Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыДенсаулықЕскелді айнасыҚоғам

ДЕНСАУЛЫҚ МИНИСТРІ ЖЕТІСУ ӨҢІРІНДЕ

Жетісу өңіріне сапарлай келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният бірқатар медициналық нысанды аралады. Еліміздің бас дәрігері әуелі Ескелді ауданына табан тіреді. Министр мұнда аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысты.

140 төсекке және күндізгі стационардың 70 төсегіне есептелген аудандық орталық ауруханасы 50 мыңнан астам жергілікті тұрғынға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, мұнда ересектер мен балаларға арналған жалпы терапия, хирургия, невропатология, жалпы дәрігерлік практика, акушерлік және гинекология сияқты бағыттар бойынша стационарлық және амбулаториялық-емханалық медициналық көмек қарастырылған. Аудандық аурухана ұжымында 440-тан астам медицина қызметкері, оның ішінде 84 дәрігер және 360 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Биыл аудандық емхана базасында «Үздік практикалар орталығын» ашу жоспарлануда.

Денсаулық сақтау министрі медициналық нысанды аралау барысында аурухана басшылығымен негізгі мәселелерді де талқылады. Қазіргі таңда аудан үшін ғана емес, еліміз үшін де аса өзекті мәселе – медицина мамандарының тапшылығы да сөз болды. Ескелді аудандық ауруханасына жыл сайын жас мамандар келіп жатыр. Алайда, көз дәрігері, невропатолог, кардиолог, балалар психиатры, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, акушер-гинеколог мамандары аса қажет. Аудандық аурухананың бас дәрігері Сәуле Құсмолданова жас мамандарды қолдау, білімін жетілдіру бағытында атқарған жұмыстарды жіпке тізген моншақтай баяндады. Оның айтуынша, қазір ескелділік ақ халаттылар тек ел көлемінде ғана емес, шетелдік, оның ішінде Корея, Түркия сынды елдердің медициналық орталықтарында тәжірибесін шыңдауда.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту шеңберінде медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамытудың басым бағыттарына назар аударды. Осылайша, балалар мен жүкті әйелдерді патронаждау, диспансерлік науқастарды уақытылы диагностикалау және есепке қою, аудандық аурухана мамандарының ауылдық медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарымен тиімді өзара іс-қимылы мәселелері көтерілді.

Мұнан соң министр Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Шымыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барды. Бұл нысанда 7 ақ халатты маман 2 мыңнан астам жергілікті тұрғынға қызмет көрсетеді. 1974 жы-лы салынған амбулатория құрқылтайдың ұясындай шағын ғана. Министр жас та болса іскерлігімен ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген дәрігер Ернат Беретбековты заманауи жабдықталған дәрігерлік амбулатория салынатынымен қуантты. Бұл бастама ауылдық денсаулықты сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асады.

Мұнан соң Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният сапарын Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталығында жалғастырды. Бұл жерде осыдан біраз уақыт бұрын денсаулығында кемістігі бар 3 жасқа дейінгі балаларды оңалтудан өткізетін орталық ашылған болатын. «Қамқорлық» ерте емдеу орталығында нейро-ортопедиялық бұзылулары бар, церебралды паралич, мерзімінен ерте туған сәбилер, даун синдромы, орталық нерв жүйесі зақымданған, басқа да сырқаттары бар балалар ем алады.  Ажар Ғиният 3 айдан 3 жасқа дейін ем алып жатқан балалар бөлімін аралап көрді. Мұнда салмағы 1 келіге жетпейтін балалар әйнек-аппараттың ішінде қадағалануда. Орталық айына 50 бала қабылдайды. Мұнда балалардың әрбірі 2-3 ай сайын ем алады. Перинаталдық орталық директоры Қанат Жұмашевтің айтуынша, ерте басталған емді үздіксіз жүргізіп тұру керек.

Министр орталықтағы заманауи аппараттармен танысты. Мұнда диагностикалық аудиологиялық тексеру және мидың соңғы үлгідегі электро-энцефалограммасы жасалады. Орталық аутизмі және мидың басқа да ментальді бұзылулары бар балаларға кешенді көмек көрсетіп, әлеуметтік дағдыларын дамытады. Емдеу орнында невропатолог, реабилитолог, ЛФК дәрігері, педиатр, балалар ортопеді, сурдолог дәрігер, педагогикалық құрамнан дефектолог, логопед, эрготерапевт, психолог мамандар қызмет етеді. «Балалар шетінеуін азайту үшін осындай орталықтар болуы керек. Заманауи аппараттармен қамтылғаны дұрыс. Жұмыстарыңызды жандандыра беріңіздер», – деді министр.

Мұнан кейін ол қалалық көпсалалы ауруханаға барды. Мұнда емдеу мекемелерінің барлық бас дәрігерлерімен кездесу өткізді. Мекеме ішін аралады. Облыста жүректің ишемиялық инфарктен қайтыс болу азаймай тұр. Мұның бірден-бір себебі, сырқаттардың ем алу үшін бірнеше айға дейін кезекте тұруы. Кардиология орталығы көбінесе ауыр жағдайда, жедел жеткізілген пациенттерге толып кететін көрінеді. Сондықтан жүрегінде кінәраты барлар уақытында ем ала алмайды.

Министр мәселені шешу үшін жағдаят орталығын ашуды тапсырды. Сырқат адамдар алдымен жағдаят орталығына жеткізіледі. Сол жерде қадағаланады. Ем қабылдайды. Сырқаты асқынған немесе ота жасау керек болса, кардиология орталығына жіберіледі.

Көпсалалы ауруханадағы басқосуда денсаулық сақтау саласының жауапты мамандары облыстағы жетістіктер жайын баяндаумен қатар өзекті мәселелерді де ортаға салды. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынындай көп мәселе бірден шешімін тапты. Жағдаят орталығының ашылатындығына, пациенттердің жылдам ем алуға қол жеткізетініне дәрігерлер де қуанып, қолдау білдірді.

Денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселесіне қатысты министр МӘМС енгізілген сәттен бастап медициналық көмекке ақы төлеуге бөлінетін қаражат көлемі 2,5 есе, бір тұрғынның денсаулығына жұмсалатын шығыс мөлшері 2 есе, жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жұмсалатын шығыс көлемі 3,5 есеге өскен. Бүгінде 16,5 миллион адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған (3,4 миллион адам әлі сақтандырылмаған). Ал Жетісу облысында МӘМС жүйесінде 526 мың адам сақтандырылған (174 мың адам әлі қатыспаған).

Министр кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдап, әр өтінішке толық түсініктеме берді. Бірқатар мәселелерді жеке бақылауға алып, ведомствоның бейінді департаменттері мен жергілікті атқарушы органдарға қойылған мәселелерді шешуді пысықтауды тапсырды.

Мағмар Мақсым

Басқа жаңалықтар

Back to top button