Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыКеген келбетіМәдениетТұлға

ОРМАНЫШЫ ЖІГІТ ЕРНАТ

Туған өлкеңнің қымбат құшағында соның бір бөлінбес бөлшегіндей болып қана емес, жанға ыстық жасыл әлемінің қорғаны бола жүру де үлкен бақыт қой, шіркін?! Бұл екінің бірінің басына бұйыра қоятын бақ емес. Біз сөз еткелі отырған Ернат Еңсебаевтай орманшы жігіт дәл сондай бақыттың құшағында жүрген жан. Кеген ауданындағы Талды деп аталатын шағын ауылда дүниеге келген.Талдыны көрген де арманда, көрмеген де арманда десек, артық айтпаймыз. Етек жағында иіріліп Кеген өзені ағып жатыр. Жағасы орман-тоғай әлемі. Батыс жағынан Талды деп аталатын өзенінің арнасы бар. Анау кеуделі тауларынан ары ассаң, о шеті мен бұл шеті созылып жатқан хан жайлауларға тап бола кетесің. Дәл осы өңірдегі таулардың сай-саласының бәріне ырғын шөп шығады. Көпшілік ағайын төрт түлік малын дәл осынау ырыс-құтты шөбі шүйгін жермен асырап отыр. Талды ауылына келгенде жасыл жайлауға тап болғандай боласың. Жүрген жеріңнің бәрі көк кілем. Міне, осындай жаһұт мекенде дүниеге келген Ернат құлдыраңдаған құлын күнінен орманшы болуды, айналасын қоршай көрік берген таңғажайып табиғатына қорған болуды ойлай жүріпті. Арнайы киімдерін киінген, дүрбілерін тағынған тау тұлғалы азаматтар қарағайлы орманның арасынан шыға келгенде қызыға қарап қалатын. «Мен де сондай киім киініп, жараулы атыммен тауларды, орман-тоғайды аралап жүрсем шіркін?!»,-дейтін. Сол арманы алдамапты.

Талды ауылындағы орта мектептен түлеген ақылды, ойлы, зерек шәкірттерінің бірі. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін орман шаруашылығы инженері мамандығы бойынша бітіріп, сүйікті ісі, жүрегі қалаған шаруасына араласқалы жылдар жылжып барады. Кеген орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Жалаңаш орманшылығында еңбек жолдары өрілді. Орман күтушісі, орман шебері болды. 2009 жылдан бері қарай Екіаша орманшылығының орманшысы болып жемісті, абыройлы еңбек етіп келеді. Қырықтың мол ішіндегі азаматтың туған жеріндегі орманына қорған болып жүргеніне биыл 23 жыл болыпты.

Рас, Ернат бастаған орманшы азаматтар қарайтын Екіаша орманшылығында жалпы көлемі 24428 жер болса, соның ішінде 6 мың гектары орманды алқап. Орта Меркі өңірінде 2 жерде, Екіаша жайлауында 2 жерде, Кеңсу мен Көкпиязда 1-1 орман күтушілерінің үйлері кардондар бар. Орман шебері болып еңбек ететін Бәтжан Жанболат, Дастан Уатаев, орман күтуші болып жұмыс істейтін Нұрбол Абузов, Марат Әбдіхалықов, Қайрат Рамазанов, Ержан Хасенов, Жасұлан Мекебаев, Марат Каримов, Рахат Мұқамеди атты ор-маншы жігіттер Ернат-тың белді көмекшілері.

Пай, пай, шіркін, жер деп Меркінің, Орта Меркінің өңірін айт, жайлау деп Екіашаның жайлауын айт?! Жаз маусымында тұнып тұрған сурет, мөлтілдеп тұрған сұлулық, қиылып тұрған ғажайыптар әлемі ғой, шіркін?! Көзіңді алмай қарай бересің, қарай бересің. Жақсылықтарын, шапағаттарын, ғажайыптарын көргің келіп аралай бересің, жағалай бересің. Орта Меркіге тұп-тұнық тау өзені, қаз-қатар бой түзеген қарағай, көк құрақ, неше түрлі гүлдер көрік беріп тұрады. Салқын тамаша суынан дәм татып, көк құрағына аунай, қарағайының арасына барып дем аласың. Жанның рахаты! Мынау бір қонақ өткінші өмірдің жақсылығы осында дерсің?! Меркі туралы өткен ғасырдың бас кезінде әйгілі жыршы, жырау, ақын, ағартушы Қапез Байғабылұлы өлмес әнін қалдырды. Одан кейін мұнда Жалаңаш ауылында тұратын өнер иесі, мәдениет саласының майталманы, сазгер Бақытжан Құсайынов та бір әнін шығарып, Меркінің мерейін орнымен аспандатты. Қазір Меркі туралы екі ән де қатар шырқалып келеді. Біз сөз етіп отырған жүзі Орта Меркідей шырайлы, көңілі бұлақтарындай тұнық, тұлғасы тауларындай еңселі, тілек-ниет, ойлары қарларындай аппақ Ернаттай орманшы Орта Меркіден бастап Қарааршаны, Шөлтекшені, Көкбұлақты, Екіаша жайлауын асықпай аралап қайтады. Жасыбай көліне бір аялдамай кеткен емес. Тұрсынсаз, Көлдіаша, Дөңгелексаз, Аршалы мен Сулысайдың өңірін бір көріп қайтпаса, көңілі көншімейтіндей. Анау таудан төмен құлай ағып жататын Орта Меркі, Кеңсу, Талды, Шырғанақ, Тобылғыты атты неше түрлі өзендерін, сыңғыр қағып жататын сан бұлақтарын тек көзбен көріп, дәмін татып, жақсылығын аппақ жаныңмен сезінуің керек. Ернат осынау өзендерін, бал бұлақтарын да жанындай жақсы көреді. Жағасына жата қалып суынан дәм татқан сайын жан сарайың ашыла түсетіндей. Ернат анау қарағайы, орманы, өсімдік әлемі бір бөлек, осынау бал бұлақтарымен де марқайып, көңілін өсіріп жүреді. Қарағайы, аршасы мен шыршасы, доланасы, тобылғысы, бозқарағаны бәрі-бәрі көздің жауын ала көркейе берсін деп тілейді. Шайқурай, қарақат, бүлдірген, алтын тамыр, уқорғасын секілді жүздеген, мыңдаған жеміс ағаштары, дәрілік шөптер ел-жұртына шапағатын тигізе берсін дейді. Орман-тоғайына, қырқа-қырқаларына, сай-салаларына көрік беріп, самал желмен тербетіле  көз тартатын қырмызы гүлдерін қызыға қарайды. Аялай қолымен сипап, иіскеп қояды. Әдемі гүлдерді үзуге қимайды. Өлкеге көрік беріп тұрсын дейді. Бұғы, елік, шошқа, қасқыр, түлкі, аю секілді аңдар, неше түрлі құстар да осында.

