ІЛЕ АУДАНЫНДА ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ САЛЫНУДА

Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов Қараой ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден кейін ауылдағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Атап айтқанда, аудан басшысы Қараой ауылындағы өрт сөндіру пунктінің құрылысын назарға алды.
Қазіргі таңда Қараой ауылдық округінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру бекетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа нысан өрт оқиғалары мен төтенше жағдайларға жедел ден қою уақытын қысқартуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Өрт сөндіру бекеті заманауи талаптарға сай салынып, қажетті арнайы техникамен және жеке құраммен қамтамасыз етілетін болады.
Айта кетейік, 2026 жылы Ащыбұлақ ауылдық округінде де осындай өрт сөндіру пункті салынған болатын.
Аталған нысандар ауылдық елді мекендердегі өрт қауіпсіздігін күшейтуге және төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.



