ӨҢІРДІҢ ДАМУЫНА ОҢ БАҒА
Мемлекет басшысына Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбек жолы, әскери қызметі, тарихиэтнографиялық, географиялық зерттеулері және ғұмырының соңғы кезеңі туралы тарихи деректер мен жәдігерлер таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шоқан Уәлиханов жайлы жазылған еңбектердің бәрін оқып шыққанын еске салып, оның зерттеу жұмыстарымен таныс екенін айтты. Сонымен қатар Президент музейдегі жәдігерлерді әлі де толықтыра түсу керек екеніне назар аударды.
Президент Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, музей қызметкерлерімен әңгімелесті.
Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша музейге және осы мәдени-туристік нысанға баратын жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Мемлекет басшысына Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтын-емел» мемориалдық музейінде Жетісу облысының туризм саласын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берілді.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің айтуынша, туризм саласының дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерде өсім байқалады. Соңғы 3 жылда өңірге келген туристер саны екі есе артқан. Ал осы саладағы көрсетілетін қызметтер көлемі 16 миллиард теңгеге дейін өсті.
Аталған бағыттың дамуына тың серпін беру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, қазір Алакөлге көліктің бірнеше түрімен жетуге болады. Былтыр Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағына реконструкция жасалып, тұрақты әуе қатынасы жолға қойылды. Биыл Астана – Достық бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылды және Үшарал – Достық автожолының реконструкциясы аяқталды. Қазіргі кезде– Қалбатау – Өскемен автожолын қайта жөндеу, Алакөл курорттық аймағында жоғары вольтты электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған қоса «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары» әзірленді. Оның аясында ұзындығы 16 шақырым болатын жағалауға бюджет есебінен инженерлік-коммуникациялық желі тартылып, жалпы аумағы 860 гектар жерге 7 бағыттағы демалыс аймақтары орналастырылады. Жоспар шеңберінде 30 миллиард теңгеге дейін жеке инвестиция тарту көзделген. Со¬нымен қатар келесі жылы көлге апаратын Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай жолының реконструкциясын аяқтау жоспарланып отыр.
«Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктерінде экологиялық туризмге басымдық беріледі. Биыл «Altynemel» визит-орталығы ашылды. Ал «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің аумағында жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар Текелі маңайында шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Мемлекет басшысы туристік-демалыс аймақтарына инженерлік-коммуникациялық желі жүргізумен және абаттандырумен белсенді түрде айналысып, облыстың туристік әлеуетін арттыру қажет екенін айтты.
– Жалпы, облыста туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм саласындағы әлеуеті өте зор, – деді Президент.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріндегі ірі өндіріс ошақтарының бірі саналатын «ALACEM» цемент зауытын аралап көрді.
2020 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған Қазақстан – Сингапур бірлескен кәсіпорнында құрғақ әдіспен жылына 1,5 миллион тонна цемент өндіріледі. Жоба құны – 47 миллиард теңге. Зауытта, негізінен, азаматтық және өндірістік нысандар құрылысында кеңінен пайда¬ланылатын «M400», «M450», «М500» маркалы цемент түрлері шығарылады. Мысалы, Үлкен Алматы өзеніне салынған «Аюсай» бөгетінің құрылысына осы зауыттың өнімі қолданылған.
Кәсіпорынның басқарушы директоры Станислав Щербаковтың айтуынша, зауыт Алматы қаласының, Жетісу және Алматы облыстарының цемент өніміне деген сұранысын 65 пайызға дейін қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру барысында экологиялық таза, қалдықсыз өндіріс стандарт¬тарына сай келетін озық технологиялар қолданылған. Сондай-ақ өнім процесін басқару үшін DCS интеллектуалды жүйесі енгізілген.
Кәсіпорынның өндіріс және көлік-логистикалық учаскелерінде 600 адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар өнімді өткізу, дилерлік желілер арқылы қосымша 200-ге жуық жұмыс орны ашылды.
