Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМәдениет

ЖҮЛДЕГЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Қонаев қаласында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» өңірлік байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл байқау өткен аптада аяқталып, оның ережесіне сәйкес аудан, қалалардан қабылданған өтінімдер мен тапсырылған материалдар қазылар алқасының талқысына ұсынылған болатын.

Іс-шараны ашқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Данияр Ахметов жыл сайынғы байқаудың өткізілуі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және қазақ тіліндегі контентті ұлғайту жөніндегі саясатты ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті.

– «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы – қазақстандықтардың тіл мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік тілді танымал етуге өз үлесін қосатын журналистерді анықтаудың тамаша мүмкіндігі. Мемлекеттік тіл – ел егемендігін айшықтайтын ең қастерлі ұғымдардың бірі. Сондықтан Рәміздер күніне орай жүлдегерлерді марапаттап отырмыз. Қазақ тілінің қанатын кеңге жайдыруда БАҚ өкілдерінің алар орны айрықша, – деді облыстық басқарма басшысы.

Аталған байқауға облыстық БАҚ құралдарына жетекшілік ететін кәсіби мамандар қазылық етті. Қазылар алқасының төрағасы Кәдірбек Құныпияұлы байқауға қатысқан тілшілердің материалдары шынайы сараланып, әділ бағаланғандығын жеткізді.

Сонымен қоса өзге тілде шығатын басылымдар да мемлекеттік тілді насихаттауға атсалысуы керек екендігін айтты. Байқау қорытындысы бойынша ардагер журналист Тұрсынбек Жалғасбаевқа, Іле ауданы мәслихаты аппаратының бас маманы Санат Ерболатұлына, Кеген ауданының журналисі Дәриға Жұмағалиеваға ынталандыру сыйлығы берілді.

Ал Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Әйгерім Әбу мен Райымбек ауданының тілшісі Аружан Мәуленбай ІІІ орынға, «Еңбекшіқазақ» газеті редакторының орынбасары Сардарбек Нұрадин мен облыстық «Алатау арайы» газетінің тілшісі Ерзат Асыл ІІ орынға ие болды. «Алатау арайы» газетінің бөлім редакторы Айжарық Көптілеу І орынға лайық деп танылды. «Үздік теле және радиобағдарлама» арнайы номинациясы бойынша «Жетісу» радиосының редакторы Темірлан Айтбаев, «Үздік мақала» арнайы номинациясы бойынша бас жүлдемен «Балқаш өңірі» газеті редакторының орынбасары Бақтығали Дәуітбаев марапатталды. Жеңімпаздардың барлығына дипломдар беріліп, қаржылай сый-сияпаттар жасалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button