МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ ӘДЕП ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК – БАСТЫ ТАЛАП

Іле ауданында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мәдениетін арттыру және жаңа заң талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар
Мемлекеттік қызмет – халық пен мемлекет арасындағы сенімнің маңызды көпірі. Мемлекеттік қызметші болу – тек лауазым иелену емес, ең алдымен елге адал қызмет ету, азаматтардың мүддесін қорғау және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту – еліміздегі маңызды басымдықтардың бірі. Осы бағытта 2026 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді.
Жаңа заң – мемлекеттік қызметтің жаңа талаптары
2026 жылғы 19 мамырда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» №290-VIII жаңа Заң қабылданды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін №291-VIII Заң қабылданды.
Жаңа заң мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарын нақтылап, мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне, ашықтығына, есептілігіне және нәтижелілігіне қойылатын талаптарды күшейтті.
Атап айтқанда, меритократия қағидаты, яғни мемлекеттік қызметке іріктеу мен мансаптық өсу кезінде қызметшінің білімі, кәсіби құзыреті және жұмыс нәтижесі басты назарға алынуы тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуының үздіксіздігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы және формальды талаптарды орынсыз қолдануға жол бермеу қағидаттары айқындалды.
Жаңа заңның 12-бабында мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдепті сақтауы және мінсіз беделді ұстануы міндеттелген. Қызметтік әдеп талаптарын бұзу заңда белгіленген тәртіптік жауаптылыққа, тіпті мемлекеттік лауазымнан босатуға дейін әкелуі мүмкін.
Әдеп кодексіне енгізілген өзгерістер
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне 2026 жылғы 1 шілдедегі №1337 Жарлықпен өзгерістер енгізілді.
Әдеп кодексінің негізгі талаптары – адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және азаматтарға бағдарлану.
Мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін орындау кезінде азаматтармен сыпайы қарым-қатынас жасап, олардың өтініштеріне мұқият қарап, заң аясында шешім қабылдауы тиіс.
Сонымен қатар қызметтік міндеттерді орындау кезіндегі сыртқы келбет іскерлік стильге сай болуы, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқы мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеуі қажет. Қызметтік ақпаратты жария етуге, мемлекеттік органның мүддесіне қайшы келетін жария мәлімдемелер жасауға жол берілмейді.
Іле ауданындағы мемлекеттік қызметшілер құрамы
Бүгінде Іле ауданы бойынша мемлекеттік қызметшілердің жалпы саны – 184 адам. Оның ішінде 76-сы – ер азаматтар, 108-і – әйел адамдар.
Олар аудан аумағындағы 1 кенттік және 8 ауылдық округ әкімдігінде, сондай-ақ 11 мемлекеттік мекемеде қызмет атқарады.
Ауданның мемлекеттік қызметшілері халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық даму және жергілікті маңызы бар міндеттерді жүзеге асыру бағытында еңбек етіп келеді.
Осыған орай әрбір қызметшінің кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік қасиеті, адалдығы мен жауапкершілігі де ерекше маңызға ие.
Мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ
Мемлекеттік қызметшілер заңмен белгіленген шектеулер мен тыйымдарды қатаң сақтауға міндетті. Әсіресе, жеке мүдде мен қызметтік міндеттердің қайшылығына жол бермеу маңызды.
Қызметтік өкілеттікті жеке басының немесе жақындарының мүддесіне пайдалану, заңсыз артықшылық жасау, мемлекеттік мүлікті мақсатсыз қолдану және өзге де құқық бұзушылықтар мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіреді.
Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді заң аясында орындап, кез келген жағдайда әділдік пен адалдықты басшылыққа алуы қажет.
Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі міндеті – алдын алу
Іле ауданының мемлекеттік органдарында қызметтік әдеп нормаларын сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қызметшілер арасында қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру бағытында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.
Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде мемлекеттік қызметшілерге заңнама талаптарын түсіндіру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу, қызметтік әдеп нормаларының сақталуына мониторинг жүргізу және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударылады.
Бұл бағыттағы жұмыстың басты мақсаты – тек тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарастыру емес, ең алдымен құқық бұзушылыққа алып келетін себептер мен жағдайларды анықтап, олардың алдын алу.
Мемлекеттік қызметшілердің өзара сыйластығы, басшылардың жеке үлгісі, ұжымдағы әділ қарым-қатынас және азаматтардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарау – тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастырудың негізгі шарттары.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметтің абыройы әрбір қызметшінің күнделікті еңбегі мен іс-әрекетіне байланысты. Жаңа заң талаптарын сақтау, халыққа адал қызмет ету және жоғары әдеп мәдениетін қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет.
Халықтың сеніміне ие болу – мемлекеттік қызметшінің ең үлкен жетістігі.
Іле ауданы әкімінің аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Асқар Садықов



