Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыАуыл шаруашылығыҚаратал хабарыҚоғамМәдениетӨндіріс және кәсіпкерлік

ҚАРАТАЛДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Жеті өзеннен нәр алған жерұйық мекен Жетісу өңірінің өз алдына отау құрғанына жуырда ғана бір жыл толды. Бір жылдық межеде талай өркениеттің ізі қалған топырақтың әлеуметтік-экономикалық тынысы одан әрі кеңіп, тұрмысы едәуір өрістеген. Мемлекет басшысы бұл аумақты тәтті түбірдің орталығына айналдыруды һәм туризмдік әлеуетін күшейтуді тапсырған. Оған себеп те жоқ емес. Әлеуметінің әлеуеті тасыған өңірдің негізгі тұрмысы ауыл шаруашылығына негізделсе, табиғаты мен орналасқан орны туризмді дамытуға әбден қолайлы. Өркенін кеңге жая түскен Жетісу облысының қай жағынан да Қаратал ауданы драйвері десек, артық айтқандық болмас. Өйткені, қандай жаңашылдық болмасын осы ауданнан шығады десек, шын суреттеу болып табылады. Бұл сөзімізді дәйектей түсу үшін Қаратал өзенін жағалай қоныстанған ауданның тынысын саралап көрейік…

Сәулеті мен дәулеті келіскен

Қай елдің болмасын тұрмысы мен тыныс-тіршілігінің әлеуеттілігі сәулетінен аңғарылады. Сәулеті дәулетіне сай келеді әдетте. Бүгінде Қаратал ауданында құрылыс қарқынды. Әдеттегідей емес, жаңа ғимараттардың іргесі мығым, сәулеті көркем. Соның нәтижесінде ауданның келбеті айшықтала түсуде.

«Баспаналы болсам» дейтін адам көп бүгінде. Біреу үйді ақша жинап алады, бірі – мұраға қалдырады, енді бірі – түрлі жобалардың көмегіне жүгінеді. Мемлекеттік саясат бағыты негізінің бірі осы – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Бұл міндеттерді орындау үшін мемлекет тарапынан әр түрлі бағдармалар қабылдануда. Аудан әкімдігі өзекті мәселе болып табылатын мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету жайын жыл сайын пысықтап келеді. Жалпы аудан бойынша баспана кезегінде тұрғандардың ұзын саны 1322 адам құрайды. Айта кету керек, бұл сан жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Қаратал ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды екенін атап өттік. Өткен жылы аудан бойынша 6 миллиард 882,9 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2021 жылмен салыстырғанда өсім 157,7 пайыз. Ал санмен сабақтасақ, сол жылы 3921,6 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліпті. Ал өткен жылы 17,4 мың шаршы метр тұрғын үй қараталдықтардың игілігіне пайдалануға берілген еді. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 107,5 пайызға артық орындалған. Ал үстіміздегі жылы құрылыс тіптен қарқынды. 2023 жылға құрылыс жұмыстарының жоспары 11 миллиард 926,2 миллион теңгені құрап отыр. Аудан аумағында жыл соңына дейін 10,7 мың шаршы метр тұрғын үй қараталдықтардың пайдалануына беріледі деп жоспарланған. Жоспар да нақ іске айналатын уақыт та жақын.

Ауданда баспанаға мұқтаж жандарды баспанамен қамтудың оңтайлы бағдарламалары орайлы жүзеге асуда. Мәселен, талай қазақстандықтың баспаналы болуын қамтамасыз еткен «Нұрлы жер» бағдарламасы қараталдықтардың талайын қуанышқа бөлегелі отыр. Үстіміздегі жылы атаулы бағдарлама өзегінде 1,9 мың шаршы метр көпқабатты тұрғын үй өз иелеріне тарту етілмек. Нақты айтқанда, ауданда үй кезегінде тұрған 30 отбасына пәтер кілті табысталады.

