Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

БОРАЛДАЙДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ОШАҒЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ

Іле ауданында тұрғындардың рухани өмірін байытып, мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын көрінісі – Боралдай кентінде салынып жатқан 280 орындық жаңа Мәдениет үй.  Заманауи талаптарға сай бой көтеріп жатқан бұл нысан елді мекен тұрғындарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға және жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне кең мүмкіндік береді. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын, ал нысанды пайдалануға беру осы жылдың күз айына жоспарланып отыр.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Боралдай кентінде салынып жатқан Мәдениет үйінің құрылыс алаңына арнайы барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және нысанның заманауи талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Жалпы аумағы 1 950,63 шаршы метрді құрайтын екі қабатты Мәдениет үйі өңірдегі ең заманауи әлеуметтік нысандардың біріне айналмақ. Ғимараттың сәулеттік келбеті қазіргі заман талабына сай жобаланып, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз пайдалануына барлық жағдай қарастырылған. Бүгінде құрылыс алаңында ішкі әрлеу жұмыстары мен инженерлік жүйелерді іске қосуға бағытталған соңғы құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Жоба толық аяқталғаннан кейін Мәдениет үйінде кең көрермен залы, шығармашылық үйірмелерге арналған арнайы кабинеттер, би және музыка залдары, өнер ұжымдарының дайындық бөлмелері, әкімшілік кабинеттер мен техникалық қызмет көрсету аймақтары жұмыс істейтін болады. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелер, театр және вокал студиялары, ұлттық өнерді дәріптейтін шығармашылық ұжымдар қызмет атқарады деп жоспарлануда.

Мәдениет үйінің пайдалануға берілуі Боралдай кентінің ғана емес, Іле ауданының мәдени өміріне жаңа серпін береді. Бұқаралық мәдени іс-шаралар, концерттер, фестивальдер, көрмелер, жастар форумдары мен қоғамдық кездесулерді өткізуге мүмкіндік кеңейіп, тұрғындардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға қолайлы жағдай қалыптасады.

Сонымен қатар бұл нысан ұлттық мәдени мұраны насихаттауға және жас таланттардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған маңызды орталыққа айналмақ.

Жобаның сапалы әрі талапқа сай жүзеге асырылуы мемлекеттік бақылауда. 2026 жылғы 4 мамырда Мәдениет үйінің құрылысы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, жобаның құрылыс нормалары мен техникалық талаптарға толық сәйкес келетіні расталды. Бұл құрылыс жұмыстарының келесі кезеңдерін заң талаптарына сәйкес жалғастыруға мүмкіндік берді.

Іле аудандық құрылыс бөлімінің мәліметінше, нысандағы жұмыстарды толық аяқтау үшін 477,4 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы қажет. Осыған байланысты Алматы облысының құрылыс басқармасына тиісті бюджеттік өтінім жолданып, жобаны толық қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Жауапты мекемелердің мәліметіне сәйкес, қажетті қаржы уақытылы бөлінген жағдайда Мәдениет үйінің құрылысы толық аяқталып, 2026 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл – Боралдай тұрғындары көптен күткен әлеуметтік нысандардың бірі.

Соңғы жылдары Іле ауданында мәдениет, білім, спорт және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Жаңа мектептер, денсаулық сақтау нысандары, спорт кешендері мен Мәдениет үйлерінің салынуы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, елді-мекендердің тартымдылығын арттыруда. Боралдайдағы жаңа Мәдениет үйі – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Мәдениет – қоғамның рухани тірегі. Сондықтан мұндай нысандардың салынуы тек жаңа ғимараттың бой көтеруі ғана емес, елдің мәдени әлеуетін арттыруға, жастардың шығармашылық ізденісін қолдауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге жасалған маңызды инвестиция. Боралдайдағы жаңа мәдениет үйі алдағы уақытта өнер мен мәдениеттің, білім мен тәрбиенің, қоғамдық бастамалардың тоғысатын үлкен орталығына айналып, аудан тұрғындарының игілігіне қызмет ететіні сөзсіз.

Карима МЕЙРАМБЕК

Басқа жаңалықтар

Back to top button