Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС: ТҰРҒЫНДАР НЕНІ БІЛУІ ТИІС?

Бүгінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы адам өмірін жеңілдеткенімен, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлердің де артуына себеп болып отыр. Әсіресе соңғы жылдары интернет-алаяқтық, киберқылмыс және кибербуллинг фактілері елімізде ғана емес, ауданымызда да жиілеп келеді. Алаяқтар күн сайын жаңа тәсілдерді ойлап тауып, азаматтардың сеніміне кіріп, қаржылық шығынға ұшыратуда. Банк қызметкері болып хабарласу, жалған инвестициялық жобалар ұсыну, әлеуметтік желілер арқылы арзан тауар жарнамалау немесе SMS-код сұрау секілді айла-тәсілдер бүгінде жиі кездесетін қылмыстардың қатарына енді.

Осы орайда ауданымыздағы интернет-алаяқтықтың қазіргі ахуалы, қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстар мен тұрғындарға қажетті қауіпсіздік шаралары туралы толығырақ білу мақсатында Іле аудандық полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Олжас Алмасұлы Бижумановпен сұхбаттасқан едік

– Олжас Алмасұлы, алдымен өзіңізді оқырмандарымызға таныстырып өтсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз, еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Мен Алматы облысы Іле ауданына қарасты Байсерке ауылының тумасымын. Қазіргі уақытта Іле аудандық полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінде аға жедел уәкіл қызметін атқарамын. Құқық қорғау саласындағы еңбек жолымды осы жүйеде бастап, әртүрлі бағыттарда тәжірибе жинақтадым. Жылдар бойы қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарды анықтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қызмет етіп келемін. Бүгінде интернет кеңістігінде жасалатын алаяқтық қылмыстармен күрес, олардың жолын кесу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу негізгі міндеттеріміздің бірі болып отыр.

– Құқық қорғау саласын таңдауыңызға не себеп болды? Бала күнгі арманыңыз осы мамандықпен байланысты болды ма?

– Иә, бұл менің бала күнгі арманым десем болады. Кішкентай кезімнен қоғамдық тәртіпті сақтау, әділдікті қорғау және адамдарға көмектесу секілді қасиеттерге ерекше қызығушылық таныттым. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен еңбегі әрдайым үлгі болды. Сондықтан осы мамандықты саналы түрде таңдап, алдыма нақты мақсат қойдым. Бүгінде сол арманымды жүзеге асырып, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүргенімді үлкен жауапкершілік әрі мәртебе деп санаймын.

– Соңғы жылдары Іле ауданында интернет-алаяқтыққа қатысты жағдай қалай өзгерді? Биылғы көрсеткіштер нені аңғартады?

– Соңғы бірнеше жылда интернет-алаяқтық қылмыстары Республика көлемінде де, Іле ауданында да өзекті мәселелердің біріне айналды. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мен онлайн қызметтердің кеңінен қолданылуы алаяқтарға да жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Бұрын мұндай қылмыстар сирек кездессе, қазір олардың түрлері көбейіп, әрекет ету тәсілдері де күрделене түсті.

Биылғы аудан аумағында интернет-алаяқтық бойынша бірқатар қылмыстық істер тіркеліп, олардың әрқайсысы бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар құқық қорғау органдары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударып келеді. Бұл мәселе қоғамның барлық мүшелерін алаңдатуы тиіс деп есептеймін.

– Қазіргі кезде алаяқтар тұрғындарды қандай тәсілдермен жиі алдап жүр? Ең көп кездесетін схемаларды атап өтсеңіз.

– Қазіргі уақытта алаяқтар қолданатын тәсілдердің саны өте көп. Ең жиі кездесетіні – өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстырып хабарласу. Олар азаматтарға шоттарына қауіп төніп тұрғанын айтып, жеке мәліметтерін немесе SMS арқылы келген кодтарды сұрайды.

Сондай-ақ жалған несие рәсімдеу, жоғары табыс әкеледі деген желеумен инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттеу, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған жарнамалар тарату секілді әрекеттер де кең таралған. Кей жағдайда алаяқтар сәлемдеме жеткізу қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі болып хабарласып, растау кодын сұрайды. Азаматтар мұндай ақпаратты берген жағдайда олардың банктік шоттарына қол жеткізіліп, қаржысы қолды болуы мүмкін.

– Жуырда тіркелген интернет-алаяқтық қылмыстарының ішінде қоғамға сабақ болатын мысалдар бар ма?

– Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Соңғы кезде азаматтарға белгісіз адамдар хабарласып, өздерін банк қызметкеріміз деп таныстырып, қауіпсіздік мақсатында шоттағы ақшаны арнайы «қауіпсіз есепшотқа» аудару қажет екенін айтады. Психологиялық қысым жасап, адамның үрейін күшейту арқылы оларды өз нұсқауларын орындауға мәжбүрлейді.

