Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМәдениетТұлға

АСЫЛЫ ӘЛИҚЫЗЫМЕН КЕЗДЕСУ КЕШІ

Жақында Жетіген ауылы №3 орта мектебінде тіл мерекесі аясында қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігі  «Барым да,базарым да – қазақ тілі»  деп жүрегі алып ұшқан, мемлекет және қоғам қайраткері, «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан халықтар ассамблеясының мүшесі, «Мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы, Алматы облыстық әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрайымы, қазақ халқына бүйрегі бұрып тұратын қазақтың Асылы — Осман Асылы Әлиқызымен кездесу өтті. Кездесуіміздің басында мектеп директоры  Кушекбаева Дина Адильбековнаға сөз берілді. Оқушылар Асылы Осман ханымның өмір жолы мен еңбектер жинағын бейнеленген видеоролик және презентациямен бөлісті.

Келесі кезекте, мектебіміздің оқыту тілі орысша 7 сынып оқушыларының қатысуымен қойылатын халқымыздың салт-дәстүрінің бірі — «Бесікке салу» көрінісі ұсынылды. Одан соң, мектебіміздің 3-сынып оқушылары Островская Юлия мен Мамедова Диана Бота Бейсенованың «Туған жер» әнін орындады. 

Музыка пәнінің мұғалімі Қырғызалиев Ербол Асанәліұлы күймен жыр-шашу шашты. Кездесу барысында Асылы Әлиқызына қызықты сұрақтар қойылды.

Сұхбат барысында «Мен біздің ұлттан алғашқы болып оқығандардың бірімін», – деп еске алды Асылы Әлиқызы. Көрші ауылға қазаға баруға болмайтын қиын-қыстау жылдарда балаларының оқуға деген құлшынысын құп көріп, қолдау көрсеткен марқұм әкесіне айтар алғысы шексіз. «Жер ауып келген алғашқы жылдардағы қиындықты бүгінде ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Сол бір күндерден осы күнге аман-есен жеткенім – қайырымды қазағымның арқасы. Анам қайт­қан­да мен үш жас шамасындамын. Ол жылдарда айрандай ұйып отырған елдің бір түнде мал таситын вагондармен жер ауып кететіні ешкімнің өңі түгілі түсіне де кірмеген. Вагонда малдан да төмен жағдайда бірнеше ай бойы ас-сусыз қалудың қандай ауыр болғанын елестетудің өзі қиын. Сол ауыртпалықтан жол бойы өліп, көмусіз қалғандар көп болды деседі ересектер жағы. Соғыстан кейінгі Қазақстанда да жағдай мүшкіл еді. Бірақ өзінің халіне қарамастан, сырттан жер ауып келген өзге ұлт өкілдеріне үйінің бір бұрышын беріп, нанын бөліп жеген қазақтың дархандығында шек жоқ. Маған және өзімнен кейінгі бауырларыма көршіміз Айтбике жеңешенің қамқорлығы шексіз болды», — деп еске алды Асылы Әлиқызы сол бір ауыр кезеңдерді.

Әрі қарайғы әңгімесін «Қазақ деген мейірімді халық жігеріме жігер қосты, жоғары білім алып, ғылым жолына түстім», – деп жалғады Асылы Әлиқызы. Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданындағы Жаңаталап жетіжылдық мектебін тәмамдағаннан кейін Түрікстан педучилищесінде білім алып, мұғалім болып еңбек еткен жас маман Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Одан кейінгі еңбек жолын Ұлттық ғылым академиясының Тіл білімі институтында аспирант ретінде жалғастыруы ұлы ғылым жолындағы алғашқы қадамы болатын.

Осындай сауалдар төңірегінде ұтымды, өткір жауаптарымен Асылы Әлиқызы барша оқушыларға қазақ тілімізге деген құрметін жеткізе алды. Еліміздің болашағы саналатын саналы ұрпақ мектептен тәрбие алып шығады. Асылы Осман сияқты тіл жанашыры, мемлекет қайраткерімен жүздесуі мен ақыл-ойлары санасында сақталып, ешқашан ұмытылмайды деген сенімдемін. 

Кездесуді ұйымдастыруға қолдау көрсеткен мектеп директоры Д. Кушекбаеваға және мектеп әкімшілігіне,мектептің педагог организаторы Н. Сембаевқа әне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдістеме бірлестік жетекшісі С. Қасымжановаға кездесудің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестік мұғалімдеріне, музыка пәнінің мұғалімі Е. Қырғызалиевға мектеп кітапханашысы Н. Каршаловаға алғысымыз шексіз. 

Асель Мурзакановна,

 қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Басқа жаңалықтар

Back to top button