Аудан жаңалықтары

«Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің қорытындысы

Ауданымызда отбасы құндылықтарын дәріптеп, қоғамда өзара сыйластық пен келісім мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінің қорытындысына арналған салтанатты шара Іле ауданының әкімі Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетовтың қатысуымен өтті.
Аталған байқау ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 5 наурыздағы №181 қаулысына сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын өткізіліп келеді. Конкурстың басты мақсаты — қоғамдағы отбасының рөлін арттыру, рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту және ұрпақтар сабақтастығын сақтау.
Байқауға қатысушы әр отбасы – өмірлік құндылықтары, табанды еңбегі мен қоғамға қосқан үлесі арқылы жастарға үлгі боларлықтай өнегелі шаңырақ екенін айқын көрсетті.
Конкурс комиссиясының шешімімен келесі жеңімпаз отбасылар анықталды:
— І дәрежелі диплом — Хибатдолда отбасы (Ащыбұлақ ауылдық округі). Ғылыми және еңбек жолын қатар алып жүрген зиялы қауым өкілдері жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне де белсене атсалысуда;
— ІІ дәрежелі диплом — Уйкасовтар отбасы (Ақсай ауылдық округі). Бірнеше буын өкілдері ұстаздық пен мәдениет саласында қызмет етіп келе жатқан әулет – салт-дәстүр мен рухани байлықтың жарқын үлгісі;
— ІІІ дәрежелі диплом — Сембаевтар отбасы (Боралдай кенті). Мейірім мен өзара құрметке негізделген, көпбалалы және еңбекқор отбасы.
Іле ауданының әкімі Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетов байқау жеңімпаздарына І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар мен естелік сыйлықтарды салтанатты түрде табыстады. Аудан басшысы барша қатысушыларды шын жүректен құттықтап, отбасы институтын нығайту жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Байқауға қатысқан барлық отбасылар жоғары бағаланып, зор құрметке ие. «Мерейлі отбасы» байқауы тек бір реттік шара емес, бұл – еліміздегі отбасы институтын нығайтуға және ұлттық рухани құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмыс. Байқау отбасының мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуіндегі маңызды рөлін айқын көрсетеді.
Мықты отбасы – қуатты мемлекеттің іргетасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button