Компания зауытты іске қосқалы бері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Кербұлақ ауданының дамуына 2,7 миллиард теңге қаржылай қолдау көрсеткен. Бұл қаражат Сарыөзек – Көктал жолын жөндеуге және аудандағы әлеуметтік жобаларға жұмсалды.
Бұған қоса компания құрылтайшылары елімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымын кеңейтіп жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылы Абай облысының Жарма ауданындағы «Қазақцемент» кәсіпорнын сатып алып, модернизация жасау арқылы 450 жұмыс орнын ашқан. Сонымен қатар таяу жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданында тағы бір цемент өндіру зауыты іске қосылмақ. Зауыт өнімі көршілес Қыр-ғызстан мен Өзбекстан мемлекеттеріне экспортталады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары өңір орталығы Талдықорған қаласында жалғасты.
Президент облыс орталығындағы драма театрына есімі берілген Қазақ ССР Халық әртісі Бикен Римованың бюстіне гүл шоғын қойды. Бұдан ке¬йін Мемлекет басшысы театр ғимаратын аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған драма театрында Жетісу облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, пікір алмасты.
– Бүгін, міне, халқымызға танымал аса көрнекті актриса Бикен Римова театрында кездесіп отырмыз. Өте қуаныштымын. Шын мәнінде, біз өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Бұл еліміздің болашағы үшін, жас ұрпаққа дұрыс жол көрсету үшін қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы облыс зиялыларына жастар тәрбиесі мен аймақтың келешегі туралы ойын айтты.
– Біз еліміздің болашағы қандай бағытта дамитынын ойласақ, ең алдымен, жастарымызға көңіл бөлуіміз керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Қай жерге барсам да үнемі айтып жүрмін. Жастарымызды көзі ашық, көкірегі ояу, адал азамат етіп тәрбиелеуіміз қажет. Бұл – ел дамуының маңызды бір бағыты. Ал енді облыстың дамуына келер болсақ, өңірдің әлеуеті зор. Даму қарқыны жақсы, әлі де түйткілді мәселелер бар. Мен облыстың жағдайын жақсы білемін. Алдағы уақытта да назар аударамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесуге қатысушылар еліміздің мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттің қолдауын сезініп отырғанын жеткізіп, Президентке ал-ғыс айтты. Сонымен қатар облыс ақсақалдары кеше Республика күнінде өзіңіз көтерген Көк байрағымыз жығылмасын деген тілегін білдірді.
Мемлекет басшысы бұл, ең алдымен, тұрақтылықтың, тыныштықтың арқасы екеніне назар аударды.
– Өздеріңіз білесіздер, әлемдегі ахуал күрделі. Ең құбылмалы кезде тұрмыз. Күрделі кез. Сол себепті бейбітшілік біздің басты байлығымыз екенін жақсы түсінуіміз керек. Бірлігіміз мығым боп, бір ел болып еңбек етуіміз қажет. Елде заң үстемдігі мен тәртіп болса ғана, тыныштық пен даму болады. Президенттен бастап бәріміз Конституцияны құрметтеп, заңға бағынуымыз керек. Заң алдында бәріміз теңбіз, – деді Қасым- Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент еліміздегі бастамалардың тиімді жүзеге асырылуына елеулі үлес қосып жүрген облыс белсенділеріне ризашылығын білдірді.
Одан соң облыс орталығында салынып жатқан жаңа шағынауданға барып, құрылыс барысымен танысқан Қ.Тоқаевқа жаңа шағынауданда 41 тұрғын үй салынып жатқаны жөнінде баяндалды. 1510 пәтердің жалпы ауданы – 122,6 мың шаршы метр. Құрылысқа 28,3 миллиард теңге бөлінген.
