Аудан жаңалықтары

ЖАҢА ДӘУІР БАҒДАРЫ: ЕЛ БОЛАШАҒЫНДАҒЫ МҮДДЕЛЕР ОРТАҚТЫҒЫ

3 қараша күні Іле ауданында Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен түсіндіруге арналған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сапары өтті.

Бір күн ішінде өңірдегі бірқатар әлеуметтік және білім беру нысандарында 5 бірдей ауқымды кездесу ұйымдастырылып, ел дамуының стратегиялық бағыттары жан-жақты талқыланды.

Жұмыс тобының құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты, белгілі ақын әрі қоғам қайраткері Жанарбек Әшімжанов, Ұлттық Құрылтайдың І шақырылымының депутаты Мейраш Шынасылова және Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев болды.

Кездесулерге аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов пен Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев модераторлық етіп, мемлекеттік бастамалардың өңір үшін маңыздылығына тоқталды.

Ақпараттық-түсіндіру сапарының кестесі тығыз әрі мазмұнды болды. Алғашқы кездесу Өтеген батыр ауылындағы №13 орта мектепте әлеуметтік қорғау саласының өкілдерімен бастау алды. Мұнда халықты әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру мен жәрдемақы тағайындаудың жаңа тәртібі сөз болды.

Күннің екінші жартысына дейін жұмыс тобы Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте аудан тұрғындарымен ашық диалог өткізсе, кейін Іле аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерлерімен бас қосты.

Түстен кейін түсіндіру жұмыстары Байсерке ауылында жалғасып, №28 мектеп-гимназиясында білім саласы өкілдері мен ұстаздар қауымымен, №12 орта мектепте ауыл тұрғындарымен және белсенді жастармен кездесулер өтті.

Жиындарда негізгі баяндама жасаған вице-министр Ербол Тұяқбаев халықты тұрақты жұмыспен қамту, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету сынды маңызды басымдықтарды түсіндірді.

Сондай-ақ, ол I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға және асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған мемлекеттік кепілдіктердің толық сақталатынын атап өтті.

Өз кезегінде қоғам қайраткері Жанарбек Әшімжанов ел дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен шектелмейтінін, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, рухани жаңғыру және қоғамдық келісімді нығайту басты іргетас екенін тілге тиек етті.

Ал депутат Мейраш Шынасылова адами капиталды дамыту мен сапалы білім беруге салынған инвестицияның ел болашағы үшін стратегтялық мәні зор екеніне тоқталды.

Кездесулер барысында аудан тұрғындары, ұстаздар мен дәрігерлер өздерін толғандырған инфрақұрылымды жаңғырту, жолдардың сапасын жақсарту және кәсіпкерлікті қолдау төңірегіндегі сұрақтарын қойып, туындаған сауалдарға спикерлер тарапынан нақты жауаптар алды.

Ашық диалог форматында өткен бұл шаралар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын халыққа кеңінен түсіндіріп қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы сындарлы байланысты жаңа деңгейге көтерді.

 

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button