Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

ЖАҢА ІЛЕ – ЖЕТІСУ ЖАҚҰТЫНА АЙНАЛМАҚ

Қонаев қаласының іргетасы 1970 жылдары қаланған. Аумағы 3 мың шаршы км құрайды. Қонаев қаласында қазіргі таңда 2 округ және 11 елдімекен бар. Қапшағай бөгетінің солтүстік батысында 20 шақырым жерде Іле өзенінің оң жағасында Тамғалы Тас орналасқан. Қапшағай өңірінде 61,6 мыңнан астам адам тұрады. Қала Қапшағай бөгені жағасында бой көтерген. Қонаев халықтың ең көп демалатын жерлерінің бірі болып саналады.

Қаланың дамуы мен пайда болу тарихы Қазақ КСР аумағының экономикалық дамуы үшін Қапшағай су электр стансасы құрылысының басталуымен байланысты. Іле елдімекені алғашында су қоймасы салынып жатқан жерде орналасып, 5 мыңнан астам адам жаңа Новоилийск елдімекеніне, Жетіген елдімекеніне және жаңадан құрылған балықшы колхозына, қазіргі Арна ауылына көшірілді. 1969 жылы 29 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша сағат 04:15-те Іле өзені бөгелді. Сол жылдың 26 ​​желтоқсанында су қоймасын толтырудың бірінші кезеңі басталды. 1970 жылдың көктемінде Іле ауылы су қоймасының түбіне кетті. 1970 жылы 9 шілдеде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Алматы облысы Іле ауданы Новоилийск ауылы облыстық бағыныстағы қала қатарына жатқызылып, оған Қапшағай атауы берілді. Ал, 2022 жылы Қапшағай қаласына еліміздің қайраткер ұлы Д. А. Қонаевтің аты беріліп, Алматы облысының орталығына айналды. Қазіргі таңда Қонаев қаласын дамытып, өркендету қолға алынды. Қонаев қаласының құрылысы 2 кезең бойынша жүзеге асырылады. Үкімет Қонаев қаласының 2050 жылға дейінгі Бас жоспарын бекітті. Осыған орай, Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Болат Мұсылманбеков тілшілерге сұхбат берді.

«Ең алдымен құрылыс ескі шаһар аумағында басталады. Құрылыстың ескі қала аумағында басталу себебі – Бас жоспарға  сәйкес, мұнда 100 мың адам тұрғылықты мекен етеді деп жоспарланған. Яғни, әлі де қала келбетін ретке келтіріп, тұрғындар өмір сүруге ыңғайлы ортаны қалыптастыру қажет. «Жаңа Іле» аумағындағы қаланың бөлігі де 100 мың тұрғынға есептелген», – деді Болат Мұсылманбеков.

Ал екінші кезең – «Жаңа Іле» төңірегіне инженерлік желілерді тартудан басталады. Жалпы, құрылысты бастау үшін экономикалық кешенді жоспар әзірленіп, Үкімет қарауына ұсынылады. Содан кейін қаржы бөлініп, барлық іс-шара қарқын алмақ. Қазірдің өзінде шаһар тұрғызуға ниетті инвесторлар көп. Алайда, оларды түбегейлі құрылысқа тарту үшін алдымен инфрақұрылым мәселесін шешу қажет – дейді бас сәулетші.

Бас сәулетшінің сөзіне сенсек, Қонаев қаласының өсіп-өркендеп, дамитын күнінің де ауылы алыс емес.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button