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, осы шағынауданда былтыр аумағы 44,1 мың шаршы метр болатын 509 пәтерлі 14 үйдің құрылысы аяқталған. Ал биыл жыл соңына дейін 783 пәтерлі тағы 21 үйді аяқтау жоспарланып отыр. Қала басшылығы қалған 218 пәтерлі 6 үйдің құрылысын келесі жылы аяқтайтынын жеткізді. Жыл соңына дейін Талдықорған қаласы бойынша жалпы көлемі 155,2 мың шаршы метрді құрайтын 2 065 пәтер пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 2024 жылы 2 375 пәтер салу жоспарланған. Бұдан бөлек, Қаратал өзенінің оң жағалауын дамыту қарастырылған.
Қала әкімінің мәліметінше, жаңа шағынаудандарда алдағы уақытта 28 мыңнан астам адам тұрады деп болжам жасалып отыр. Бұл – қала халқының 14 пайызы. Осы мәселелерді ескере келе, азаматтардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ету үшін қуаты сағатына 50 Гкал болатын газ қазандығын, сондай-ақ, осы шағынауданға 1200 орынды мектеп салу қажеттігі туралы айтылды.
Кездесу соңында Президент Үкіметке аталған мәселелерді зерделеп, тиімді шешім қабылдауды тапсырды.
Президентке өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуы туралы мәлімет берген Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев аймақ экономикасының барлық негізгі саласының да¬муында оң үрдіс сақталып отырғанын айтты. Облыстағы өндіріс көлемі 5,8 пайызға, ауылшаруашылығы 1,7 пайызға ұлғайған. Ал сауда мен құрылыс салаларының даму көрсеткіштері 1,6 есе өсті. 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,2 пайызға көп. Облыс экономика¬сына 213,9 миллиард теңге инвестиция тартылған, соның ішінде жеке инвестициялар 15,7 пайызға көбейді.
Бейбіт Исабаев облыстың өнеркәсіп өндірісінде 533 кәсіпорын жұмыс істейтінін, онда 26,6 мың адам еңбек етіп жатқанын жеткізді. Оның айтуын-ша, өндіріс көлемі 230,1 миллиард теңгені құрады. Биыл жалпы құны 46,9 миллиард теңге болатын 14 нысанды іске қосу жоспарланған.
Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 1,7 пайызға өскен. Оның ішінде егін алқабы 1,9 мың гектарға ұлғайған, ал қант қызылшасын өсіретін жер көлемі 2 есе артып, 8,7 мың гектарға жеткен.
Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақсу қант зауытына толық жөндеу жүргізіліп, іске қосылғаны туралы айтты. Көксу қант зауыты 70 мың тонна қант өндірген. Бүгінде екі қант зауыты 280 шаруашылықтан 205 мың тоннадан астам шикізат қабылдаған. Оның 56 мың тоннасы өңделіп, 7 мың тонна қант алынған.
Облыста су жүйесін қайта жаңарту және салу үшін 22 жобаның іске асы¬рылып жатқаны туралы баяндалды. Ал 22 елді мекен, соның ішінде Талдықорған қаласына газ құбыры тартылып, 288 мың адам көгілдір отынмен қамтылған. Биыл 20 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыс әкімі әлеуметтік нысандар салу мәселесіне арнайы тоқталды. 2023-2025 жылдары 8,8 мың орынды 16 жаңа мектеп салу жоспарланған, соның ішінде 6600 орынды 7 оқу ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады және 1800 орынды 2 мектептің құрылысы биыл бастал-ған. Денсаулық сақтау саласы бойынша 8 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жергілікті бюджет есебінен 21 блокты-модульді кешен салынған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін тағы 59 нысан салу жоспарланған. Ал мәдениет саласында 5 нысанның құрылысы жүргізіліп, тағы 8 нысан күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр.
Мемлекет басшысына биыл облыста 14 спорт нысаны салынып жатқаны жөнінде айтылды. Сонымен бірге жергілікті бюджет есебінен 3 блокты- модульді кешен пайдалануға беріледі. Ал демеушілер есебінен Талдықорған қаласында жыл бойы жұмыс істейтін «Jetysu Аrena» жабық спорт кешені іске қосылған. Бұл кешенге 867 миллион теңге инвестиция салынған.
