Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

ӨРЕГЕ ҚАРАЙ ҰМТЫЛҒАН ӨРЕНДЕР

Ойын басталар алдында футбол алаңының жиегінде тұрған ата-аналардың жүзінен әртүрлі сезімді байқауға болады. Бірі баласының әр қимылын жіті бақыласа, енді бірі алыстан демеу сөзін айтып, қолдау білдіреді. Доп бір қақпадан екіншісіне қарай домалаған сайын ата-аналардың назары да алаңдағы балалардан бір сәтке ажырамайды.
Солардың бірі – Байсапаров Ербол. Оның баласы футболмен алты жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Қазір жас футболшы «Өтеген батыр» командасының сапында ойнайды. Ербол үшін бұл жай ғана баласының спортпен айналысуы емес. Әр ойын – баласының өсіп, шыңдалып келе жатқанын көретін ерекше сәт.
Бұған дейін «Іле сәулет» атауымен өнер көрсеткен команда шамамен бір-екі ай бұрын «Өтеген батыр» деген жаңа атауға ие болды. Команданың атауын өзгерту арқылы ауылдың атын спорт арқылы таныту, жергілікті жас спортшыларға қолдау көрсету мақсаты көзделді.
Бұл – болашақ жастардың қолында. Балаларға мүмкіндік берілсе, олар өз нәтижесін көрсете алады, – дейді Ербол.

Оның айтуынша, команданың ең басты ерекшелігі – балалардың бір-біріне деген қарым-қатынасы. Алаңда әр ойыншы өз міндетін орындағанымен, жеңіске жетудің ортақ екенін жақсы түсінеді. Бір-бірін қолдап, бауырындай араласуы ойын барысында да байқалады.

Бұл ретте жаттықтырушының еңбегі де айрықша. Командаға жетекшілік ететін Темников Валерий Анатольевич балалардың әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, олардың мүмкіндігіне қарай бағыт береді. Ербол жаттықтырушының балалармен тіл табыса білетінін ерекше атап өтеді.
Валерий Анатольевич балаларға тек футбол ойнауды үйретіп қана қоймайды. Әр баланың мінезін, қабілетін жақсы біледі. Қай жерде қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, ойын барысында бір-біріне қолдау көрсетуді үйретеді. Балалар жаттықтырушыны тыңдайды, айтқанын орындауға тырысады. Жаттықтырушы мен балалардың арасында жақсы байланыс қалыптасқанын байқаймыз. Кейде ата-ана ретінде біз байқамаған баланың бойындағы қабілетті жаттықтырушы көріп, соны дамытуға бағыт береді.

Футболдың балаларға берері тек спорттық нәтиже емес. Жарыс сайын олардың жауапкершілігі артып, тәртібі қалыптасып келеді. Уақытында жаттығуға бару, командаласын күту, алаңдағы әр қимылға жауап беру – мұның бәрі баланың күнделікті өміріне де әсер етеді.
Әр жарыстан кейін баламыздың бір қадам болса да ер жетіп, жауапкершілігі артып келе жатқанын байқаймыз, – дейді ата-ана.Ал ата-аналардың өздері де бұл жолда шет қалмайды. Балаларды жаттығуға уақытында жеткізу, жарыстарға бірге бару, спорттық киімдері мен жол шығынына көмектесу – олардың күнделікті қолдауының бір бөлігі.
Кейде ата-ана үшін баласының ойынын тамашалаудың өзі үлкен сынақ.

Доп қарсыластың қақпасына жақындағанда жүрек те бірге дүрсілдейді. Бала құлап қалса, алаңдайсың. Қарсылас ойыншы қатты соқтығысса, бірден денсаулығын ойлайсың. Ал өз командасы гол соққанда, әлгі қобалжу әп-сәтте қуанышқа айналады.
Ерболдың айтуынша, жарыстар кезінде ата-аналардың ең үлкен алаңдайтыны – балалардың жарақат алмауы. Сондықтан жасөспірімдер арасындағы жарыстарда медициналық маманның болуы маңызды деп есептейді.
Дегенмен футболдың қуанышты сәттері де аз емес.

