23 тамыз – Қазақстанның саяси дамуындағы маңызды күн

Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына сәйкес құрылған Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды тарихи қадам.
Осы күні азаматтар жаңа бір палаталы Құрылтайдың 145 депутатын сайлайды. Жаңа өкілді орган бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына құрылып, халықтың мүддесін білдіретін негізгі заң шығарушы институт ретінде қызмет атқарады. Сайланған депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды.
Құрылтайдың құрылуы – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, заң шығару қызметінің тиімділігін арттыруға және азаматтардың ел тағдырын шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған конституциялық реформалардың нәтижесі.
Іле ауданында сайлауды ұйымдастыру бойынша барлық қажетті жағдай жасалған. Аудан аумағында 92 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған 26 арнайы орын белгіленген. Іле ауданында дауыс беру құқығына ие 157 057 сайлаушы тіркелген.
Сайлауға қатысу – әр азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, елдің болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі. Әрбір берілген дауыс мемлекет дамуының жаңа кезеңіне өз үлесін қосады.
23 тамыз күні сайлау учаскесіне барып, азаматтық таңдауыңызды жасаңыз.
Сіздің дауысыңыз – Қазақстанның болашағына қосқан маңызды үлес!



