Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыТұлға

МЕЙІРІМІНЕ НӘЗІКТІГІ ЖАРАСҚАН ЖАН

МЕРЕЙ БИІГІНДЕ

Ақылына – ұстанымы, мейіріміне — мінезі, кірпияздығына – кіші-пейілділігі, байлығына – мырзалығы, адалдығына – әділділігі, назына – нәзіктігі, сырына – сыны, әдебіне – ішкі мәдениеті, біліміне – ілімі сай адамдар өмірімізде аз кездеспейді. Олар не айтса да, не тірлік жасаса да өз табиғатынан алыс кет-пейді. Осындай әдептен аспайтын, артық сөз айтпайтын мінезге бай адамның бірі әрі бірегейі – Гүлнәр Таутайқызы Естеусізова.

Ешкімге ұқсамай, өзге-лерден қадір-қасиетімен дараланып тұратын Гүлнәр Таутайқызы өзінің саналы ғұмырының 40 жылын мемлекеттік қызметке арна-ған еңбекқор жан. Кезінде философ ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мейірім, ынсап, ақпейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады», – деген қанатты сөзі Гүлнәрға арналғандай. Гүлнәр Таутайқызының жүріп өткен өмір өткелдерін сараптап, ой елегінен өткізсең, оның уақытпен үндестік тауып, қоғам тынысын дер кезінде сезініп, за-мана көшіне ілесе біл-гендігіне көз жетізесің. Өмір жолының ізгілікпен өріліп, еңбек сатысының адалдықпен жасалғанын байқайсың. Оның бал- дәурен балалық шағы ақбас шыңдары мен мұн-далап тұратын қасиетті Хантәңірінің етегіндегі Нарынқол ауылында өт-ті. Өрісі кең, сауаты мол, шалғыны гүл иісі аңқыған Нарынқолдың маңында торғай үркітіп, қарақат теріп балалық шақтың бал шырынына қанып өсті. Қасиетті таудың қойнауынан бастау ал-ған бұлақтардың суына шөлін басып, осы аймақтың салқын саумал самалына бетін тосып бойжетті.

4 ұлдан кейін дүниеге келген Гүлнәрді әкесі Таутай мен анасы Сүйімхан еркелетіп-ақ өсірді. Бірақ, тым шектен шығарған жоқ. Еңбекке араласқалы партия, кеңес қызметінде жүрген әкесі Таутай балаларының жан-жақты білімді, ой-өрістерінің кең болуына қатты мән беретін. Сондықтан, төрт ұлдан кейін дүниеге келген алғашқы қыз Гүлнәрді «жауқазындай гүліміз», – деп еркелеткенімен де керек кезінде үйдегі темірдей тәртіпке бағындыратын. Бұл үйде әр жұмыс өз уақытымен орындалатын. Мектепке бару, сабақ оқу, үйдің шаруасын реттеу, үйірмелерге қатысу, тіптен ойнайтын кезіне де арнайы уақыт бөлінетін. Қанша ерке болса да Гүлнәр өзінен кейін дүниеге келген екі сіңілісіне әпкелік қамқорлығын көрсете білді. Тамақ жасау да қыздың үлкені болғандықтан оның мойнына жүктелді. «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы», – деп анасы қыздарын жасынан үй жинауға, тамақ пісіруге, қонақ күтуге дағдыландырып өсірді. Үйдегі шаруасы көп болса да Гүлнәр мектепте өте жақсы оқыды, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты, спорт сецияларына да баратын. Баскетболдан, волейболдан өтетін мектепішілік жарыстардың талай рет жеңімпазы болғаны бар. Нарынқолдағы Абай атындағы орта мектепті үздік бітірген соң, 1978 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түсті.

