Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

АУДАНДЫҚ АУРУХАНАДА АЛҒАШ РЕТ ЖАМБАС БУЫНЫНА ОТА ЖАСАЛДЫ

Аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру жолында Орталық аудандық аурухана тағы бір маңызды белесті бағындырды. Аурухана тарихында алғаш рет жоғары технологиялық жамбас буынын толық эндопротездеу операциясы сәтті жүзеге асырылып, жергілікті медицина саласының дамуындағы айтулы оқиғаға айналды.

Бұл күрделі хирургиялық ота травматология бөлімінің базасында өткізілді. Дәрігерлер 76 жастағы науқасқа сан сүйегінің мойын бөлігі сынғаннан кейін жамбас буынын толық алмастыру операциясын жасап, емдеу ісін жоғары деңгейде атқарды. Заманауи медициналық технологияларды қолдану нәтижесінде ота сәтті аяқталып, науқастың сауығуына мүмкіндік туды.

Мұндай жоғары технологиялық емдеу әдісінің аудандық ауруханада енгізілуі – денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде дамытуға бағытталған жұмыстың нақты нәтижесі. Соңғы жылдары медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, емдеу сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Аурухананың дамуына мекеме басшылығының қолдауы мен ұйымдастырушылық жұмысы да зор үлес қосып отыр. Басшылықтың бастамасымен жаңа технологияларды енгізу, білікті мамандарды тарту және медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп келеді.

Жамбас буынын эндопротездеу – жоғары дәлдікті, үлкен тәжірибе мен кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі операциялардың бірі. Мұндай оталардың аудандық деңгейде жасала бастауы жергілікті тұрғындар үшін үлкен жетістік саналады. Енді науқастар қажетті медициналық көмекті алу үшін алыс қалалар мен облыс орталықтарына бармай-ақ, өз ауданымыздағы ауруханада ем қабылдай алады.

Бұл жаңашылдық тұрғындардың уақытын үнемдеумен қатар, емделуге кететін қосымша шығындарды да азайтады. Ең бастысы – күрделі диагноз қойылған азаматтар дер кезінде жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізе алады. Бұл халықтың денсаулығын сақтау мен өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады.

Денсаулық сақтау саласындағы осындай игі бастамалар аудан медицинасының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Заманауи технологияларды енгізу, материалдық базаны нығайту және кәсіби мамандардың еңбегі нәтижесінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, тұрғындардың сенімі нығая түсуде.

Орталық аудандық ауруханада алғаш рет жасалған бұл операция – тек бір медициналық жетістік қана емес, аудан тұрғындарының денсаулығы үшін жасалған маңызды қадам. Бұл оқиға өңірдегі медицина сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі болып, алдағы уақытта жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктерге жол ашатыны сөзсіз.

Карима МЕЙРАМБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button