жолы. Тұрақты дамудың Қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесі табысты өткізіліп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етті. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстан Республикасы деген асқақ рухты ел екендігін мойындатты.
«Не деген бақытты едің, келер ұрпақ» деп ақын жырлағандай тәуелсіз елдің тізгінін президентіміз Қ. К. Тоқаев ұстағалы мемлекеттік атаулы күндер қайтадан жанданып, қайтадан тарих беттеріне енгізіліп жатыр. Республика күнін ұлықтау – ұрпақ үшін үлкен қуаныш, баянды бақыт екенін сезіндірген Президентімізге мың алғыс.
Қазақстан Республикасындағы әрбір азаматтың мерекенің қайта жандануы мен аталуы кезінде қалай болса да шалқитындай, қуанатындай реті бар. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері еліміз талай-талай биік асуларды бағындырды. Қазақстанды бүгінде әлем жұртшылығы демократиялық ел ретінде таниды. Елімізде халықтар достығы жақсы сақталған. Ол жетістікте сөз жоқ еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың сіңірген үлкен еңбегі бар. Ел бірлігін сақтауда татулықтың үлкен байлық екендігін бүгінде Қазақстан халықтарының барлығы айқын сезінді. Еліміздегі әрбір азамат, әрбір ұлт туған мемлекетіміздің тәуелсіздгін баянды етуге, қуаттын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздар.Қазақстан – көп елдермен терезесі тең, елдік рәміздері анық, мәртебесі беделді мемлекет. Бірлік, татулық, ынтымақ – әр қазақстандықтың бойтұмары. Халық осы үш ұғымның қадірін жақсы біледі. Қазақстан Республикасы жүзден аса ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, ынтымағын жалғыстырып отырған мемлекет ретінде көрші елдерге де үлгі болып отыр.
Отанға деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерге, ұлттық және мемлекеттік мереке-лерге құрметпен қарау – әр қазақстандық азаматтың міндеті. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын. Болашағымыз жарқын болып, қайта тарих бетіне енген «25 қазан – Республика күні» құтты болсын!
Ғалия Итекеева,
№24 лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі