ІЛЕ АУДАНЫНДА ПИРОТЕХНИКАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫҢ САУДАСЫ МЕН ҚОЛДАНЫЛУЫ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАДЫ

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Іле ауданында «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.
Іс-шара 2026 жылғы 10 қарашадан 2027 жылғы 3 қаңтарға дейін жалғасады. Осы кезеңде аудандық полиция қызметкерлері Төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, пиротехникалық бұйымдардың заңды айналымына, сауда орындарында белгіленген талаптардың сақталуына және оларды пайдалану тәртібіне бақылау жүргізеді.
Негізгі мақсат – пиротехникалық заттарды заңсыз сатудың және белгіленбеген орындарда пайдаланудың алдын алу, сондай-ақ мереке күндері өрт пен жазатайым оқиғаларға жол бермеу.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес, елді мекендерде және осы мақсатта арнайы бөлінбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Ал азаматтық пиротехникалық заттарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, сату және өзге де айналым тәртібін бұзғаны үшін 483-бап бойынша, заңсыз сауда жасағаны үшін 196-бап бойынша жауапкершілік көзделген.
Осыған байланысты аудан тұрғындарын заң талаптарын сақтауға, пиротехникалық бұйымдарды тек арнайы сауда орындарынан сатып алуға және оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң ұстануға шақырамыз.
Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның негізі!