–  Біздің басты мақсатымыз – орманды алқапты өрттен қорғау әрі жыл сайын көшет отырғызып, орман қорын молайтып отыру.  Жаз маусымында жұмысымыз мүлде көбейіп кетеді. Биылғы көктем маусымында Орта Меркінің бас жағына, Қараарша өңіріне 9 гектар жерге қарағай көшетін отырғыздық. Жалпы, соңғы 5 жылдың көлемінде 11 айналымның 2 орамы, 67 теліміне 19 гектар жерге шырша көшеті отырғызылды. Оның бәрі жайқала өсіп тұр. Орманды өрттен қорғау, қоршаған ортамыздың тазалығын сақтау жөнінде орманшылыққа қарасты  120 шаруа қожалығымен, жекелеген малшылармен келісім шартқа отырдық. Табиғат аясында демалушыларға тиісті ескертулерімізді жасаймыз. Шүкір, ормандарымыз өрттен, суық қолдылардан аман, — дейді Екіаша орманшылығының орманшысы Ернат Еңсебаев.

Біз сөз еткен азамат, Кеген орман шаруашылығы мекемесінде өзіндік орны бар орманшы Ернат аса жауапты жұмысынан Жалаңаш ауылындағы жылы шаңырағына оралғанда бір үйдің мейірбан отағасы, ұл-қыздарының қамқор әкесіне айналады. Биыл мектепті бітіргелі отырған Таңшолпанның, одан кейінгі Бекарыстың, Іңкәр мен Заңғардың беттерінен бір-бір сүйіп, құшағына тартып қойғаннан кейін көңілі жайлана түседі. Өмірлік серігі, жан жары Жазираның өзіне арнайы дайындап қойған сүйікті асын, дәмге толы дастарханын көргенде жанын одан сайын жадырата түседі. Жылы ұясының ырысы мен берекесін кіргізіп, шырайын ашатын жұбайы Жалаңаш ауылындағы С. Бейсенбетұлы атындағы орта мектепте шәкірттеріне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келеді. Өз ісін жақсы білетін ұлағатты ұстаз. Екеуі үйленгеннен кейін бірін ана, бірін әке атандырған тұңғыштары Жеңіс әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде заң факультетінің 2-курс студенті. Реті келгенде айта кеткен жөн, Ернаттың анасы Мәмила Оралбекова елінің елеулісі, халқының қалаулысы. Зейнеткерлік өмірінің, немерелерінің шаттығына кенелген ана Қазақстан Республикасы салық қызметінің үздігі, Кеген ауданының Құрметті азаматы.

Шуағын төккен ару күнге, анау әдемі тауларының басына қонақтай қалған аппақ бұлттарға, түрлене түскен табиғат әлеміне көз тастаған сайын жүрегін, жанын өзгеше бір сезім билей түседі. Ол туған өлкесінің құшағында жанына барын, ойына нәрін берген ыстық мекеніне қорған болып перзенттік борышын өтеп жүрген, әр күн сайын ән мен жырға, өлмес туындыларға ғана арқау болып келе жатқан сұлу жерінің сыңғырлаған бұлағын, жасыл құрағын көріп, құстарының әсем үнін тыңдап қана жүрген өмірінің бақыты, еңбегінің қуанышы екені даусыз. Орманшы жігіт тағы да жол үстінде. Еңбегіңіз елене берсін деп тілейміз.

Индира БІРЖАНСАЛ,

Екіаша орманшылығы

Басқа жаңалықтар

Back to top button