Команда Алматы қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы жарыстарға тұрақты қатысып келеді. Әртүрлі қалаларға барып, тәжірибе жинақтап жүр. Тіпті шетелдік жарыстарға да қатысып үлгерді.
Жақында команда Қырғызстан Республикасында өткен «Nomad Issyk-Kul Cup» лигасында алтын жүлдеге ие болды. Бұл жеңіс балалар үшін де, ата-аналар үшін де ерекше қуаныш сыйлады.

Ал Ерболдың есінде ерекше қалған жарыстардың бірі – J-лига. Себебі ойын YouTube арқылы тікелей көрсетілген. Отбасы болып отырып, баласының ойынын экраннан бақылаған сәт олардың есінде ұзақ сақталған.
Бүгінде «Өтеген батыр» командасы әзірге жеңіліс көрмеген. Бірақ ата-ана үшін нәтиже ғана маңызды емес.
Спортта әртүрлі жағдай болады. Әр ойында жеңіске жету мүмкін емес, ең бастысы – балалардың бір-біріне қолдау көрсете білуі. Жеңілістен де сабақ алып, қателіктерін түсініп, келесі ойынға дайындалу керек. Біз ата-ана ретінде тек жеңіс кезінде ғана емес, қиын сәттерде де балалардың жанынан табылуға тырысамыз. Өйткені олардың футбол арқылы тәжірибе жинап, шыңдалып келе жатқаны біз үшін үлкен нәтиже. Бүгінгі жеңіс ертеңгі үлкен жетістіктің бастауы болса, әрбір қиындық баланы одан әрі мықты болуға үйретеді. Сондықтан балалардың көңілі түспей, спортқа деген қызығушылығы мен ынтасы әрдайым жоғары болса екен дейміз, – дейді Ербол.

Ол командаға алдағы уақытта да түрлі жарыстарға қатысып, әсіресе шетелдік бәсекелерде тәжірибе жинақтағанын қалайды. Бұл үшін ата-ананың қолдауымен қатар, әкімдік, кәсіпкерлер және жергілікті ақпарат құралдарының да назар аударуы маңызды деп санайды.
Әсіресе Өтеген батыр ауылындағы стадионның жағдайын жақсартып, балалардың тұрақты жаттығуына мүмкіндік жасалса деген тілегі бар.
Өйткені ауылда футболға қызығатын балалар көп. Оларға ең керегі – мүмкіндік пен қолдау.
Ерболдың сөзінше, баласының футболмен айналысуы оған ең алдымен мақтаныш сезімін сыйлайды. Спорт баланың бос уақытын тиімді өткізуіне, тәртіпке үйренуіне, мақсат қоюына және сол мақсатқа жетуге талпынуына ықпал етеді.
Футбол тек спорт емес, тәрбие мектебі деп ойлаймын. Бала тәртіпке үйренеді, жауапкершілік қалыптасады. Командалық ойын арқылы бір-бірін сыйлауды, бірге мақсатқа ұмтылуды түсінеді, – дейді ол.
Ал команданың болашағы туралы сөз болғанда Ерболдың үміті ерекше.
Балалардың көзінде от бар. Қазірдің өзінде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенемін, – дейді ол.

Бұл сөздің астарында ата-ананың қарапайым тілегі ғана емес, баласының болашағына деген сенім жатыр.
Бүгін олар футбол алаңында доп қуып жүр. Бірі қорғаушы, бірі шабуылшы, енді бірі қақпашы болуға талпынып келеді. Ал ертең олардың арасынан ел намысын қорғайтын кәсіби футболшылар шығуы әбден мүмкін.
Сондықтан «Өтеген батыр» командасының бүгінгі әр ойыны – тек кезекті жарыс емес. Бұл – балалардың тәжірибе жинайтын, достықты бекемдейтін, жеңісті де, жауапкершілікті де үйренетін шағы.


Ал ата-аналар үшін ең басты жеңіс – баласының алаңда өз орнын тауып, спорттан қуаныш табуы.
«Өтеген батыр» командасының аты аудан көлемінен асып, Қазақстанға танылса деген Ерболдың тілегі де осы сенімнен туындайды.
Ең бастысы – балалардың дені сау болып, спорттан қол үзбеуі. Ал олардың көзіндегі сол оттың сөнбей, керісінше, жыл өткен сайын жарқырай түсуі.

Диана ҚАНАТ

Басқа жаңалықтар

Back to top button