Алматы облысының жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғамЦифрлы Қазақстан

Жасанды интеллект студентке көмектесе ме, әлде өздігінен ойлауды ұмыттыра ма?

Жасанды интеллект оқу процесін жеңілдетіп келеді. Бірақ дайын жауапқа үйренген студент өз бетінше ойлану қабілетін жоғалтып алмай ма?

Студентке ертең тапсырма тапсыру керек. Уақыт аз, тақырып күрделі. Ол ChatGPT-ті ашып, сұрағын жазады. Бірнеше секундтан кейін дайын жауап қолында. Бұрын бірнеше сағат ізденуді қажет ететін тапсырма енді аз уақытта орындалуы мүмкін. Бір жағынан, бұл — үлкен көмек. Екінші жағынан, студент сол жауапты өзі түсініп, үйренді ме, әлде тек көшіріп алды ма?

Бүгінде жасанды интеллект білім беру саласына да еніп жатыр. Студенттер оны тақырыпты түсіну, мәтін жазу, аударма жасау, ақпарат іздеу және емтиханға дайындалу үшін пайдалана алады. Алайда бұл технологияның пайдасымен бірге ойлануды қажет ететін мәселелері де бар.

Бұл мәселе бойынша студенттердің де көқарасыәр түрлі. Мысалы, Аңсар жасанды интеллектіні оқу барысында көмекші құрал ретінде пайдаланатынын айтады.

Аңсар деген студенттің ойынша, жасанды интеллект қазіргі заманда өте пайдалы технология. Оның көмегімен адамдар көп жұмысты тез әрі оңай орындай алады. Мысалы, студенттер сабаққа дайындалып, керекті ақпаратты таба алады. Сонымен қатар, жасанды интеллект медицинада, инженерияда және басқа салаларда қолданылады. Болашақта ол адамдардың өмірін одан әрі жеңілдетеді.

Аңсардың айтуы бойынша жасанды интеллекттің басты кемшілігі – адамдарды жалқаулыққа үйретуі мүмкін. Кейбір адамдар тапсырмаларды өздері орындамай, барлығын ЖИ арқылы жасайды. Сонымен қатар, ол кейде қате ақпарат береді және адамдардың жеке мәліметтеріне қауіп төндіруі мүмкін. Болашақта кейбір жұмыс орындарын да алмастыруы мүмкін.

Ал екінші студент: Нұрбол-дың айтуы бойынша, жалпы айтқанда Жасанды Интеллекттің сабақ оқуға пайдасы өте зор , пайдасы неде ? , Жалпы өзім ЖИ-ға сұрақ қою арқылы анализдер жасап өз керегімді аламын, тек қана бір қысқа жауап емес толыққанды жауап миға қонымды түрде , эффективтілікті арттыруға және ЖИ-ның пайдасы ол жалпы айтсақ кез келген адам үшін көмекші керек, ал ЖИ көмекші бола алады және өз жұмысын жақсы атқарады осы себепті ЖИ пайдалы десек бола алады, бірақ барлық зат адамға байланысты , ол қаншалықты ЖИ-ды пайдалы түрде қолдана алады міне солай, ал ЖИ-ның кемшілігі ол тек біреу ғана , ол ЖИ-ның адам сияқты ойлай алмауында осы себепті ЖИ-ның жалғыз және үлкен кемшілігі осыда, басқада кемшіліктері болуы мүмкін бірақ оларды түзеуге болады, ал қазір айтқаным ол ұзақ уақыт алатын процесстен пайда болады, ЖИ-ды мен қандай мақсатта қолданамын, жалпы айтсам өмірімдегі менің көмекшім десем болады кез келген қиын және өзіме керек деген затты сұрап іздеп анализ жасап тіпті жаңа заттарды үйреніп жатамын, қысқа айтсам барлық мақсатта қолданамын Оқуда, Жұмыста, Өмірде, т. б сөзімді қортындылай келе ЖИ-ның өмірге адамға пайдасы өте зор, тек барлығы қолдана білген адамға байланысты солай.

Дайын жауап па, әлде жаңа мүмкіндік пе?

Жасанды интеллектінің басты артықшылығы — күрделі ақпаратты түсінікті тілмен түсіндіре алуы. Мысалы, студент сабақта түсінбеген тақырыбын қайта сұрап, қосымша мысалдар ала алады. Ағылшын тілін үйреніп жүрген адам мәтінді аударып, грамматикалық қателерін түсіндіруді сұрай алады. Бұл әсіресе қосымша көмекке мұқтаж студенттер үшін пайдалы.