1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітіріп шыққан Гүлнәр өз мамандығына адалдық танытып, қаржы және экономика саласында табысты еңбек етіп келеді. 1982 жылы еңбек жолын Алматы облыстық қаржы басқармасында қатардағы тексеруші-нұсқаушыдан бастап бөлім бастығы қызметіне дейін көтерілді. 28 жыл осы мекемеде абыройлы қызмет атқарып, 2010 жылы Алматы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына арнайы шықыртуымен облыстағы білім, денсаулық және әлеуметтік салаларының бюджетін жоспарлау бойынша жауапты қызметтерді атқарды. 2013 жылы Іле ауданының экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Содан бері осы қызметті үлкен абыроймен атқарып келеді. Тау қызы болғандықтан ба, ол жасынан көзін жатаған белестерге емес, төбесін күн сүйген ақбас мұзарттарға тігетін. Сол биікке шығу үшін білімі мен біліктілігін, қарымы мен қайраттылығын жұмсады. Қаржы саласы, оның ішінде экономика мен аудан бюджетін жоспарлау ыждағаттылық пен мұқияттылықты, шыдамдылық пен тө-зімділікті, терең білімді қажет етеді. Бір саннан жаңылсаң, алдыңғы жасаған жұмыстарың далаға кетті дей бер. Бір ауданның бюджетін жоспарлау мен әлеуметтік экономикасына талдау жасау жай мамандық емес, адамның өмірлік әрекеті. Бұл жұмысты атқаратындардың ішкі және ойлау қабілеті бір арнаға тоғысуы керек. Кіріс пен шығысты есептеу өз кезегінде жауапкершілік пен белсенділікті талап етеді. Жергілікті жерде құралатын ақша қорларын орталықтандырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы бағдарламаларды қаржыландыруда көп нәрсе осы салаға жауап беретін басшыға байланысты болса, бұл ретте Гүлнәр Таутайқызы өз ісін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Оның ұзақ жылғы еңбегі өтеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 10 жыл, 25 жыл мерейтойлық медальдармен, бірнеше рет Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Еңбегінің еленгеніне кім де болса риза болады. Дегенмен, Гүлнәр Таутайқызы биік жетістікке, үлкен құрметке ие болған кезінде өзінің өмірлік ұстаздарын мақтана есіне алды. Ең алғаш облыстық қаржы басқармасында еңбек жолын бастағанда бөлім басшысы Әмірбек Есімкеұлы Алдамжаров институт бітіріп келген жас қызды өзінің қам-қорлығына алып, осы саланың қыр-сырын үй-ретті. Облыс бюджетін жоспарлауға байланысты кеңінен мағлұмат беріп, өзінің бай тәжірибесімен бөлісе білді. Одан кейінгі ұстаздары облыстық қаржы басқармасын әр жылдары басқарған Төлеубек Әбдікәрімұлы Әбдікәрімов пен Қадыр Қасымұлы Тәжібаевты да Гүлнәр ризашылықпен есіне алып отырады. Жоғарыда есімдері атал-ған ұстаздарынан алған тәлім-тәрбесі, тәжірибесі, ілім-білімі, олардың ақыл-кеңесі Гүлнәр Таутайқызының өмірлік бағдаршамына айналды.

Өмір дегеніміз, сүй-іспеншілік болса, оның бойындағы барша қа-сиеттің қайнар көзі өмірге іңкәрлік, маман-дыққа адалдықта жатса керек. Ал, жүрегіне іңкәрлік, адалдық ұя-лаған жан үшін қайғыру мен қуану, мұңаю мен жұбану, қате жіберу мен түзету, шегіну мен ілгерлеу сияқты адамға тән дүниенің ешқайсысы жат болмақ емес. Гүлнәр осының бәрін басынан өткерді. Құдай қосқан жұбайы Есен Әділовпен 16 жыл бақытты өмір сүрді. Есен екеуі Нұргүл, Әйгерім, Әлима атты алтындай-алтындай үш қызды дүниеге әкелді. Есен сүйікті жары Гүлнәрді алақанында ұстады десек қателеспеспіз. Отағасы ретінде ол жұбайын қатты қадірлеп, қыздарын айрықша жақсы көретін. Олардың алаңсыз, бақытты өмірлері үшін аз ғана уақыттың ішінде барлық жағдайды жасады. Бірақ, Алланың жазуына не дерсің? Бәрі аяқ астынан болады екен. 37 жасында аяулы жарынан айрылған Гүлнәр қайғыдан қара жамылса да, үш қызы үшін кездескен сан түрлі қиындықтарымен жағаласа, жанталаса жүріп, өмір-теңіз жаға-лауынан нысана еткені тек жақсылық болып, талай биікке құлаш ұрды. Алдағы арайлы күндерге үмітін үкіледі. «Мен үш баламен жалғыз қалдым», – деп ешкімге мұңын шақпады. Тіптен ата-анасы мен бауырларына да, қайын-жұртына да қиналысы мен күйзелісін білдірмеді. Сөйтіп жүріп қыздарын өсіріп, олардың жоғары білім алуына бар жағдайды жасады. Қыздарын қатарға қосып, бір-бір отау етіп, ұясынан ұшырды. Күйеу балалары өзін ерекше сыйлап, құрмет тұтады. Бүгінде үш қызынан Әлихан, Жанель, Тамирлан, Дәмелі, Алдияр атты немерелері желкілдеп өсіп келеді.

Жанарына жылылық, жүзіне мейірім ұялаған Гүлнәр Таутайқызын үнемі келелі істердің басынан көреміз. Тұла бойына байыптылық пен байсалдылық тұнған, жүрегіне парасат қонақтаған ару жанды Іле өңірі құрмет тұтады. Әр ісі толымды нәтижеге ұласқан осынау абзал жанды үлкенге де, кішіге де сыйлы еткен таза ниеті, имандылығы мен инабаттылығы әдебі мен мәдениеті, ақ көңілі мен терең білімі дер едік. Бүгінде мерей биігіне көтеріліп отырған мейіріміне нәзіктігі жарасқан Гүлнәр Таутайқызын меншікті мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

 

 Роза АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button