«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ӘР АУДАНДА ДИАГНОСТИКА ОРТАЛЫҒЫН АШУДЫ ҰСЫНАДЫ

«Әділет» партиясының сайлауалды штаб мүшелері Байсерке ауылындағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлерімен кездесіп, партияның денсаулық сақтау саласына қатысты сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Бағдарламада медицинаны ауруды емдеуден оның алдын алу мен ерте анықтауға бағыттау көзделген. Негізгі мақсаттардың бірі – қазақстандықтардың болжамды өмір сүру ұзақтығын кемінде 77 жасқа жеткізу.
Бағдарламада әр ауданда кемінде бір инвазиясыз диагностика орталығын ашу бастамасы қамтылған. Тұрғындар облыс орталығына бармай-ақ жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жасатып, ЭКГ және қан қысымын тәулік бойы бақылау қызметіне жүгіне алады.
Сондай-ақ 2029 жылға қарай электрондық денсаулық паспортын халықтың кемінде 90 пайызына қолжетімді ету көзделіп отыр. Ана мен бала денсаулығын қорғау үшін тоғыз перинаталдық орталықтың құрылысын аяқтау жоспарланған.
Кездесу барысында қатысушылар денсаулық сақтау саласына қатысты пікірлерімен бөлісіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.



