Қоғам

Жастар неге өз ойын ашық айтуға қорқады?

Қазіргі қоғамда жастардың білім алып, өз қабілетін дамытуына мүмкіндік көп. Алайда кейбір жастар өз ойын ашық айтуға, пікірін білдіруге немесе бастама көтеруге келгенде сенімсіздік танытады. Бұған не себеп? Жастар шынымен өз ойын жеткізе алмай ма, әлде өзгелердің пікірінен қорқа ма?
Жастардың ашық пікір білдіруіне кедергі келтіретін себептердің бірі – айналасындағы адамдардың сынынан қорқу. Кейде адам өз ойын айтпас бұрын «Басқалар мен туралы не ойлайды?», «Қате сөйлеп қойсам ше?» деп ойланады. Соның салдарынан ол өз пікірін іште сақтап, көпшілік алдында сөйлеуден қашқақтайды. Әсіресе мектепте, университетте немесе жаңа ортада мұндай жағдай жиі кездесуі мүмкін.
Тағы бір себеп – адамның пікіріне құрметпен қарамау. Егер жасөспірім өз ойын айтқан кезде оны мазақ етсе немесе сөзіне мән бермесе, келесі жолы пікір білдіруге қиналуы мүмкін. Сондықтан жастарға тек өз ойын жеткізуді үйрету жеткіліксіз. Оларды тыңдай білу және әр адамның пікіріне құрметпен қарау да маңызды.
Бұл мәселенің әлеуметтік желілермен де байланысы бар. Қазіргі кезде адамдар өз пікірін интернетте жариялай алады. Бірақ кейбірі жағымсыз пікірлерден немесе өзгелердің сынынан қорқып, ойын ашық жазбайды. Біреудің пікірімен келіспеу қалыпты жағдай болғанымен, адамның көзқарасын кемсіту дұрыс емес. Қоғамда пікір алуандығына түсіністікпен қарау мәдениеті қалыптасуы керек.
Менің ойымша, жастардың өзіне деген сенімін арттыру үшін оларға ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беру қажет. Университеттерде пікірталастар, ашық кездесулер және студенттік жобалар көбірек ұйымдастырылса, жастар өз ойын дәлелдеуге үйренеді. Сонымен қатар ата-аналар мен ұстаздар жастарды бірден сынамай, олардың пікірін тыңдауға тырысқаны жөн.
Қорытындылай келе, өз ойын ашық айту – адамның қоғамдағы белсенділігін көрсететін маңызды қабілет. Әрине, пікір білдіру жауапкершілікті де талап етеді. Алайда қателесуден қорқып, үнсіз қалу адамның дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Жастардың ойын еркін жеткізе алуы үшін олардың өзіне деген сенімі де, қоғамның қолдауы да қажет. Себебі жастардың дауысы естілген жерде жаңа идеялар пайда болып, маңызды мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік туады.

 

Усан Назерке Жанатқызы
ҚазХҚжӘТУ 1 курс студенті
Журналистика факультеті

Басқа жаңалықтар

Back to top button