ауданымызда егін жинау науқаны жалғасуда

Елімізде 2026 жылғы егін жинау науқаны жоспарлы түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында 2026 жылы елімізде жалпы 23,8 миллион гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 15,8 миллион гектары – дәнді дақылдар, 4,3 миллион гектары – майлы дақылдар және 3,3 миллион гектары – мал азықтық дақылдар. Сонымен қатар картоп, көкөніс, бақша және қант қызылшасы алқаптары да ұлғайтылды. Биылғы егін жинау науқанына еліміз бойынша 139 мың трактор, 31 мың комбайн және 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.
Осы маңызды науқан аясында Іле ауданында да егін жинау жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Биыл аудан бойынша алдын ала қалыптастырылған егістік құрылымына сәйкес 53 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.
Атап айтқанда, 14 654,5 гектарға дәнді дақылдар, 7 327 гектарға майлы дақылдар, 745 гектарға картоп, 1 623 гектарға көкөніс, 542 гектарға бақша дақылдары және 28 176 гектарға мал азықтық дақылдар егілді.
Бүгінде егін жинау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта масақты дәнді дақылдардың 10 139 гектары орылып, оның ішінде 4 150 гектар күздік бидай және 5 989 гектар күздік және жаздық арпа жиналды. Жалпы астық түсімі 18,4 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар көкөніс пен бақша дақылдарының 421 гектары жиналып, 13,1 мың тонна өнім алынды.
Іле ауданындағы табысты шаруашылықтардың бірі – «ЖЕР-КАНАТЫ» ЖШС. 2003 жылдың 26 мамырында құрылған серіктестік бүгінде аралас ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы бағытында жұмыс істейді. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 1 600 гектарды құрайды. Биылғы өнімге осы шаруашылықта 200 гектар күздік бидай, 60 гектар күздік арпа және 400 гектар мақсары егілді. Жалпы егіс алқабы 660 гектарды құрайды. Заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану мен дала жұмыстарын уақытылы жүргізудің нәтижесінде шаруашылық жоғары өнім алуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізуде.
Егін – ел ырысының бастауы. Сондықтан Іле ауданында жүргізіліп жатқан жиын-терім жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, еліміздің азық-түлік қорын толықтыруға да өз үлесін қосуда.



