Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Сот билігінің жаңа алған биіктері

Еліміздің сот жүйесі үшін тәуелсіздік алған уақыттың әрбір кезеңі жаңа талапқа сай әділ сотты қалыптастыру жолындағы тынымсыз ізденістер, батыл бетбұрыстарға толы болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жұмысын бастаған сот жүйесі мен бүгінгі соттың жағдайы мүлде салыстыруға келмейді. Заңдық, кәсіби біліктілік тұрғысынан ғана емес, сот саласы материалдық, әлеуметтік жақтан да анағұрлым артты.

Осы уақыт аралығында қолданысқа жаңа институттар енгізілді, жаңа заңдар қабылданып, судьялар корпусының тиімді қызмет етуі үшін тәуелсіз сот жүйесінің қағидатына негізделген база қалыптасты. Судьялар қызметіне қатысты қарапайым қалам-қағаздан бастап, зәулім ғимаратқа, заманауи техникалық құрылғыларға дейінгі материалдық мәселелердің барлығы дерлік шешімін тапты.

Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады, сондай-ақ, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік т.б. заңдар жаңарып, тергеу судьясының өкілеттіктері кеңейтілді.

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында «электронды сот төрелігі» дамыды, республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі түбегейлі қайта қаралды.

Сот жүйесінде заманауи технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел,  қолжетімді бола түсті. Жаңа технологиялар азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты.

«Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасын жүзеге асыру аясында сот-құқықтық жəне заң шығару реформаларының арқасында отандық сот жүйесін модернизациялау бағытында бірқатар маңызды қадам жасалды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған жаңа заңдар қабылданды. Сондай-ақ, сот өміріне қажетті деген жаңашыл бастамалар қолға алынды. Бүгінде осы жаңашылдық игіліктерін бұқара халық көріп отыр.

Қазіргі кезде осы жобалардың ішіндегі сот отырыстарына сырттай атсалысуға мүмкіндік берген «Е-СОТ» жобасын сот жүйесін жаңа бір сапалық деңгейге көтерген көші жоғары дүние деп ауыз толтырып мақтанышпен айта аламыз.

Олай дейтініміз, осы жобаның арқасында, қауіпті дерттің кең тараған кезінде сот жұмысы азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіпті барынша азайту мақсатында қашықтықтан жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Көріп отырғанымыздай, Қазақстан Республикасының сот билігі тәуелсіздік алған жылдары ішінде айтарлықтай биіктерді бағындырды. Бүгінде сот жүйесі тұтас алғанда азаматтардың құқықтары мен бостандығының, ұйымдар мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің сотта тиімді қорғалуын қамтамасыз етудің қажеттіліктеріне сай келеді деп сеніммен айта аламыз.

Сот жүйесінің алдағы уақыттада ел игілігі үшін, қоғамдағы әділеттің үстемдік құруы үшін атқаратын міндеттері орасан зор. Ел судьяларының бұл міндеттерді де абыроймен атқаруға білім-білігі жететініне еш күмән жоқ.

Мақтанарлық жәй, ағымдағы жылдың 24 қарашада Қырғызстан Республикасының  облыстық соттың  судьясы Бекмухаммед Мусурманқұлов, аудандық сот судьясы Әділ Жаныбекұлы, Жоғарғы сот қызметкерлері Камчыбек Бапаев пен Бакай Болотбекұлы  құралған қонақ-делегация  Алматы облысының  соттарында болып, «Төрелік» ақпараттық жүйесінің  жұмысымен, істерді  бөлу, статистикалық есептерді қалыптастыру тәрітібімен, сот кеңселерінің жұмысымен танысып, сот жүйесіндегі цифраландыруды  дамыту  мәселелері бойынша  пікір  алмасып,  өз тарапынан  ІТ – шешімдерді енгізу және қолданудағы  қызметін  жоғары  бағалады.

Іле аудандық сотының, бас маман – баспасөз хатшы

Салтанат Жұманәліқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button