ДенсаулықСпорт

Спортсыз өмір: сіз қандай баға төлеп жатырсыз?

       Қазір өмір өте жеңіл. Тамақты үйге әкеледі. Жұмысты компьютерде істейміз. Демалғанда да телефонға қараймыз. Күні бойы орнымыздан тұрмай-ақ өмір сүре беруге болады.

Бірақ осының бәрінің бағасы бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша, әрбір үшінші ересек адам жеткілікті қозғалмайды. Жасөспірімдердің арасында бұл көрсеткіш одан да жаман: он бестен он жеті жасқа дейінгілердің көбі қажетті қозғалысқа жетпейді. Біз тарихтағы ең аз қозғалатын ұрпаққа айналып барамыз.

Қозғалмаған дене ауырады. Бүгін аз қозғалсаңыз, ертең жүрегіңіз, арқаңыз, ұйқыңыз бен көңіл-күйіңіз шағымдана бастайды. Дене қарызды ұмытпайды, ертеңіне өсімімен өндіріп алады. Көп адам ауырып қалғанда ғана «неге ертерек бастамадым?» деп өкінеді.

Спорт – ең арзан дәрі. Оған көп ақша керек емес. Аптасына 150 минут жеткілікті, яғни күніне шамамен 20 минут. Абонемент те, қымбат киім де міндетті емес. Аула, жақсы аяқ киім және ниет болса, бәрі бар.

Спорт көңіл-күйді түзейді. Жаттығудан кейін бас жеңілдеп, ой тазарады. Ренжігенде, шаршағанда, ашуланғанда он минут жүгіру көп нәрсені орнына қояды. Тұрақты қозғалатын адам стресті жеңіл көтереді және жақсы ұйықтайды.

Спорт мінез шыңдайды. Ойында ұтылып, күресте құлап, жарыста соңғы келген адам бір нәрсені үйренеді: құлау өмірдің соңы емес. Ол сәтсіздіктен қорықпайды, өйткені қалай қайта тұру керегін біледі. Мұндай сабақты кітаптан да, сабақтан да алу қиын.

Спорт тәртіпке үйретеді. Таңертең тұрғың келмейді, ауа райы нашар, көңіл-күй жоқ. Бірақ сен бәрібір жаттығуға барасың. Осылай адам өзіне берген сөзін орындауды үйренеді. Бұл дағды оқуда да, жұмыста да, отбасында да керек.

Спорт адамдарды жақындастырады. Біздің құрама ойнап жатқанда бүкіл ел бір жүрек болып соғады. Жеңсе бірге қуанамыз, ұтылса бірге күйінеміз. Бұл сезімді басқа ештеңе бере алмайды. Ал секцияда, алаңда, жүгіру клубында табылған достар көп жағдайда өмір бойы қалады.

Спорт өзіңе деген сенімді қайтарады. Бір айдан кейін бұрын жүгіре алмаған жолды жүгіріп өтесің. Сол кезде «мен бұны істей алдым» деген ой келеді. Осы ой спорттан тыс жерде де көмектеседі: оқуда, жұмыста, өмірдегі қиын шешімдерде.

«Уақытым жоқ» деген сылтау. Бәріміз осылай айтамыз. Бірақ күніне телефонға қанша уақыт кететінін санап көріңіз. Көбіміз сол уақыттың жартысын қозғалысқа жұмсай алар едік. Мәселе уақытта емес, бастауда.

Сондықтан сұрақ «спортпен айналысу керек пе?» деген емес. Сұрақ мынау: қашан бастайсыз? Дүйсенбіде ме, келесі айда ма, жаңа жылда ма? Кейінге қалдырған әр күн денеңіздің қарызын өсіре түседі.

Бүгін орныңыздан тұрыңыз. Көшеге шығып, он минут жүріңіз. Қалғанын сол бірінші қадам өзі шешеді.

 

                                 Абылай хан атыңдағы ҚазХҚжәӘТУ

                                        1 курс студенті Женисова Рабиа

ФММК“журналистика”

Басқа жаңалықтар

Back to top button