Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғам

ҚАРЫЗЫҢЫЗ БОЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ, ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫ БОЛЫҢЫЗ

Өткен аптада Іле ауданы, Чапаев ауылындағы Мәдениет үйінде  «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың кездесуі өтті. Кездесуге жоба ұйымдастырушылары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен белсенді азаматтар қатысты. Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, банктер тарапынан несиелендіру еліміздің кейбір осал топтағы азаматтарына  орасан зор мәселе туғызып отыр.  Қазіргі уақытта оңды-солды берілетін түрлі шағын несиелер қарапайым халықты тығырыққа тіреп жатқаны жасырын емес. Айналып келгенде, барлығы қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Сондықтан, «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын Halyk Bank-пен бірге қолға алды. Аталған жоба аясында Алматы облысында 6 мыңнан аса адам қаржылық сауатын арттырды. Қатысушылар арасында жеке кәсібін ашқысы келетін адамдар көп. Олар бизнес жоспар құруды, мемлекеттік гранттар мен банктің тиімді құралдарын дұрыс пайдалануды үйренуде.

Кредиттік бюроның ресми сайтының деректері бойынша қазіргі уақытта 7,5 миллионнан астам адам қарызға белшесінен батқан. Бұл Республиканың экономикалық белсенді халқының 77 пайызын құрайды. Бұл ретте 1,5 млн. адам ағымдағы қарыздар бойынша төлемдерді 90 және одан да көп күнге кешіктіргені тағы бар. Мәселені түбегейлі шешудегі алғашқы қадамдардың бірі мамыр айынан бастап еліміздің 8 өңірінде басталған «Қарызсыз қоғам»  жобасы болды. Оның арқасында 50 000 адам қаржылық сауаттылыққа оқытылды. Жобаны «Amanat» партиясы мен Halyk Bank бірлесе ұйымдастырды. Жоба сарапшылары қаржылық сауаттылықтың негіздері туралы айтып қана қоймай, отбасылық бюджетті жоспарлауға үйретеді. Сонымен қатар, консультациялық қызметтер көрсетеді, қолда бар қарыздарды қайта құрылымдауға көмектеседі, ал кейбір жағдайларда банкроттық рәсімін заңды түрде сүйемелдейді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар барлық өңірлер бойынша оқытуға қатысушылармен тұрақты кездесулер өткізеді. Осындай кездесулер Алматы облысының  барлық аудандарында өтуде. Чапаев ауылында өткен іс-шараға 200 қатысушы келді. Олардың арасында қаржылық проблемалары бар отбасылар, ірі алаяқтардың құрбандары, банктер мен микроқаржы ұйымдарының борышкерлері өздерінің оқу тәжірибесі туралы айтып берді.

Мысалы, Іле ауданы, М.Түймебаев ауылының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова 2002 жылы апатқа ұшырап, омыртқасына екі ота жасап, мүгедектік алды. Осыған қарамастан, ол қол қусырып отырмады, өзі есік алдынан тігін цехын ашты.  Онда қазақтың ұлттық киімдерін, көрпелерін, киіз бұйымдарын жасайды. Отбасында ата-анасымен, інісімен және келінімен бірге тұрады. Жобаны естіген сәтте қаржылық сауаттылығын нығайтуға бел буған. Өйткені, қатысушылардың арасында өзінің келіні де бар екенін айтты. Келінінің қарызын қалай жабуға болатындығы жайлы кеңес алды. Жеңісгүлдің айтуынша, жобаның арқасында ол басқарушылық, қаржылық және салықтық есептерді қалай жүргізу керектігін толық түсінген. Шағын және орта бизнестің мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алды. Болашақта ол тігін цехын ұлғайту мақсатында жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отыр.

Тағы бір мысал келтірсек, көптеген адамдар семинарға қатысып, туыстары мен достарын өздерімен бірге алып келеді. Ынтымақ ауылының тұрғыны  Бақытгүл Әзімбаева жобаға мойынына жүк болып арқалаған 2 несиені қалай мерзімінен бұрын өтеуге болатынын түсіну мақсатында келді. Тренингтің екінші күні ол дәл өзіндей проблемалық қарыздары бар бес ауылдасын оқытуға ала келген. Оның арқасында ауылдың екі тұрғыны жоба заңгерлерінің көмегімен шоттардың құлпын ашып, несиелерді толығымен жаба алды. «Қарызсыз қоғам» жобасының кураторы «Аmanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, Қазақстанда финанстық технология  өте жақсы дамыған. Бірақ жаппай қаржылық сауатсыздықпен бірге бұл өте үлкен әлеуметтік проблемаға айналған. Ол өз сөзінде «Келесі жылдан бастап еліміздің барлық аудандарында 24/7 уақыт бойы  сарапшыларымыз қаржылық сауаттылықты оқытатын болады.  Осы мәселе бойынша  тұрғындарға кеңес береді деп жоспарлап отырмыз. Бұл бастамада 200 мың тұрғын қаржылық сауаттандырылып үлгереді», — деді Эльдар Жұмағазиев.

Бүгінгі таңда Алматы облысында 7 мыңға жуық адам «Қарызсыз қоғам» курстарынан өтті. Halyk Bank PR-басқармасының бастығы Әсел Оразбаева: «Біз нақты қаржылық сауаттылыққа зәру адамдарды көрдік, олардың тарихы мен жоба туралы пікірлерін естідік. Бұл есептердегі қағаздағы сандар емес, олар өздерінің бастарындағы мәселелерімен немесе сәтті істерімен бөлісетін адамдар. Тренингке қатысушылар гүлденген Жаңа Қазақстанның болашағына үміт артады. Олар жалғыз емес екенін, әрқашанда қиындықтан шығудың жолы бар екенін түсінеді. Бұл біздің жобамыздың әлеуметтік пайдалылығының ең маңызды көрсеткіші» – деді.

Жалпы, халықты қаржылық сауаттандыруы туралы 2020 жылғы 3 ақпандағы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығында банктік және өзге де операцияларды және қызметті жүргізуге №1.2.47/230/38/1 лицензиясы берілгенін еске саламыз.

Бағдат ШОЙБАС

Басқа жаңалықтар

Back to top button