ЕҢБЕК ЕТКЕН — МҰРАТҚА ЖЕТКЕН

Шыны керек, қазір жастар арасында соңғы инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынып жүргендері баршылық. Түрлі жаңа технологияның игіліктерін біліп, көріп жүрген де солар. Инновациялық жобаларды халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатыстырып, арнайы грант ұтып алған жастар да көп. Ал оны ғылыми тұрғыда жүзеге асыруға қаржылық қолдау қажет. Мемлекет тарапынан озық идеяларға, ұтымды жобаларға арнайы қаржы қарастырылып, жүзеге асуына мұрындық болған жөн. Онсыз білімді жастар шетел асып, басқа елдің атынан шығуы әбден мүмкін. Сол себептен ғылымды дамытамыз десек, әуелі инновациялық жобаларды мақұлдау қажет.
Қазір жастар кәсіпкер болуды армандайды. Неге десеңіз, еркіндік бар – ешкімнің алдында есеп бермейді, таңдау бар – өзі қалаған нәрсемен айналысады, қалтасы қалың – айлық нәпақам қашан түседі деп отырмай, үнемі пұлды жүреді және мемлекетке пайда әкеле отырып, өзі табысқа жетеді. Иә, жас буын – өте ақылды. Дегенмен, кейбірі саналы түрде кәсіпкер болуды армандап, осы жолға түссе, кейбірін өмірдің өзі итермелейді. Осындай кәсіпкер жас отбасылардың бірі – Санжар Құлымбаев. Олар жеке басының карьерасын емес, отбасылық табысты таңдады. Тіпті, университетте оқыған дипломының да шаң басып қалғанын аңғармай қалды. Олардың бизнес тарихы – өзге жастарға үлгі болары сөзсіз. Өйткені, жас кәсіпкерлер қарапайымнан күрделіге қадам басып келеді. Кім білсін, болашақта еліміздің ауылын көркейтер ірі кәсіпкер болып кетер. Себебі Президентіміздің өзі кәсіпкерлердің ел игілігі үшін қаржы құюын жақсы қолға алу керек деп тапсырма берді. Мүмкін бұл отбасы солардың қатарынан табылар.
– Санжар мырза, әңгімемізді кәсіпкерлікке жасаған алғашқы қадамыңыз жайында бастасақ?
Қазіргі нарық заманында жеке кәсіпкер болуды армандамайтын жас жоқ шығар. Мен Өтеген батыр ауылындағы №38 гимназияны аяқтаған соң Алматы қаласындағы Бизнес академиясына экономист саласы бойынша оқуға түстім. Жоғары оқуда оқып жүріп ең алғаш Өтеген батыр ауылында копиралды орталығын аштым. Менің тырнақалды кәсіпкерлігім осылай басталды. Өмірдің өзі соған әкеп соқты десе де болады. Бірақ, көрінген таудың алыстығы жоқ қой. Кейін жұмысымыз алға басып, екінші кәсіпке көз тіге бастадым. Ол алғашқы копиралды орталық емес, дәмді тамақ жейтін, қолжетімді кулинария жүйесін ашу еді. Жоспар құрылды. Енді демеуші керек. Аз ғана кәсіпкерлік саласындағы тәжірбиемнің нәтижесінде «Даму» қорынан кіші және орта кәсіпкерлікті қолдау жобасы аясында демеушілікке де қол жеткіздік. Басқаша айтқанда, осы жасаған қадамымыз біздің отбасымыздың жағдайы – кәсіпкерлікпен айналысуға бастама болды.
– Не өндіресіз және неліктен бұл өнімді шығаруды таңдадыңыз? Мемлекеттен қаржылай көмек алдыңыз ба?
– Біз «Фабрика Вкуса» деген сауда белгісімен қолдан тәтті бәліштерден бастап, қазіргі ас мәзіріміздегі тәтті тағамдарымыздың барлық түрін және ыстық тағамдарымызды көпшілікке ұсындық. Алдымен нарыққа анализ жасадық. Қандай өнімге сұраныс бар? Қандай өнім шетелден келеді? Осы мәселелерге талдау жүргізгенде, аудан орталығы Өтеген батыр ауылында дәмді және тез тамақтанатын орынның жоқтығына көз жеткіздік. Әрине, асханалар бар. Бірақ өз киім стилімен және сапалы тәттілермен қоса клиентке деген ыстық ықыластарымен қарайтын орын тапшы көрінді. Біздің «Фабрика Вкуса» кулинариясы осы талаптарға толықтай жауап береді. Өніміміз сапалы әрі дәмді, жақсы, бағасы қолжетімді.
– Тауарды кімге ұсынасыз? Қалай жеткізесіз?
