Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыЗаң және бізҚоғам

ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕР ОҢ ШЕШІМІН ТАБА МА?

№7 орта мектепте Аудандық прокурор Дидар Жанболатұлының ауыл тұрғындарымен кездесу шарасы өткізілді. Жиынға мәселе түйіні әлі күнге дейін шешілмеген ауыл тұрғындары мен модератор ретінде Өтеген батыр ауылдық округының әкімі Рахимов Қанат Қасымханұлы қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – ауыл халқын мазалаған мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын қарастыру. 

Жиын барысында ауыл тұрғындары  бірнеше мәселенің басын ашты.

Айтылған шағымның бір легі Титова 26 көшесіндегі «Курочка Ряба» дүкеніне бағытталды. Тұрғындардың айтуынша, жеңіл тұтанатын заттардан тұратын бұл мекеме – көппәтерлі тұрғын үйлерге өте жақын орналасқан. Ал  сәулет-құрылыс құжаттамасының талабы бойынша мекеме пәтерден кемінде 20-25 м қашықтықта орналасу қажет. Егер өрт қатері болса, бұл дүкенмен бірге, тұрғындардың өміріне және әлеуметтік жағдайына қауіп қоса төнеді.  Құрылыс талабымен қатар, мекеме санитарлық қағиданы да елемесе керек. Тұрғындар дүкеннен шығарылған қалдық заттар тұрғын үй ауласын қоқыс алаңына айналдырғанына наразы. Заңсыз әрекет тайға таңба басқандай көрінгенімен, бұл мәселе әлі де шешімін таба алмай келеді.

Ал Гагарин көшесі 4 үй тұрғындары санитарлық ағаш кесу шаралары жүргізілмеді деп шағым білдірді. Биік ағаштар газ құбырлары өтетін жерге тығыз орналасқан. Егер ағаш бұтақтары құлайтын болса, онда апаттық жағдайға, сөзсіз, ұрынамыз деп халық сескеніп отыр. Аталған көшенің жолы да көңіл көншітпейді. Тұрғындардың сөзінше, Гагарина 2  мен 6 үй аралығында орналасқан жол 2023 жылы канализациялық құбырды жүргізгеннен кейін құртылған. Сапасыз жасалған бұл жұмыстың сұрауы кімнен сұралады деп тұрғындар наразы.

Мәселенің екінші ұшын, Гагарин көшесі 14 үй 2 подъезд тұрғындары көтерді. Аталған пәтерде канализацияның жағымсыз иісі тұрғындарды ұзақ жылдар бойы мазалап келеді. Белгілі органдарға жүгінгенде, кәріз құбырын ауыстырғаннан кейін мәселе болмайды деп сендірген. Алайда былтырғы жылы құбыр ауысқанымен, мәселенің түйіткілі әлі шешімін таппаған.  Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселенің туындауы көпқабатты тұрғын үйдің  ұзақ жылдар бойы жөндеу жұмыстарынан өтпегенінен деп санайды. Ал оған себеп – қаржының жетіспеушілігі.

Жөндеу жұмыстарын тұрғын үй пәтерлері ғана емес, спорт алаңдары да қажет етеді. Ата-аналар үш ойнағаннан-ақ қирайтын алаңға өз баласын төртінші рет жіберуге жүрексінеді. Әрине, тұрғындардың шағымынан кейін алаңдар жөнделген, алайда бірнеше уақыттан кейін жөндеу қызметіне қайта жүгінуге мәжбүр. Пәтер иелері сапасыз жасалған осындай жұмыстың әлегімен арпалысып шаршаған.

Бұған дейін бес ауылдық округ тұрғындарымен кездескен Дидар Жанболатұлы  жүгінген мәселенің барлығы бірнеше арнаға тоғысатынын аңғарған. Олар: жол, су құбырлары, газ және электрожабдықтау. Бас прокурор аталған мәселелердің туындау себебін анықтап, шешу жолдарына арналған жобаларды ойластырмақ. Мәселен, газ құбырларының дұрыс жұмыс істемеуі, оның жеке кәсіпкерлерге берілгендігінде деп есептейді.  Газбен жабдықтау жұмыстарын жеке кәсіпкер қолына емес, ұлттық газ компаниясына тапсыру ойын алға тартты.

Сонымен қатар, ол ауданның қазіргі жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді: «Мемлекет органдарының жұмыстары баяу, бұл баяулықты жеделдетіп, қарқынды жұмыс істеуге бейімделуіміз қажет. Дамыған мемлекеттің қатарына кіру үшін мемлекеттік орган халықпен бірге үйлесімді түрде ашық әрекет еткені дұрыс», — деп пікір білдірді.

Ауданымыздың  бас прокуроры алдағы уақытта халықпен жиі кездесулер ұйымдастырып, аталған мәселелерді шешу жолындағы атқарылған жұмыстар аясында есеп беруге даяр екенін мәлімдеді.

Халық мәселесінің мән-жайы анық, алдағы уақытта құзырлы органдардың оның шешуі жолдары қандай және қашан боларын көре жатармыз…

Диана Қанат

Басқа жаңалықтар

Back to top button