Абай образындағы Берікқазы Төкенов сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді

Бүгін Абай Құнанбайұлының рөлін сомдаған қазақтың көрнекті әртісі, Мәдениет қайраткері, театр және кино актері, режиссер-педагог Берікқазы Рақымжанұлы Төкенов ұлы ақынның образында Іле ауданының орталығы – Өтеген батыр ауылындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №1062 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады.
Өнер иесі бұл саяси науқанның маңыздылығын атап өтіп, өзінің азаматтық ұстанымын ерекше форматында білдірді. Дауыс бергеннен кейін актер ұлы ойшылдың қара сөздері мен рухты өлеңдерінен үзінді оқып, сайлау учаскесіндегі жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«»Қалың елім – қазағым» деп халқының ертеңіне алаңдаған Абай атамыздың сөзі – қай дәуірде де өз мәнін жоғалтпайтын ұлы өсиет. Елдің болашағын айқындауда, бірлігімізді нығайтуда әрбір азаматтың қосқан үлесі мен жасаған таңдауы өте маңызды», – деп атап өтті актер.
Ұлы ақын бейнесіндегі өнер иесінің бұл қадамы сайлау учаскесіне келген тұрғындарға рух беріп, ел ішіндегі ынтымақ пен мәдени құндылықтардың маңызын тағы бір мәрте айшықтады.



