БІЛІМ САЛАСЫН ДАМЫТУ – БОЛАШАҚҚА САЛЫНҒАН ИНВЕСТИЦИЯ

«Әділет» партиясының Іле аудандық сайлауалды штабы Асқар Тоқпанов ауылындағы А.Молдабеков атындағы №6 орта мектептің ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесуге Құрылтай депутаттығына кандидат Қазбек Дауталиев, «Әділет» партиясының Іле аудандық сайлауалды штабының төрағасы Алмасбек Сатибаев, штаб мүшелері Баян Топарқызы, Тілеукен Көпбаева, Айнаш Атыманова және Арман Аманжолов қатысты.
Жүздесу барысында білім беру саласының қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, білім сапасын арттыру, педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.
Кездесуде Қазбек Дауталиев білім мен адами капиталды дамытуға қатысты көзқарасын білдіріп, сапалы білім адамның әлеуетін ашуда және қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Біздің ең үлкен байлығымыз – адам. Әр азаматтың өз әлеуетін толық ашуына, сапалы білім алып, еңбек нарығына қажетті жаңа дағдыларды меңгеруіне жағдай жасау маңызды. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың қауіпсіз, дені сау әрі үйлесімді ортада өсіп-жетілуіне ерекше көңіл бөлінуі қажет, – деді Қазбек Дауталиев.
Кездесу барысында «Әділет» партиясының өкілдері білім беру, жұмыспен қамту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, ауылдық жерлерді дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеру секілді бағыттар бойынша пікір алмасты.
Әсіресе, қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістер жағдайында жастарды жаңа мамандықтарға бейімдеу, цифрлық сауаттылықты арттыру және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу мәселелерінің маңызы сөз болды. Қатысушылар сапалы білім беру тек мектептің ғана емес, қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті.
Кездесу соңында мектеп ұжымы білім беру саласына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Педагогтермен ашық пікір алмасу барысында олардың кәсіби қызметіне, еңбек жағдайына және білім беру үдерісін жетілдіруге қатысты мәселелер талқыланды.
Жүздесу білім саласының өкілдері мен «Әділет» партиясы өкілдері арасындағы ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша өз көзқарастарымен бөлісті.



