#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратЗаң және бізҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғамМәдениет

АТА ЗАҢ – АЛТЫ АЛАШТЫҢ АЙБЫНЫ

Құрметті Іле ауданының тұрғындары!

Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Азаттықтың алтын арқауына айналған Ата Заң – тәуелсіздікпен біте қайнасқан егіз ұғым. Бұл – халықтың қалауымен, тағдырдың тартуымен келген барлық істің алтын таразысы болатын негізгі Заң. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ата Заңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді» — деп, Конституцияның ең басты ерекшеліктері мен құндылығы туралы өз ойын ашық жеткізген еді. Расында, біздің Ата Заңымыз елдің бірлігін, қоғамның қауіпсіздігін, ұлттар мен ұлыстардың татулығын, ең бастысы – жеке адамның бостандығы мен құқықтарын қорғап, біздің барлық жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі! Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық.

Ауданымыз ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқанын ерекше мақтанышпен айта аламыз. Негізгі Заңның қағидаттарына сүйене отырып, Қазақстанның тұрақты дамуына, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруын қамтамасыз етуге, бүгінгі қоғамдық санада еңбек адамдарын қадірлеу, қастерлеу арқылы жастардың санасына, таным-түсінігіне ел дамуы тек еселі еңбекпен ғана шындыққа айналатындығын ұғындыруға ұмтылыс жалғаса береді.

Біз Конституцияда белгіленген Заң аясында қызмет етіп, мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтап, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек.  Отбасыларыңызға  бақ-береке, амандық және мол табыс тілеймін!

Ата Заңымыз ғұмырлы, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Б. ҚАРАСАЕВ,

Іле ауданының әкімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button