– Тауардың тұтынушысы – қарапайым халық. Біздің өнім күнделікті қажет етіледі. Өйткені бізге келген клиенттеріміз екінші рет қайта бассұғуына себепші болды. «Фабрика Вкуса» кулинариясының ұраны да ыстық ықылас пен жылы ілтипатпен қызмет көрсету ғой. Өзіміздің сауда өкілдеріміз арқылы, тапсырыс қабылдаймыз. Тапсырысты жедел түрде орнына жеткіземіз. Арнайы көлігіміз бар тасымалдайтын. Сол тапсырысты жүргізушіміз өнімді клиентке жеткізіп отырады.
– Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Ауыл жастарын жұмыспен қамтып отырмыз. Барлығы жергілікті тұрғындар. Дені жастар, десе де сырт жақтан да келіп істейтіндер бар арамызда. Айлықтарын ай сайын алып отырады.
– Бизнесіңізді жолға қою барысында қандай қиындықтар болды?
– Алдымыздан шыққан қиындық – сату болды. Өйткені, бәсекелестік өте көп. Халық өздері танитын асханалардың ғана өнімін тұтынып қалған. Біздің тауарға көзі үйренген жоқ. Жарнаманы пайдаланайық десек, оған көп қаржы керек болды. Сондықтан, қымбат жарнамадан да бас тарттық.
– Басқа қандай жоспарыңыз бар?
– Алдағы уақытта Алматы қаласымен облысына қарай «Фабрика Вкуса» сауда белгісімен барлық жеріне таратуды көздеп отырмыз. Тек ол үшін көп қаржы мен уақыт қажет. Келешекте осы мақсатымызға жетуді қалаймыз.
– Кәсіпкерліктің артықшылықтары мен кемшілігі жайында не айтасыз?
– Кәсіпкерлік бар кезде әділетсіздік болмайды. Кім қанша еңбек етсе, сонша жетістікке жетеді. Бұл – кәсіпкердің үлкен артықшылығы. Екіншісі, бастаған кәсібіңе он жыл талмай еңбек етсең, қалған өміріңде ол саған жұмыс істейді. Үшіншіден, еркіндік. Ешкімге бағынбайсың. Уақытты өзің реттеп, ыңғайлы жағдайды өзің таңдайсың. Ал кәсіпкерлік дұрыс, адал жасалса, оның кемшілігі болмайды.
– Сіздің ойыңызша кәсіпкер қандай болуы керек?
– Басында еңбекқор болу керек деп айтқанмын. Одан кейінгі кәсіпкерге ең керегі – үнемшіл болу. Яғни, тиыннан теңге құрастыра алатын, ақшаны ақылмен жұмсай алатын маман болу керек. Бүгін тапқанын ертең шашып тастаса, одан кәсіпкер шықпайды. Табысын бизнесті дамытуға сала берсе, кәсібі жақсы жүреді.
– Жастарға қандай кәсіпкерлікпен айналысуға кеңес бересіз?
– Жастар қандай кәсіпті таңдаса да, алдымен ұлт саулығын ойлау керек. Мысалы, шетелден бала денсаулығын улайтын неше түрлі өнім келіп жатыр. Солардың орнына саумалды таңдап, оны бала қызығатындай етіп, ораса, одан артық пайдалы өнім жоқ. Қазір картоптың өзін де Қытайдан алып жатырмыз және өте қымбат келеді. Оның қалай өскенін де білмейміз. Оның орнына көкөністі егіп, жемісті өсіріп, өзіміз табиғи өнімді тұтынғанға не жетсін?! Жаңадан дүние ойлап табудың қажеті жоқ. Өзім тамақ өнімімен айналысқандықтан, ескіні жаңғыртып, қазіргі заманға сай жарнамалап, ұлтымыздың болашағына пайдалы өнім шығарса, ол бизнес алға басады.
– Кәсіпкер болу жолында семинар-тренингтерге барып көрдіңіз бе?
– Ешқандай тренингке, бизнес үйрету семинарларына аяқ басып көрген емеспін. Арнайы кітап та оқымадым. Отбасылық бизнес болғандықтан, барлығымыз ақылдасып, ортақ шешім қабылдап, қадам жасаймыз. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген сөзді қазақ тегін айтпаса керек. Туыстарым, жолдасым – ұйыған отбасы болып, біріге жұмыс істейміз.
– Қазақтан жақсы кәсіпкер шыға ма?
– Қазақтың басқа ұлттан несі кем? Неге бола алмайды? Әрине, бола алады. Кәсіпкерлік ұлт талғамайды. Ол тек еңбекті қажет етеді. Үздіксіз еңбек пен талпыныс қана алға итермелейді. «Еңбек етсең емерсің, ерінбесең жеңерсің» дейді дана халқымыз. Тек еңбек етсең ғана бәрі жақсы болатынына сенімдімін.
Әңгімеңізге рақмет!
Бағдат ШОЙБАС



