#Qazaqstan30

АЖЫРАСУДЫҢ САНЫ АЗАЙМАЙ ТҰР

Екі адамның жұптасқан қолы, белгілі әрі белгісіз себептермен екі жаққа кеткенде жалғыз балаларына ғана зияны тиіп жата ма? Олардың қосылған кездегі жақын адамдары ше? Ата-анаға да үлкен салмақ қой. Бірге жүрген достарына дейін екіойлы екітүрлі салмақ тастайды. Міне көрдіңіз бе ажырасудағы бір отбасының бүтін бір қоғамға әкелер қиындығы бар. Бүтін қоғамның артында мемлекет, елдің тағдыры көрініп тұр. Қорқынышты түстей көрінеді.

Қазіргі таңда «Мен мынаған үйленбеймін біз уақытша жүріп жүрміз» — деген жастардың мөлдір сезімге деген жеңіл көзқарасымен бірге , «Маған оның өмірлік ұстанымы ұнамады, ажырастым» немесе «Ата-енем күн бермеді» деген сөздерді жиі естиміз. Қоғамды дендеген бұл дерт елімізде соңғы жылдары тым көбейіп барады.

Халқы тығыз орыналасқан ауданымыздағы  АХАТ бөліміне барсаңыз, ерекше күйге енгендей боласыз. Тіптен, көз алдыңызға бір-біріне мәңгілік бірге болуға серт беріп, ақ некесін қидырып жатқан жас жұбайлар елестейді. Расында, бұл мекемеден талай жандар жаңа өмірге аяқ басу үшін некеге тұрып, уәделерін берді. Дегенмен сол қуанышты жағдай соңы өкінішке ұласып жатқандар бар. Әттеген-айы, бұл мекеменің есігін қайта ашып, ажырасуға арыз жазатындар көбейе түскені. Мәселен, биылғы жылдың 1002 неке тіркелсе – олардың 281-і ажырасумен аяқталған. Яғни, әр 4 некенің 1-і бұзылған.Бұл статистика ауыл тұрғындары деңгейіндегі көрсеткіш. Біздің ауданға қалада жақын орналасқан ғой.

Осы тақырыпты саралағанда еліміздің өткен жылына көз жүгіртсек 48,2 мың отбасының шаңырағы шайқалса, соның 34,8 мыңы қала тұрғындары екен. Ал осы жылдың қаңтар-сәуір айында республика бойынша 5680 ажырасу тіркелген. Оның ішінде 4639-ы – қала тұрғындарының көрсеткіші. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы 4 айдың көрсеткіші бойынша ауыл тұрғындары арасында 1 014 ажырасу тіркелген, яғни күніне шамамен 8 отбасының шаңырағы шайқалып жатыр деген сөз. «Ажырасудың жоғары деңгейі елордада байқалған. 1000 адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 3,54 құрады, ең төменгі көрсеткіш – Түркістан облысында 1000 адамға 1,20 жағдайдан келіп отыр. Ажырасудың басым бөлігі ортақ баласы жоқ ерлі-зайыптылар арасында тіркелген. Бұл көрсеткіш – 60,5  пайызы, ортақ бір баласы барлар арасындағы ажырасу үлесі – 20,8 пайызы, кәмелетке толмаған 2 және одан көп баласы барлар арасындағы көрсеткіш – 18,7 пайызы», – делінген Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметінде. Сонымен қатар жалпы ажырасудың басым бөлігі яғни, 34,1 пайызы отасқанына 10 жылдан асқан отбасылар екен.

Міне, осы сөз қазіргі еліктегіш жастарды құртуда. Олар «отбасы» ұғымын жеңіл қабылдайды. Сезімдері лаулап «шын махабатпен үйленіп жатырмыз» дейді. Алайда өмірдің сәл ғана қиындығына шыдамай екіге ажырап кете барады. Бүгінгі ата-ананың да бұл сөзге еті үйренген. «Елде менің қызым ажырасып па, тәуекел, ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» деп жеңіл-желпі қарайды. Сонымен ажырасудың себебі қандай?

Оның себептері көп. Біз ажырасу әсіресе ер адамның адал жарына адал болмауынан едеген түсінік қалыптсақан. Негізі ең біріншісі – жастардың бір-бірін жақсы танымай жатып, бас қосуы. Ажырасуға арыз беретіндердің басым бөлігі өз шешімдерінің себебін мінездерінің үйлеспейтінін, тұрмыста ортақ тіл табыса алмайтындығымен түсіндіретін көрінеді.

Ауылдағы ағайындар көбінесе тұрмыс тауқыметін себеп қылады. Көзіміз көріп жүр, арқа сүйер азаматтары ішкілікке салынады. Әйеін ұрады. – Күйеуім табыс таппады, жатыпішер, жалқау.Қолынан ұялы телефоны түспейді.  Егер ер адам отбасын құруға, бір отбасыны асырауға шамасы жетпесе оған несіне сенім артамын. Соқыр сезіммен үйлендім бе, алдандым ба, білмеймін? Некеміздің соңы ақыры ажырасуға әкелді. Себебі әйел жаратылысынан ер адамнан қамқорлық пен мейірім күтеді. Арқа сүйер ер-азамат іздейді. Сол сенім үдесінен шыға білу ләзім, – дейді А. есімді келіншек .