Нәтижесінде жәбірленушілер өз қаражаттарын өз қолдарымен алаяқтардың есепшоттарына аударып жатады немесе өз атына несие рәсімдеп береді. Кейін ғана олардың алаяқтардың құрбаны болғаны белгілі болады. Сондықтан біз азаматтарды телефон арқылы берілген күмәнді нұсқауларға сенбеуге, кез келген ақпаратты міндетті түрде ресми көздер арқылы тексеруге шақырамыз.

– Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында полиция қандай жұмыстар жүргізіп жатыр? Халықтың белсенділігі қандай деңгейде?

– Интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде, кәсіпорындарда және халық көп жиналатын орындарда түсіндіру кездесулері өткізіледі. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде арнайы бейнероликтер, жадынамалар мен ескерту материалдары жарияланып келеді.

Азаматтарға SMS-кодтарды, банк картасының нөмірін, CVV-кодты және басқа да құпия мәліметтерді ешкімге бермеу қажеттігі тұрақты түрде түсіндіріледі. Халықтың ақпараттану деңгейі біртіндеп артып келеді. Дегенмен алаяқтардың да әдіс-тәсілдері жаңарып отырғандықтан, кейбір тұрғындардың алданып қалу жағдайлары әлі де кездесуде.

– Егер азамат алаяқтардың құрбаны болып қалса, ең алдымен қандай әрекет жасауы керек?

– Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай әрекет ету өте маңызды. Ең алдымен банкке хабарласып, карта мен барлық күмәнді қаржылық операцияларды дереу бұғаттау қажет. Егер интернет-банкингке қатысты мәліметтер белгілі болып қалса, құпиясөздерді шұғыл түрде өзгерткен жөн.

Одан кейін жақын жердегі полиция бөліміне барып немесе «102» арнасына хабарласып, ресми арыз беру керек. Қылмыс неғұрлым ерте тіркелсе, оны ашу және келтірілген шығынды азайту мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

– Интернет-алаяқтардың құрбаны көбіне қай жас санатындағы азаматтар болып жатыр? Неліктен дәл осы топ жиі алданады деп ойлайсыз?

– Жалпы алғанда интернет-алаяқтықтың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Алаяқтар адамның жасына, мамандығына немесе әлеуметтік жағдайына қарамай әрекет етеді. Дегенмен тәжірибеде орта және егде жастағы азаматтардың жиірек алданып жататынын байқаймыз.

Себебі олар телефон арқылы берілген ақпаратқа көбірек сенім артып, цифрлық қауіпсіздік талаптарын толық білмеуі мүмкін. Ал жастар арасында жалған интернет-дүкендер, онлайн ойындар немесе инвестициялық жобалар арқылы жасалатын алаяқтық фактілері кездеседі. Сондықтан сақтық шараларын барлық жас санатындағы азаматтар бірдей ұстануы қажет.

– Жалған несие рәсімдеу, банк қызметкері болып хабарласу немесе әлеуметтік желідегі жалған жарнамалар бойынша шағымдар қаншалықты жиі түседі?

– Мұндай сипаттағы арыздар күн сайын дерлік тіркеледі. Әсіресе өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырып хабарласатын алаяқтар көбейіп отыр. Сонымен қатар жалған инвестициялық платформаларға ақша салуға үгіттеу және әлеуметтік желілердегі жалған сауда парақшалары арқылы жасалатын алаяқтық фактілері де жиі кездеседі.

Сондықтан азаматтарға кез келген қоңырау мен хабарламаға сын көзбен қарап, күмәнді ақпараттарды тексеруді ұсынамыз. Ешқандай ресми орган немесе банк қызметкері телефон арқылы құпия мәлімет сұрамайтынын есте ұстаған жөн.

– Сұхбатымызды қорытындылай келе, Іле ауданы тұрғындарына және жалпы оқырмандарға интернет қауіпсіздігіне қатысты қандай кеңес берер едіңіз?

– Құрметті тұрғындар, интернет қауіпсіздігі – бүгінгі күні әр азамат үшін аса маңызды мәселе. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. Белгісіз адамдарға жеке деректеріңізді, банк картасының нөмірін, SMS-кодтарды және құпиясөздерді ешқашан бермеңіздер.

Телефон арқылы хабарласқан адамның кім екенін міндетті түрде тексеріңіздер. Егер күмән туындаса, әңгімені бірден тоқтатып, банкке немесе «102» қызметіне өзіңіз хабарласқаныңыз дұрыс. Сонымен қатар eGov порталы арқылы «Кредит алуға ерікті түрде тыйым салу» қызметін қосып қойған тиімді. Бұл сіздің атыңызға заңсыз несие рәсімдеу қаупін азайтады.

Ең бастысы – сақтық пен қырағылық. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы өз қаражатыңызды да, жеке мәліметтеріңізді де қорғауға болады. Интернеттегі қауіпсіздік әркімнің өзінен басталады.

Карима ДАУТҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button