Бірақ мәселе жасанды интеллектіні қолдануда емес, оны қалай қолданатынымызда.

Егер студент дайын жауапты оқып, мағынасын түсінуге тырысса, технология оның оқуына көмектеседі. Ал егер тапсырманы толығымен жасанды интеллектіге орындатып, нәтижені тексермей өткізсе, онда білім алу мақсаты екінші орынға түседі. Студент тапсырманы орындағанымен, оның мазмұнын түсінбеуі мүмкін.

Жылдамдық әрдайым сапаны білдіре ме?

Жасанды интеллект берген ақпараттың барлығы бірдей дұрыс бола бермейді. Кейде ол қате дерек ұсынып, жоқ ақпаратты шындық сияқты көрсетуі мүмкін. Сондықтан алынған жауапты басқа сенімді дереккөздермен салыстырып, ақпараттың дұрыстығын тексеру қажет.

Бұл мәселе әсіресе журналистика саласында маңызды. Журналист үшін ақпаратты жылдам табу жеткіліксіз. Ол деректің шынайылығын анықтап, ақпарат көзін тексеріп, оқырманға дұрыс мәлімет ұсынуы керек. Егер болашақ журналист жасанды интеллект берген жауапты тексермей жарияласа, қате ақпараттың таралуына себеп болуы мүмкін.

Сондықтан жасанды интеллект журналистің жұмысын жеңілдеткенімен, оның жауапкершілігін өз мойнына алмайды.

Студенттің орнына кім ойлайды?

Бұл мәселеде студенттер мен оқытушылардың көзқарастары әртүрлі болуы мүмкін. Бірі жасанды интеллектіні білім алуға көмектесетін құрал деп санаса, екіншісі дайын жауапқа тәуелділік пайда болуына алаңдауы мүмкін.

Мұнда маңызды сұрақ туындайды: студент жасанды интеллектіні өз білімін толықтыру үшін қолдана ма, әлде өз бетімен ізденудің орнына пайдалана ма?

Мысалы, студент эссе жазғанда алдымен тақырыпты өзі зерттеп, негізгі ойын анықтап, кейін жасанды интеллектіден мәтінінің құрылымын жақсартуға көмек сұрай алады. Мұндай жағдайда соңғы жұмыста оның жеке пікірі мен түсінігі сақталады. Ал дайын мәтінді сол күйінде өткізу студенттің шынайы білімін көрсетуге мүмкіндік бермейді.

Тыйым салу ма, әлде дұрыс қолдануды үйрету ме?

Жасанды интеллектіні толықтай пайдаланбау туралы талап қою мәселені шешудің жалғыз жолы болмауы мүмкін. Себебі технология дамып келеді және оны дұрыс қолдана білу де маңызды дағдыға айналып отыр.

Университеттер студенттерге жасанды интеллектіні қай кезде пайдалануға болатынын, қандай жағдайда өз бетінше жұмыс істеу керектігін түсіндіруі қажет. Сонымен қатар студенттер ақпаратты тексеруді, дереккөздермен жұмыс істеуді және өз пікірін дәлелдеуді үйренуі керек.

Оқытушылар да тапсырмаларды тек дайын мәтінге қарап бағаламай, студенттің тақырыпты қаншалықты түсінетінін, өз ойын қалай жеткізетінін және сұрақтарға қалай жауап беретінін ескере алады.

Технология — көмекші, ал ойлау — адамның міндеті

Жасанды интеллектіні тек жақсы немесе жаман құрал деп бағалау дұрыс емес. Оның пайдасы адамның оны қандай мақсатта қолданатынына байланысты. Ол күрделі тақырыпты түсінуге, уақытты тиімді пайдалануға және жаңа идеялар табуға көмектесе алады. Бірақ адамның орнына ойланып, оның білімін толық қалыптастыра алмайды.

Студент үшін ең маңыздысы — дайын жауап алу емес, сол жауаптың мағынасын түсіну. Себебі университеттегі білімнің мақсаты тапсырманы тапсырумен шектелмейді. Ең бастысы — алған білімді түсіну, сұрақ қоя білу және өз бетімен шешім қабылдау.

Жасанды интеллект дамыған сайын адамның ойлау қабілеті бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Өйткені ақпаратты табу оңайлағанымен, оның ішінен шындықты ажырату, дұрыс қорытынды жасау және өз пікірін қалыптастыру әр адамның өзіне байланысты.

 

Толыбай Нұрсұлтан
ҚазХқжӘТУ, 1-курс студенті
Журналистика факультеті

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button