12 қазан күні Алматы облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшелері іссапармен Іле ауданына келді

Бұл іс-шара үстіміздегі жылдың 22 қыркүйегінде өткен Комиссияның кезекті отырысында берілген тапсырмаларды орындау шеңберінде ұйымдастырылды. Облыстық комиссия мүшелері 12–16 қазан аралығында бекітілген арнайы кестеге сәйкес облыстағы бірқатар аудандар мен Алатау қаласын аралап, зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Сапардың басты мақсаты – жергілікті деңгейде әйелдер істері мен
отбасылық-демографиялық саясаттың іске асырылу барысын сараптау, атқарылған жұмыстардың тиімділігі мен нәтижелілігін бағалау, өзекті мәселелер мен жүйелі кемшіліктерді анықтап, оларды жою бойынша нақты ұсынымдар әзірлеу.
Ауданға сапар аясында «Заманауи қоғамдағы отбасы және гендерлік қатынастар: өзекті мәселелер мен даму бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Еркін форматта өткен жиында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрасыл Әлішер Әлімұлы баяндама жасап, ауданда отбасылық және гендерлік саясат бағытында атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Жиынға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтар – мәслихат депутаттары, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала өкілдері, полиция қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар, Аналар кеңесі мен Қоғамдық кеңес мүшелері және іскер әйелдер қатысты. Сұрақ-жауап пен пікір алмасу форматында өткен кездесуде облыстық комиссия мүшелері сөз сөйлеп, қатысушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Дөңгелек үстелден соң комиссия мүшелері Өтеген батыр ауылындағы бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен жақыннан танысты.
Алдымен комиссия өкілдері Өтеген батыр ауылында орналасқан «Жанұя» отбасын қолдау орталығының тыныс-тіршілігін көріп шықты. Мекеме басшысы Нурсейтова Көркем Бахытқызы орталықтың отбасыларға, аналар мен балаларға көрсететін кешенді әлеуметтік-психологиялық және құқықтық көмек түрлері туралы баяндап, атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.
Бұдан кейін комиссия мүшелері психоневрологиялық патологиялары және
тірек-қимыл аппараты бұзылған 3-тен 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға жартылай стационарлық үлгіде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Аман» қоғамдық бірлестігіне барды. Мекеме директоры Асилтаева Жұлдыз Қанатқызы орталықта тәрбиеленіп жатқан балаларға жасалған жағдайлар мен олардың әлеуметтік адаптациясы бағытындағы жобаларды баяндады.
Сапар соңында облыстық комиссия өкілдері «Tommy bakery» ЖК кондитерлік үйінің жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Айтимова Толғанай Әлібекқызы мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен ашқан кәсібін өрге домалатып, өңірде жаңа жұмыс орындарын құрып отырғанын жеткізді. Кәсіпкер әйелдің бұл бастамасы өңірдегі нәзік жандылардың белсенділігін арттыруда оң кейс ретінде бағаланды.
Іссапар қорытындысы бойынша Іле ауданында отбасылық-демографиялық саясатты одан әрі жетілдіру және әлеуметтік қолдауды күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді.