Жетісу облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 988 шақырым. Биыл облыстық маңызы бар 221 шақырым жол мен 73 елді мекендегі 249 шақырым ауылішілік жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың даму қарқынын оң бағалап, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жетісу облысына жұмыс сапары Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы аудан орталығы – Үштөбе қаласындағы Қаратал тарихи-өлкетану музейіне барды.
Биыл пайдалануға берілген музей жалпы ауданы 2520 шаршы метр бола¬тын қос қабатты ғимаратта орналасқан. Онда өлке тарихына қатысты 350-ге жуық экспонат қойылған.
Мемлекет басшысына музейдегі археологиялық артефактілер, этногра¬фиялық жәдігерлер көрсетіліп, Қаратал ауданының тарихы және жазушы Кемел Тоқаев, Қазақ ССР халық әртісі Бикен Римова, осы өңірден шыққан ақын-жыраулар, би-шешендер мен елге еңбегі сіңген басқа да тұлғалар туралы тың деректер таныстырылды.
Президент музейде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүздесу барысында мұражайды аралап шыққанын және ондағы жәдігерлерді көбейту керектігін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажет екеніне назар аударды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Мемлекет басшысы Үштөбе қаласында биыл ашылған 30 орынды жатақханасы бар Гуманитарлық колледжге барды.
Мұнда болашақ педагогтерге «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім беріледі.
Оқу орнында 17 заманауи аудитория, мәжіліс және спорт залдары, медициналық кабинет, асхана мен буфет бар. Колледж инклюзивті орта талаптарына сай жабдықталған, яғни ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін пандус пен арнайы лифт қойылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үштөбедегі орта мектепті аралап көрді.
Білім ошағы 1963 жылы салынған. 1996 жылы мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілген.
Президентке қаламгер Кемел Тоқаевтың шағын кабинет-мұражайы таныстырылды. Мұнда жазушының шығармалары, тұтынған жеке заттары қойылған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы биыл салынып, халық игілігіне берілген дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Аталған медициналық мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, процедуралық, екпе салу, гинекология және басқа да ме¬дициналық кабинеттер жұмыс істейді.
Жетісу облысы, Қаратал ауданының Кәлпе ауылына барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа 200 орынды Мәдениет үйі таныстырылды. Бұл нысанның жалпы ауданы 739 шаршы метр. Мәдениет үйінде бірнеше шығармашылық үйірме жұмыс істейді.
Сонымен қатар Президент осы ауылда бой көтерген спорт кешенінде болды. Нысанның жалпы ауданы 887,7 шаршы метр. Модульді ғимаратта спорт залы, балалар ойын алаңы және воркаут қарастырылған.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Jetysu Аrena жабық мұз айдынын аралап, спортшылармен әң-гімелесті.
Спорт нысаны толықтай жеке кәсіпкердің қаражатына салынып, Республика күні ашылған. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 900 миллион теңге. Кәсіпкер Мұхаметжан Серікұлының айтуынша, бұл нысанда тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады. Сонымен қатар, мұнда паралимпиадалық, яғни шаналы хоккеймен шұғылдануға болады. Елімізде хоккейдің бұл түрімен айналысуға арналған екі мұз аренасы бар. Оның бірі Астанада, екіншісі осы Талдықорған қаласында ашылып отыр.
Нысанның жалпы аумағы 2235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби техно-логиялық құралдармен, оның ішінде тоңазытқыш, мұз құю және спорт жабдықтарымен қамтылған. Соның нәтижесінде мұнда жыл бойы үздіксіз жаттығуға мүмкіндік бар. Аталған жабық мұз айдыны Құрлықаралық хоккей лигасының және Ұлттық хоккей лигасының стандарттарына сай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді.
Президент спортшылармен әңгімелесу кезінде мемлекет аталған саланы одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын айтты.
М. МАКСЫМ