Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамСақ болыңыз!Энергетический ауылдық округі

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ҚЫЗМЕТІ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ШАРАЛАРЫН ӨТКІЗДІ

Алматы облысы, Іле ауданы төтенше жағдай мамандары «Гейт-сити» шағын ауданында  жер сілікінісі кезіндегі тұрғындарды қауіпсіз аймаққа тасымалдау  мен өртке қарсы  оқу-жаттығу шараларын өткізіп, тосын жағдай туа қалған сәтке қаншалықты дайын екендіктерін тағы бір мәрте пысықтады.

«Гейт-сити» шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен адамдар қалды деген дабыл түсе салысымен құтқарушылар аяғынан тік тұрды. Арнайы техника мен жабдықтардың көмегімен шұғыл іс-әрекетке көшті. Оқыс жағдайға ұшырағандар осы қауіпті аймақта тұратын тұрғындар екен. Құтқарушыларға берілген тапсырма – 5 қабатта  қалған адамдарды уақыт оздырмай алып шығу.

Зардап шеккендерді іздеп табу үшін ең алдымен арнайы дайындалған иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді. Бұл орайда арнайы дайындалған ізшіл иттер қырағылық танытып, опат болғандарды оңай тауып алуына өз септігін тигізді.

Алматы қаласы және облысы көлемінде жер дүмпуі жиілеген сайын  Төтенше жағдайлар департаментінің жұмыстары да қауырт қыза түседі. Сақтықты ескермей, көпқабатты үйлерде қалған адамды ажалдан арашалап қалу үшін құтқарушылармен қоса жедел жәрдем қызметі де сақадай-сай тұруы қажет.

Жаттығу қорытындысы – жер сілкінісі кезінде көпқабатты үйде бірнеше сағатқа қалып қойған үш адамның тек біреуінің ғана өмірін сақтап қалуға мүмкін болғанын көрсетті. Тірі қалған зардап шегушіге алғашқы жедел медициналық көмек көрсетілісімен, ол ауруханаға жөнелтілді.

Алматы облысы, Іле ауданы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы А. Тойшыбеков:

– Бүгінгі шара біздің дайындығымызды тағы бір пысықтап, қызметіміздің сапасын арттыру үшін жасалып отыр. Құдай сақтасын, егер де осындай жағдай орын ала қалған жағдайда біз әрқашан дайын болуымыз қажет —  деді.

Іле ауданы төтенше жағдайлар бөлі-мінің ұйымдастыруымен өткен оқу-жаттығу дайындығына ауданымыздың еріктілері, ауыл тұрғындары, жастар ресурстық орталығы қатысты.

 

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button