тағылымды тұлғаның жарқын ізі

Бұл күнде өнегелі өмірімен, ғибратты ғұмырымен, елге сіңірген еңбегімен, тағылымды тағдырымен халық жадында мәңгі сақталған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – қазақтың бұлбұл әншісі, халық ақыны, сазгер, жырау Кенен Әзірбаевтың аяулы перзенті, асылдың сынығы, тектінің тұяғы Төрткен Кененқызы.Бүгін ардақты ананың дүниеден өткеніне қырық күн толып отыр. Бұл – оның жарқын бейнесін еске алып, өнегелі өмір жолына тағзым ететін, халқына сіңірген еңбегін құрметпен дәріптейтін сәт.
Төрткен Кененқызы – тек Кенен Әзірбаевтың қызы ғана емес, халқына қалтқысыз қызмет еткен көрнекті ұстаз, мәдениет жанашыры, ұлттық өнердің жанашыры болды. Ол Алматы облысының Құрметті азаматы, Іле және Қордай аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, халық ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері атанып, саналы ғұмырын ел игілігіне арнады. Ұлағатты ұстаз ретінде ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, олардың бойына ана тіліне, әдебиетке, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті сіңірді. Сонымен қатар ауданымыздағы Әлібек Нұрқожа атындағы «Ардагерлер» халық ансамблінің алғашқы жетекшісі болып, ұлттық өнердің өркендеуіне зор үлес қосты.
Төрткен Кененқызы өмір бойы әкесі Кенен Әзірбаевтың мол мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзінің перзенттік парызы санады. Кенен атамыздың жүзден аса әнінің Төрткен апайдың орындауы мен айтуы негізінде нотаға түсіріліп, ғылыми тұрғыда зерттелуі – оның ұлттық мәдениетке қосқан өлшеусіз еңбегінің жарқын дәлелі. Осы арқылы ол әке аманатына адалдықтың, ұлттық мұраға жанашырлықтың үлгісін көрсетті.Төрткен апай әкесі туралы ерекше ілтипатпен айтып, өмірде оған рухани тұрғыдан жақын болғанын жиі еске алатын. Әкесінің қарапайымдылығы, адамгершілігі, өнерге адалдығы мен биік болмысы оның өмірлік ұстанымына айналды. Өзінің жүріс-тұрысымен, сөз саптауымен, мінезімен әкесіне ұқсап, сол асыл қасиеттерді бойына сіңіре білді. Ол ақындықтың нәзіктігін, аналықтың мейірімін, қайсарлық пен парасатты қатар алып жүрген дара тұлға еді.Төрткен Кененқызының өнегелі өмірі, ұстаздық ұлағаты, өнерге деген адалдығы, ұлттық руханиятқа сіңірген еңбегі кейінгі ұрпақ үшін әрдайым үлгі болып қала береді. Оның жарқын бейнесі, ақ жүрегі, елге деген жанашырлығы мен парасатты болмысы халық жадында мәңгі сақталады. Марқұм Төрткен анамыз көзі тірісінде Ана қадірін ұлықтап, отбасы берекесін бекемдеуге, ұрпақ тәрбиесі арқылы қоғамның рухани өзегін нығайтуға қосқан тағылымды үлесі үшін «Ұлы ана» медалін белгілеуге арналған конкурс аясында Кененова Төрткен Кененқызы мадақтамамен де марапатталып, «Ұлы ана»медаль .алып еді….. Әттең ….табыс ете алмадық денсаулығына байланысты. Сол марапатты қырық күндік асында ұлы Алмасқа тапсыруды жөн көрдік.
Аудандық Аналар кеңесі атынан марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, барша жақындарына тағы да қайғыра көңіл айтып, Төрткен Кененқызының жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат, жаны жәннатта болсын деп тілейміз. Ардақты ананың жарқын бейнесі мен есімі ел жадында мәңгі жасай береді.
М. Жабиева, аудандық Аналар кеңесінің төрағасы



