«ӘДІЛЕТ» ӨКІЛДЕРІ №20 МЕКТЕП ҰЖЫМЫМЕН ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

«Әділет» партиясының сайлауалды штабының өкілдері М.Түймебаев ауылындағы №20 орта мектептің еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесу барысында жастарды жұмыспен қамту, кәсіби даярлау, кәсіпкерлікті қолдау және баспанаға қолжетімділік мәселелері талқыланды.
Кездесуде жастардың еңбек нарығына бейімделуі мен алғашқы кәсіби тәжірибе жинауына қатысты ұсыныстар таныстырылды. Атап айтқанда, жыл сайын кемінде 40 мың жасқа жұмыс берушінің тәлімгерлігімен алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік беру, сондай-ақ келешегі бар бизнес-идеяларды гранттық қолдау жөніндегі бастамалар туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар 2031 жылға қарай жұмыспен қамту орталықтарына жүгінген жастардың кемінде 65 пайызын жұмысқа орналастыру жөніндегі ұсыныс сөз болды. Жыл сайын Enbek.kz платформасы арқылы 500 мың оқушы мен колледж студентіне жұмыс іздеу дағдыларын үйретуге бағытталған шаралар да таныстырылды.
Жүздесу барысында еңбек ететін жастардың баспана мәселесіне де назар аударылды. Өңірлерде жастарға арналған ипотекалық бағдарламаларды іске асыру және оларды қаржыландыруға қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
Мектеп қызметкерлері жастарды жұмыспен қамту, мамандық таңдау, кәсіби даярлау және тұрғын үйге қолжетімділік мәселелері бойынша өз пікірлерін білдірді. Сондай-ақ жас мамандарды еңбек нарығының қазіргі талаптарына бейімдеу және олардың кәсіби дағдыларын дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында тараптар жастардың білім алуынан бастап еңбек жолын бастауына дейінгі кезеңде қолдау тетіктерін жетілдірудің маңызы жөнінде пікір алмасты.