Екі жаққа кетісудің тағы бір себебі – ер адамдарда құмар ойындарына, одан қалса жүріс жасауға әуестік басым. Бұлар – әйелдің сабырын түбі бір тауысатын жаман әдеттер. Содан отбасы екі жаққа бөлініп тынады.

Одан бөлек, қалада өскен еркетотай қыздар бар. Себебі ауылдың жігітін жақсы көріп, отбасын құрады. Әрі кетсе, бір ай ауылда тұрар. Содан күйеуін қалаға көшуге азғырады. Енесімен сыйыспайды. Әсіресе осы себеп қоғамда белең алып барады. Арамызда мұндай жайды өз басынан өткерген азаматтар да бар.

– Келіншегім екеуміз төрт жылға жуық қыз бен жігіт болып жүрдік. Отбасын құруға шешім қабылдап, заңды некеге тұрдық. Алайда ол бір-екі айдан кейін өзгере бастады. Қалада тұруды мақсат етті. Ата-анам  рұқсатын беріп, қалада пәтер жалдап тұрдық. Одан кейін тағы өзгеріп, ата-анасымен бірге тұруға ұсыныс айтты. Мен келіспедім. Әке-шешемді тастап, қалаға келдім. Енді соның үйіне күшік күйеу болуым керек пе?. Осы мәселелер арамызды суытып, ажырасуға алып келді. Ақыры сот арқылы ажырасып тындық. Арамызда бала болмаған соң қиындық туғызбады. Дегенмен «ажырасқан» деген сөздің өзі жаман естіледі. Сондықтан болашаққа бірге қадам басарда бәрін ақылдасып, асықпай келісіп алған жөн екен, – дейді Қ. есімді 26 жастағы жігіт .

Психологтардың айтуынша, көбіне 3-4 ай таныстықтан кейін шаңырақ көтеріп жатқан жастар ажырасады екен. Бұл уақытты қыдырумен, түрлі кафе, клубтарға барумен өткізіп, жанындағы адамды өмірлік жар ретінде тани алмайды. Үйленгеннен кейін ғана оның уақытты бірге өткізуге тек жақсы серік екенін түсінеді. Сондықтан да жастар үйленгенге дейін мейлінше көбірек әңгімелесіп, ішкі сырларымен бөліскен дұрыс деп кеңес береді. Бұл бір-бірін жақсы тани түсуіне, кейін оңай түсінісуіне көмек болады.

Мақалада ажырасудың белгілі себептеріне тоқталдық. Бірақ қандай себеп болсын, ажырасу – ешқашан туындаған мәселенің шешімі емес. Неке әу баста құрылған кезде ғұмырлық ниетпен құрылады, сол қағида сақталуы тиіс. Ажырасу туралы ой үйленгендердің есіне ешқашан келмеуі қажет. Бұл шешім баланың тірі жетім қалуына септігін тигізеді. Сондықтан некелі жұптар ажыраспас бұрын өмірге келген перзентінің көзіне шынайы қарауы тиіс.

Отбасының бақыты – өзара түсінікте. Екеуара жарастық әйелге де байланысты. Шаңырақтың шайқалмауында, ұлттың ұлт болуында әйелдердің рөлі орасан зор. Әйелдің ең маңызды міндеттерінің бірі – үйдегі болған сырды сыртқа шашпау, сыр сақтау.

Шаңырақты ер мен әйелдің сыйластығы ғана ұстап тұрады. Сол себепті ерлі-зайыптылар бір-бірімен тіл табысып, жарасымды тіршілік етуі керек. Сондықтан да екі жақта әр істе сабыр етіп, перзенттеріне тәлім-тәрбие беруді ойлау қажет. Тұрмыста келіспеушіліктердің болуы қалыпты жағдай. Қазақ халқы «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп бұған түсіністікпен қараған. Әрбір қиындықты мұсылман адам сабыр мен кешірім арқылы жеңуі тиіс.

Отбасы – жеке адам өмірінің мәні ғана емес, мемлекеттің іргетасы. Сол үшін де осындай ауқымды мәселенің шешімін табуға ел болып үлес қосқан абзал. Әсіресе жастарға аға буын ақылы өте қажет. Отбасынан жаман мен жақсыны ажыратып өскен тәрбиелі жанның мемлекет үшін баға жетпес байлық екендігі де даусыз. Мейірімділік пен қайырымдылық секілді адами қасиеттерді бала бойына сіңіру шаңырақта берілетін тәрбие.

Аналарымыз ерінің жолын тосып, алыс сапардан келсе, бар жылы-жұмсағын дайындап қарсы алушы еді. Әйелдің қызметі үйде, бала-шағасының қасында болатын. Солардың тәрбиесіне қарайтын. Отағасының қызметі түзде еді. Бүгінде әйелдер өзімшілдікке салынып, ерінің істегенін мен де жасай аламын дейді. Содан отбасының шырқы бұзылады. Сондықтан адал жар, ақ жаулықты ана болудағы жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін ескеру керек. Жаңадан көтерген шаңырақты сақтап қалуды мақсат ете білген жөн. Сәбилердің ертеңіне сызат түспеу үшін – ауызбіршілік пен татулықты дәнекер еткен абзал.

 Құдайберген Қойтан

Басқа жаңалықтар

Back to top button