ЕРТЕҢГЕ ҚАЛДЫРЫЛҒАН ӨМІР

Бүгінгі қоғамда көп адам өз өмірін кейінге қалдырып сүретін сияқты. Таңертеңнен кешке дейін «ертең бастаймын, дүйсенбіден бастаймын, келесі айда міндетті түрде жасаймын» деген сөздерді жиі естиміз. Біреу спортпен айналысуды, біреу кітап оқуды, біреу армандаған жұмысын бастауды үнемі кейінге шегереді. Бір қарағанда бұл жай ғана шаршау немесе уақыттың жетіспеушілігі сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бұл қазіргі қоғамның елеулі мәселесіне айналып келеді.
Бұрын адамдар бүгінгі істі ертеңге қалдырмауға тырысатын. Ойына келген жақсы істі бірден іске асырып, қолынан келгенінше еңбектенетін. Уақытты бағалап, әр күнін пайдалы өткізуге ұмтылатын. Ал қазір көпшілігіміз өзімізге ыңғайлы, мінсіз сәтті күтіп, өмірімізді тоқтатып қойғандай өмір сүреміз. Диплом алған соң, жұмыс тапқан соң, ақша жинаған соң бақытты боламын деп ойлаймыз. Сөйтіп, нағыз өмір сүретін күн ешқашан келмей қалады.
Бұл әдеттің күшеюіне әлеуметтік желілер де әсер етеді. Біз басқалардың әдемі өмірін, үлкен жетістіктерін көріп, өзімізді әлі дайын емеспіз деп санаймыз. Барлығы мінсіз болуы керек деп ойлаймыз. Мінсіз уақыт, мінсіз ақша, мінсіз көңіл-күй болмаса, ештеңе бастамаймыз. Осылайша бес минутта бітетін іс бірнеше айға, тіпті жылдарға созылып кетеді. Ең өкініштісі — біз қазіргі сәттегі мүмкіндіктерді, жанымыздағы адамдармен өткізетін бағалы уақытты байқамай жіберіп аламыз.
Менің ойымша, мәселе уақыттың аздығында емес, оны қалай басқаратынымызда. Ертең деген күн ешқашан келмейді, бізде бар нәрсе — тек бүгін. Үлкен мақсатты бірден орындаудың қажеті жоқ. Оны кішкентай қадамдарға бөліп, бүгіннен, дәл қазірден бастау керек. Өмірді кейінге қалдырмай, әр күніңді соңғы күніңдей сүруді үйрену — бақытты және табысты болудың ең қарапайым жолы.
ЗУЛПИХАР АЙАРУ,
ҚазХҚжӘТУ журналистика мамандығының 1-курс студенті