Сонымен қатар, аудан орталығы Үштөбе қаласында 40 пәтерлік көпқабатты тағы бір тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы аумағы 2,4 мың шаршы метр болатын тұрғын үйдің құрылысын «Сапақ» атаулы компания жүргізуде. Құны 515,6 миллион теңге болатын бұл нысанға инженерлік инфра құрылым тарту үшін бюджет қалтасынан 82,3 миллион теңге тағы бөлінген.

Сондай-ақ ауданда демеушілер тарту арқылы баспана мұқтаждығы бар тұрғындарға баспана салу да қарқынды. Мәселен, биылғы Үштөбе қаласында 15 жеке тұрғын үй салуға «Әлия Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік етуде. Келісім шартқа сай жалпы аумағы 1,3 мың шаршы метр болатын жеке тұрғын үй салуға Үштөбе қаласының маңындағы Көкдала ықшам ауданынан 15 жер учаскесі берілген. Сонымен қатар, ауданда ірі құрылыс нысандарын салып жатқан «Sheberbuild» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қайырымдылық шараларды жүзеге асыруда. Мәселен, атаулы серіктестік Бастөбе ауылындағы отбасылық балалар үйіне қосымша жапсаржай салуға қол ұшын созып отыр. Мұндай қайырымды шаралар іргелі ауданның әлеуетін одан әрі әрлей түспек.

Аудан тұрғындарын баспанамен қамту шаралары бір жылдық көлемімен шешілетін шаруа емес. Аудан әкімдігі тарапынан қазірдің өзінде келер жылға ауқымды жоспарлар бекітіліп, нақты істердің іргесі қалануда. Мәселен, әкімдік жоспарына сай келер жылы аудан орталығы Үштөбе қаласынан жалпы көлемі 7,5 мың шаршы метр болатын 60 пәтерлік екі көпқабатты тұрғын үй салынады деп күтілуде. Сонымен қатар аумағы 1,5 мың шаршы метр болатын 20 жеке тұрғын үйлердің құрылысы басталады деп жоспарлануда. Жергілікті бюджет есебінен жүргізілетін бұл баспаналардың құрылысы қазіргі уақытта жобалау жұмыстарына ұласқан.

Ауданда мәдениет саласында да ауқымды құрылыс жүргізілуде. Ұрпақ санасында бабалардың өмір салты мен өлкенің тыныс-тіршілігін бедерлейтін тарихи-өлкетану мұражайы да бой көтеруде. Аудан орталығы Үштөбе қаласында іргесі қаланып жатқан нысанның жобалық құны 956,9 миллион теңгеге жасақталған еді. Нәтижесінде «Sheberbuild» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны 898,4 миллион теңгеге ұтып алған еді. Келісім шартқа сай құрылыс жұмыстары 2022 жылдың 21 желтоқсан айында басталды. Нысан аудан тұрғындарының игілігіне пайдалануға үстіміздегі жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, мәдениет саласындағы тағы бір құрылыс Қалпе ауылында қарқынды жүргізілуде. Қалпеліктер келер жылы су жаңа Мәдениет үйінде көпшілік рухани шараларды тамашалайды. Әу баста жоба құны 595 миллион теңгеге бағаланған еді. Аудан орталығы Үштөбе қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайын салып жатқан «Sheberbuild» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жобаны 569,1 миллион теңгеге жеңіп алған. 200 орындық Мәдениет үйі келер жылы толық аяқталады деп күтілуде.

