Сайлау – ел дамуына үлес қосатын маңызды қадам

Алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Бұл науқан әрбір азаматқа мемлекетіміздің заң шығару жүйесіне қатысатын өкілдерін таңдауға мүмкіндік береді. Сондықтан сайлау – елдің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды жауапкершілік.
Құрылтай – еліміздің заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Оның құрамына сайланатын депутаттар халықтың мүддесін білдіріп, маңызды заңдар мен мемлекеттік шешімдердің қабылдануына атсалысады. Осыған байланысты сайлау науқанына дайындық барлық өңірлерде жоспарлы түрде жүргізіліп, дауыс беру үдерісінің ашық әрі заң талаптарына сай өтуіне ерекше көңіл бөлінуде.
Іле ауданында да сайлауға дайындық жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып жатыр. Аудан аумағында барлығы 92 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар уақытша болу орындарында орналасқан азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мақсатында 8 уақытша болу орны бойынша сайлау ұйымдастырылған. Оның ішінде 3 емдеу мекемесі, 2 әскери бөлім және 1 уақытша ұстау изоляторы бар. Қазіргі таңда сайлау учаскелерінің әзірлігі қамтамасыз етіліп, сайлаушылар тізімдері нақтылануда, тұрғындарға қажетті ақпарат түсіндіріліп, дауыс беру күніне қатысты барлық ұйымдастыру мәселелері пысықталуда.
Сайлауға дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – сайлаушылар тізімдерін нақтылау. Әрбір азамат өзінің қай сайлау учаскесінде дауыс беретінін алдын ала анықтап, тізімде бар-жоғын тексергені дұрыс. Әсіресе, тұрғылықты мекенжайын өзгерткен азаматтар бұл мәселеге ерекше назар аударғаны жөн. Егер қандай да бір сәйкессіздік анықталса, оны дауыс беру күніне дейін заңнамада белгіленген тәртіппен түзетуге мүмкіндік бар.
Осындай маңызды бағыттардың тиімді жүзеге асуы мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімдермен тығыз байланысты. Сондықтан Құрылтай депутаттарының сайлауы аудан тұрғындары үшін де ерекше маңызға ие. Азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, өз пікірін білдіруі және сайлау құқығын пайдалануы елдің тұрақты дамуына ықпал етеді.
Осыған байланысты Іле ауданының тұрғындарын алдағы сайлауға белсенді қатысуға шақырамыз. Өз таңдауыңызды жасап, еліміздің болашағын айқындайтын маңызды қоғамдық-саяси үдеріске өз үлесіңізді қосыңыз.
Құрылтай депутаттарының сайлауы – ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын әрбір азаматтың маңызды таңдауы.



