Мерекелер

ҚОШ КЕЛДІҢ АМАЛ МЕРеКЕСІ, ТӨРЛЕТ ӘЗ-НАУРЫЗ

Көктеммен бірге құлпырып, жер жүзін тіршілікке бастайтын әз-Наурыз көнеден келе жатқан мереке. Қыстан аман шыққан халық Наурызды асыға күтеді. «Барлық қуаныш пен жақсылықтың бастауы болсын»–деп тілек білдіріп жатады. Наурыз мерекесінен балалар да шет қалмады. Ұлық мерекені балабақшадан атап өтудегі басты мақсат салт-дәстүр, Наурыз құндылықтарын дәріптеу. Бұл бала тәрбиесіндегі басты қағида.

Осындай игі шара «Қоғамдық келісім» Іле аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Қуат» балабақшасының «Қарлығаш» тобында өтті. Мерекелік іс-шараның мақсаты халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын жоғалтпай, бала бойына сіңіру, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, құрметтей білуге тәрбиелеу. Ұлттық ойын түрлерімен таныстыру, ұлттық ойынымызды тереңірек насихаттау мақсатында «Ұлттық ойын – тәрбиенің бастауы» атты комильфо-кеші өтті.

Оған арнайы қонақ ретінде  Алматы облысы «Қоғамдық келісім» Іле аудандық филиалының басшысы, Іле аудандық аналар кеңесінің төрайымы М. Жәбиева, «Қоғамдық келісім» аталмыш филиал жетекшісі Ж. Серьянов және Ә. Нұрғожа атындағы халық ансамблінің мүшелері кеш қонағы болды. М. Жабиева балаларға 14-наурыз «Көрісу» күні дәстүрінің маңыздылығын, келіп жеткен әз-Наурыз мерекесінің маңыздылығы мен тарихын қысқаша баяндады. Сонымен бірге, ұлттық ойынның мақсаты мен міндеті, түрлері туралы тереңірек мәлімет беріп, «Бес тас» ойынының ережесіне қысқаша тоқталып өтті. Кеш соңында балаларға қонақтар өз ризашылықтарын білдірді. Бүлдіршіндер би билеп, ән салып, күрес, арқан тарту, асық ату сынды ұлттық ойындарды ойнап, өнерлерін көрсетіп, қонақтарды таң қалдырды.

Сонымен қатар, Наурыз мерекесіне арналған ұлттық нақыштағы бейнеленген киіз үйдің ішіне қазақтың кебежесін, шымылдығын, ат әбзелдерін, ыдыс-аяқтарын қойып безендіріп, арнайы дайындалған дастархан жайылды.

Өнерлі тәрбиешілеріміз «келін түсіру», «тұсау кесу», «баланы бесікке салу», «шашу» шашу сынды салт-дәстүрден көрініс қойып, мерекенің шырайын келтірді. «Қуат»  балабақшасының тәрбиешілері  бүгінгі шараның қонақтарын, ата-аналарды, балабақша ұжымын, кішкентай бүлдіршіндерді ақ тілегін айтып құттықтады.

Мерекеге келген ата-аналар дән риза болып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Шара соңында қонақтар арнайы дайындалған наурыз көжеден дәм татып, баталарын берді. «Қуат» балабақшасында 6 топ бар, ондағы  150 бүлдіршінге 15 тәрбиеші білім-тәрбие нәрін беріп келеді.

Бағдат  ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button