Іле ауданында жаңа медициналық орталық ашылды

Іле ауданында тұрғындардың игілігіне арналған тағы бір маңызды әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Салтанатты жағдайда жаңа медициналық орталықтың есігі ашылып, ауыл тұрғындары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалды.
Жаңа нысанның ашылу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен ауыл медицинасын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңыздылығы ерекше айтылды. Мемлекет басшысы ауылдағы медициналық қызметтің сапасы елдегі денсаулық сақтау жүйесінің нақты көрсеткіші екенін, сондықтан ауыл тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін бірнеше рет атап өткен.
Іле ауданында ашылған жаңа медициналық орталық осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру және елді мекендердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту.

Жалпы аумағы 396 шаршы метрден асатын жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Мұнда 26 мыңнан астам тұрғынға медициналық қызмет көрсетіледі. Медициналық орталық күніне шамамен 150 адамды қабылдай алады. Орталықта орнатылған жаңа медициналық құрал-жабдықтар дәрігерлерге диагнозды тез әрі дәл қоюға, науқастарға қажетті емді уақытында бастауға мүмкіндік береді.
Орталықта жалпы дәрігерлік қызметпен қатар акушерлік-гинекологиялық көмек және кеңес беру-диагностикалық қызметтер де көрсетіледі. Ең бастысы – Көкқайнар ауылы мен оған жақын орналасқан саяжай тұрғындары енді медициналық көмекті өз ауылында, қолайлы жағдайда ала алады.
Жобаның жүзеге асуына мердігер Капитал Строй Проект групп компаниясы үлес қосты. Жаңа нысан – мемлекет пен құрылыс саласының бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Аудан басшылығының айтуынша, алдағы уақытта да тұрғындардың қажеттіліктеріне қарай жаңа мектептер, медициналық мекемелер және басқа да әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жалғасады. Бұл – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі.
Сондай-ақ қоғамда кеңінен талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасында да денсаулық сақтау саласына ерекше мән берілгені атап өтілді. Онда әр азаматтың денсаулығын қорғауға және заңда белгіленген тегін медициналық көмекті алуға құқығы нақты көрсетілген.
Жаңа медициналық орталықтың ашылуы Көкқайнар тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, ауыл халқының денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қосады деп күтілуде. Тұрғындар жаңа нысанның ел игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет ететініне сенім білдірді.



