БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫ
Өткен аптада Алматы қаласындағы орталық цирк алдындағы фонтанда оқыс оқиға болды. Фонтан жанында ойнап жүрген екі бүлдіршін аяқ киімдерін шешіп, аяқтарын суға салмақшы болады. Әп-сәтте оларды тоқ ұрып, балалардың шырылын естіген анасы оларды құтқармақшы боп ұмтылғанда, оны да тоқ соғыпты. Қыздың анасы жұрттан көмектесуін сұрап айқайлағанмен, суға түсіп, оларды құтаруға ешкімнің жүрегі дауаламапты. Сол жерде отырғандарды да түсінуге болады, өз өмірлері маңыздырақ. Алайда, өз өмірін өзгенің өмірін құтқару жолында құрбан етуге әзір адамдар да жоқ емес екен. Фонтан ортасындағы темірге жабысып, серейіп тұрған үшеуді көрген Абылай Балапанов атты жас жігіт көмекке келіп, оны да тоқ соғып жатса да мойымай, адамдарды құтқарды. Болған оқиға туралы Абылай былай толғанады: «Мен суға түсіп едім, бірден аяғымның ұшынан бастап жамбасыма дейін тоқ ұрды. Бірақ, қатты соққы берген жоқ. Мен қыздың анасын судан шығарып алдым. Қызды шығарып алуға барғанда, тоқ күші анағұрлым қатты соқты. Мен суға құлап түстім, электр тоғы қаттырақ соқты. Субұрқақ сөнген кезде мен жақтауға отыра кеттім» — дей келе, сол кезде қасына 40-50 шамасындағы адам Абылайды да тоқ соққанын біліп, суға абайлап кіріп, қызды аяғынан ұстап шығарғанын айтты.
Мінекей, ел үшін туған есіл ер осындай болмақ. Өз жаны қыл ұшында тұрса да, өзін де тоқ аяусыз ұрса да, үш бірдей жанның өмірін құтқарып қалған Абылай бейбіт күннің батыры емей кім? Абылай Балапанов біздің Іле ауданы Байсерке ауылдық округінің тұрғыны екен. 19 жастағы балаң жігіт қазіргі таңда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті. Оның елжанды азамат болып қалыптасуына үлес қосқан ата-анасы мен ұстаздарына қалай алғыс айтсақ та жарасады. Батыр баланың қайсарлығына сүйсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абылай Балапановты Құрмет грамотасымен марапаттады. Ол туралы Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook желісіндегі парақшасында: «Мемлекет басшысы адамдардың өміріне қатер төнгенде көрсеткен асқан ержүректігі мен батылдығы үшін Абылай Балапановты Құрмет грамотасымен марапаттады», — деп жазды. Ал, Абылай болса суда өзін де тоқ соққанын, бойында қорқыныш болғанын, бірақ адам өмірі қыл ұшында тұрған соң тәуекел етіп тас жұтып, тоқ тартқандарды құтқаруға ұмтылғанын айтады.
Абылайдың жасағаны – кейбір диван батырлармен салыстырғанда көзсіз ерлік. Өзге үшін алаңдап, өз өмірін қатерге тіге алатын жүректі жігіттеріміз көп болғай. Атына заты сай батыр жігітке алдағы өмірде тек жақсылық тілей отырып, еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін өз үлесін қосатын азамат болуына тілектеспіз. Абылайдай ұландары бар ел – бақытты ел. Мұндай елдің болашағы кемел болатынына сенеміз.
А. ЕРГАШИН