Таза ауыз судан таршылық жоқ

Жалпы, ел тұрғындарының салауатты өмір салтын сақтауын қамтамасыз етуде таза ауыз сумен қамтудың маңызы жоғары. Осы ретте мемлекеттік деңгейде түрлі бағдарламалар жүзеге асып, олар оң нәтиже көрсетті. Дегенмен, барлық бағдарлама мәселені толық шешті деп те айта алмаймыз. Оның өз жөні бар. Геологиялық жағдай, табиғи орта да өз әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, Қаратал ауданының әкімдігі аудан жұртшылығын таза ауыз сумен қамту үшін қарымды тірліктерді жүзеге асырып келеді. Жалпы, Қаратал өзенін жағалай қоныстанған ауданның аумағында 35 елдімекен болса, бүгінде осынша ауылдың 85,7 пайызы яғни, 30 ауыл толықтай қамтылған. Аудан көлеміндегі ауыз су желілерінің жалпы ұзындығы 294,5 шақырымды құрайды. Ауыз сумен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуы нәтижесінде аудан халқының дені таза ауыз сумен қамтылған. Ал қалған бес елдімекен, нақты айтқанда Тастөбе, Бірлік, Бесағаш, Ұмтыл және 47 разъезд тұрғындары алдағы уақытта таза судың игілігін көрмек. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы Тастөбе, Бесағаш және Бірлік елдімекенінде өтпелі жоба негізінде ауыз сумен жабдықтау жұмыстары басталған. Жалпы жоба құны 497,9 миллион теңге. Жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Тастөбе ауылында 828 тұрғын мекен ететін 11 көшеге, Бесағаш ауылында 110 тұрғын орналасқан 2 көшеге және Бірлік ауылында 128 тұрғын тұратын 2 көшеге ауыз су желісін тарту жұмыстары аяқталуға таяу. Жақында үш елдімекен тұрғындары да таза ауыз судың игілігін сезінбек.

Ендігі кезекте Қаратал ауданына қарасты Ұмтыл ауылының тұрғындарына ауыз су жеткізу шаруасы тұр. Аудан әкімдігі берген мәліметке сай, ұмтылдықтар да жақында таза ауыз суға қол жеткізеді. Ауылдықтарды ауыз сумен жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталу сатысында екен. Келесі кезекте жобаға сараптама қорытындысын алу үшін ашық конкурсқа хабарландыру беру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы Ұмтыл ауылында 183 тұрады. Мұндағы үш көшенің бойына желі тарту, 34 аулаға су кіргізу шамамен аудандық бюджетке 256,7 миллион теңгеге айналады.

Қаратал ауданында ауыз су төңірегінде тағы бір өзекті мәселе бар. Ауданға қарасты Қызылбалық ауылдық округі Көпбірлік ауылы орталықтандырылған ауыз суының сапасы санитарлық нормаларға сай емес. Нақты айтқанда, мамандардың айтуынша, мұндағы суда фтор мен тұз 2 еседен асады. Тұрғындар үшін бұл қауіпті. Осы мәселені шешуде аудан әкімдігі білек сыбана кіріскелі отыр. Әуелі жер асты суының қорларын анықтау, барлау жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде әкімдіктегілер айтулы шаруаны шешу жобасы 181,3 миллион теңге болады деп мөлшерлеуде.

Тағы бір жайт, ауыз сумен жабдықтау бойынша тағы бір мәселе Сарыбұлақ ауылында мойнын қылтитып отыр. Ол 2021 жылдан бері өтпелі болып келе жатқан «Сарыбұлақ ауылының сумен жабдықтау жүйесін қайта құру» жобасы әлі аяқталмаған. Мердігер «Көлсайстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жобаны 233,5 теңгеге жүргізіп келеді. Негізі жоспарға сай ауыз сумен жабдықтау өткен жылы маусым айында аяқтайды деп күтілген. Алайда, жұмыстар әлі сиырқұйымшақтанып, бітпей тұр. Дегенмен аудан әкімдігі серіктестікті уақытылы жұмыстарды аяқтамағаны үшін сотқа талап арыз берген. Сот отырысы да өтті. Қазір серіктестік ауыз су желілерін тарту жұмыстарын жетпіс пайызға жеткізген. Медиациялық келісімге сай «Көлсайстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауызсумен жабдықтау жұмыстарын үстіміздегі жылдың қыркүйегіне дейін аяқтайды.

Мағмар МАҚСЫМ

Басқа жаңалықтар

Back to top button