Білім және ғылымҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

Ұлағатты ұстаз

Ұстаз, бұл сөздің мағынасы қаншалықты терең! Әр адам оның мәнін өзінше әр түрлі түсіндіреді. Ұстаз – ересек өмірге енуге көмектеседі, сыйластыққа, сүйіспеншілікке, мәңгілік құндылықтарға үйретеді. Өзінің шәкірттерінің жан дүниесіне адамгершілік ұғымдарын ұялататын үлкен жауапкершілік иесі. Ұстаздың таланты – білімді басқаларға бере білуінде. Ол шәкірттерін тәрбиелеуі үшін алдымен өзінен бастап, үлкен құрбандықтарға да барып жататын кездері болады. Ұстаздарымыздың бұндай батырлығын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Осы тұста М. Монтеньнің мына бір сөздері ойға түседі: «Басқаны үйретуге өзіңді үйренуден гөрі көбірек ақыл қажет болады». Яғни, ұстаз ол ең бірінші өмірге қажетті білім беріп, адамзат қоғамында қабылданған моральдық ұғымдар мен құндылықтарды бойыңа сіңіретін, ақ пен қараны ажыратуға үйретіп, жарқын болашағыңа жол салатын ең алғашқы үлгі тұтар тұлға десек болады. Ол тәрбиелеп, дүниетанымыңды, өмірге және адамдарға деген көзқарасыңды қалыптастырады және оларды тек қазіргі уақытта ғана емес, болашақта да ұтымды қолдана білуге үйретеді. Жалпы, ұстаз қай заманда болса да жол сілтейтін маңызды тұлға рөлінде де болды.
Алдашев Сарсенғали Мырзалыұлы, 1963 жылы 05 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы «Сарбұлақ» совхозында дүниеге келген. 1980 жылы Айшуақ орта мектебін бітірген,1981-1983 жылдары аралығында «Қызғалдақ» комсомол-жастар бригадасында жұмыс істеді.1983 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-нің заң факультетіне оқуға түскен, 1990 жылы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-нің заң факультетін бітірген. Білімі жоғары – заң ғылымдарының кандидаты.1984-1986 жылдар аралағында КСРО ҚК қатарында әскери борышын өтеді. С. М Алдашев, С. М. Киров атындағы ҚазМУ «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген соң, Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің заң факультетінде оқытушылық қызметте 1992 жылдың қыркүйек айына дейін жұмыс істеді. 1992 жылдың қазан айынан бастап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де еңбек құқығы және азаматтық істер жүргізу кафедрасында ассистент қызметін атқарды. 1993 жылы қараша айында – еңбек құқығы; әлеуметтік қамсыздандыру құқығы мамандығы бойынша аспирантураның күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1996 жылы маусым айында кандидаттық диссертациясын қорғады. 1996 жылы қыркүйек айынан бастап заң факультетінің еңбек құқығы және азаматтық істер жүргізу кафедрасының аға оқытушысы, доценті қызметін атқарды. 1998-2000 жылдар аралығында еңбек құқығы және азаматтық істер жүргізу кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 2001-2003 жылдар аралығында заң факультетінің деканының магистратура жөнінде орынбасары қызметін атқарды. 2005-2008 жылдар аралығында еңбек құқығы және азаматтық істер жүргізу кафедрасының меңгеруші қызметін атқарды. 2008-2010 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-інде мемлекеттік басқару және экологиялық құқық кафедрасында қызмет атқарды. 2010 жылдан бастап заң факультетінде доцент қызметін атқарады. С. М. Алдашевтың еңбек құқығы, азаматтық құқық және әлеуметтік қамсыздандыру құқығының мәселелері бойынша 60-ға жуық ғылыми мақалалары бар. Жалпы еңбек стажы 39 жыл, оның ішінде оқытушы-педагогтық стажы 29 жыл. Мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. (ҚХР) Чернобыль АЭС құтқарушылар қатысушысы.
Ұлағатты ұстазымыз Сарсенғали Мырзалыұлы білім-ғылым жолына бар өмірін арнап қана қоймай, үлкен отбасында алған өнегелі тәрбиесімен 2 перзентін қатарының алды қылып, немере сүйіп өсіріп отырған құрметті әке, асыл жар.

Ж. Карашева,
Заң факультетінің оқытушысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button