Аудан жаңалықтары

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА ЖАНЫ ҚҰМАР ҚАРАКӨЗ ҚАРЫНДАСТАР

Өтеген батыр ауылындағы  дүкендердің бірінде сатушы арулар әр жұма сайын тұтынушыларға жаңа піскен нанды тегін таратды. Бұл акцияны дүкен иелері көптен бері іске асырып келеді. Соңғы мәліметтерге қарағанда елімізде нанның  бағасы 2023 жылғы қаңтар айынан бері қарай 19 пайызға өссе де, жомарт кәсіпкерлер өз игі істерін жалғастыруда. 

«Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді» тербеткен нәзікжандыларымыздың жан-ашырлығы өтегендік тұрғындарға етене таныс. Олар әр жұма сайын ақ дастарханына қояр адал асы ақ нандарын «Диана» супермаркетінің Балжан мен Гүлшат есімді сатушы қыздардан алатынын біледі.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше мұнда жұма сайын нанды тегін таратады.

«Әр жұма тегін нан бар. Тұрғындардың бәрі риза, көрші-қолаң, ауданның бәрі біледі. Жұма күні таңертең нандарын шығарып қояды, бір-бір бөлкені қойынымызға салып қайтамыз. Мен өзім мұнда жиі келемін. Әсіресе, бәрі қымбат болған осындай қиын кезеңде бұл жақсы іс», — деді ауыл ақсақалы Қилаш ата.

Бұл дүкеннің иелері осыдан жарты жыл бұрын, ашылған сәттерінен бастап мұсылмандар үшін қасиетті күні игі шара жасауды қолға алған.

«Есіміміз Балжан, Гүлшат болады. Біз «ДИАНА» шағын маркетінің сатушысы боламыз. Осы дүкен ашылғалы қасиетті жұмада нан таратылуда, дүкен иелері Дулат ағамен Эльмира апайымыздың бізге қояр талабы — әр жұмада тегін нан тарату, мақсаты — әуелі Алла разылығы үшін, екіншіден халыққа көмек қолын созу. Әр нан алған азаматтарымыз дұғаларын айтып, разылығын білдіріп кеткені, біз үшін үлкен мәртебе, қуанып қаламыз.  Тұрақты клиенттерімізден бөлек уақыт бөліп алыстан апа-аталарымыз келеді. Таңертең ерте жиналып, бір-бірімен танысып, әңгіме құрып, жақсы арласып кеткен кісілер бар. Аллаға шүкір, халық қуанып жүргені жақсы ғой!» — деді  сатушы қыздар.

Дегенмен, әр аптаның жұмасында бұл шағын маркетке адамдар көптеп келеді. Ұзын-сонар кезекке тұрғандар тегін нан алуға асығатын көрінеді.

«Батамен ел көгереді. Жұма қасиетті күн ғой. Сондықтан акцияны осы күндері өткіземіз. Қысылып келген зейнеткерлер, студенттер мен қарапайым тұрғындарымызды құр жібермейміз. Кішкентай кезімнен осындай қайырымдылық жасасам деп армандайтынмын. Осы арманыма жеттім деп ойлаймын», — деп кеңпейілділігін танытты Эльмира Кәзиева ханым. 

Айта кетейік, қазіргі таңда Энергетический ауылдық округінде бірнеше дүкендер, атап айтқанда, «Алихан-1, 2» дүкендерінің иелері Гүлістан және Зина Мамадовалар, «Бес найза» дүкенінің иесі Күлшат Сәдібекова, «Сказка» дүкенін басқарып отырған Татьяна Добровольская, «Перекресток», «Жұлдыз» дүкендерінің иесі Айнұр Жансейітовалар қайырымдылық акциясын жалғастырып, жандандырып келеді. Дүкен иелері бұл жақсылықтың Құдайдан қайтатынына сенімді. Тұрғындар да жеке кәсіпкерлердің жомарт-тығына шынайы алғысын жаудыруда.

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button