#Qazaqstan30Аудан жаңалықтарыҚоғам

СӘРСЕНБІДЕН ЖЕКСЕНБІГЕ ДЕЙІН

Өтеген батыр ауылындағы «Жұлдыз» азық-түлік дүкенінің есігіндегі «Сәрсенбіде 5 жұмыртқа тегін беріледі»,-деп басталып, жексенбіге дейінгі, яғни 5 күн бойы тұрғындарға ақысыз таратылатын азық-түліктің түрі жазылған хабарландыру бізді еріксіз ішке кіргізді. «Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» – демекші, осыншама мырзалық жасайтын дүкеннің иесімен танысқымыз келді. Сатушының қасында тұрған қараторы келген әдемі келіншек бізді жылы шыраймен қарсы алды. Жөн сұрастық. Осы дүкеннің иесі екен. Аты-жөні – Айнұр Қаналханқызы Жансейтова. Газеттен екенімізді білген кезде «Ол туралы айтудың қажеті жоқ. Оны мақтан үшін жасап отырған жоқпыз. Бір Алланың разылығы үшін жасаймыз», – деп, бізді өзінің жеке бөлмесіне қарай бастады. Шағын ғана жұмыс бөлмесі тап-тұйнақтай. Басы артық ештеңе жоқ. Көзімізге түскені столдың үстінде қабырғаға тақап қойылған Өтеген батыр ауылы тұрғындарының атынан жазылған бірнеше дана алғыс хаттары. Біздің алғыс хаттарды оқып тұрғанымызды байқаған Айнұр: «Бұл мен үшін ең бағалы дүние», – деп сөзін әрі қарай жалғастырды. – Халықтың ризалығына бөленіп, батасын алған біз үшін үлкен сауап. «Алаған қолым береген», – деп халық бекер айтпайды ғой. Менің ағайым Мұратхан осы дүкенді ашарда маған:

–Жұмысымызды, ең алдымен, Алланың разылығы үшін қайырымдылықтан бастайықшы, – деген еді. Сонымен, 2018 жылы ашылған алғашқы күннен-ақ аптаның сәрсенбісінен бастап жексенбі күніне дейін халыққа ең қажетті азық-түлікті тегін таратып келеміз. Оның ішінде нан, сүт, қант, жұмыртқа, картоп бар.

Көмекке зәру адамдарға жәрдемдесіп, олардың қажеттіліктерін тегін өтеу – жұртшылықты ризашылыққа бөлейтін игі іс.

Бұл туралы қазақта «Жанашырлыққа жан риза», «Садақа – береке кілті», – деп бекер айтылмаған. Кісілікті ту етіп, адамгершілікті биік ұстап мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетіп жүрген Айнұр Қаналханқызы көпбалалы отбасында тәрбиеленген инабатты жан. Әкесі Қаналхан Сайпназарұлы ұзақ жыл автокөлік кәсіпорнында жүргізуші болып қызмет етіп, зейнетке шықса, анасы Базаркүл Әбуқызы саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, балабақшада еңбек еткен. Көпбалалы отбасында дүниге келгендіктен бар бала бірін-бірі жетектеп, үлкені кішісіне қамқорлық жасап, еңбекқорлыққа дағдыланған. Содан да шығар, Айнұр жас кезінен еңбек етіп, жақсы мен жаманның айырмасын біліп өсті. Тұрмысқа шығып, 2005 жылы қызы Мәриямның денсаулығына байланысты Шымкенттен Өтеген батыр аулына қоныс аударыпты. Жолдасы Шұхрат екеуі алғашында көп қиындық көрді. Мамандықтары бойынша жұмыс таба алмағандықтан, Айнұр сатушы болып жұмысқа тұрды. 5 жылдан аса пәтерден пәтерге көшіп жүріп, көзінің ағы мен қарасындай жалғыз қызы Мәриямның бар жағдайын жасап, қатарынан кем қалдырмай өсірді. 2018 жылы туған ағасы Мұратхан дайын азық-түлік дүкенін сатып алып, бұл сауда орнына басшылық жасап, жұмысын жүргізуді Айнұрға сеніп тапсырды. Айнұр сол уақыттан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 14 жылға жуық сатушы болып жұмыс істегені кәсіпті бастауға үлкен септігін тигізді. Шүкіршілік, дүкеннің жұмысы жолға қойылып, бір ретке түсірілді. Мұратхан Қаналханұлы дүкеннің атын өзінің тұңғыш қызы, яғни ата-анасының тұңғыш немересі Жұлдыздың есіміне байланыстырып қойды.Анасы Базаркүл тұңғыш немересінің есімін осы немерем жұлдыздай жарқырап жүрсінші,-деп Жұлдыз қойған еді. Сол Жұлдыздың өзі де қазір кәсіпкер. Америкада білім алған ол Астанада шет тілдерін оқытатын жеке мектебін ашты. Айтпақшы өткен жылы Жұлдыз Мұратханқызы республика бойынша ең жас кәсіпкер деп танылып, 24 телеарнаға сұхбат берген еді.

– Біздің осындай табысқа жетуіміз Тәуелсіздігімнің арқасы, – дейді Айнұр Қаналханқызы бізбен әңгімесінде.

– Тәуелсіздік бізге ой еркіндігін, сөз еркіндігін беріп, өзіміз қалаған іспен айналысуға мүмкіндік туғызды. Мәселен, біз алты ағайындымыз. Бәріміз жеке кәсіппен айналысамыз. Үлкен бауырым осы дүкеннің иесі Мұратхан цемент өндірумен айналысса, әпкем Айгүлдің шағын ательесі, Асхархан деген інімнің автокөлік кәсіпорныны бар. Ғалымжан інім жүк тасымалдаумен айналысса, сіңілім Әлия өзінің азық-түлік дүкенінің жұмысын жүргізіп отыр. Еңбек етемін, табыс табамын десең, ешкім сені қолыңнан қағып жатқан жоқ. Тек ынтаң болса болды және ерінбей еңбектен. Яғни бәріміз кәсібіміздің арқасында нәсібімізді теріп жеп, салық төлеу арқылы еліміздің экономикасына мүмкіндігінше үлес қосудамыз. Негізінен менің осындай жетістікке жетуім ағайым Мұратханның арқасы. Ол жалғыз маған ғана емес, бәрімізге ақыл беріп, жол көрсетіп, кәсіпкерлікке баулыды. Бес перзенті, екі немересі бар Мұратхан ағайым біздің әулеттің тірегі, жол бастаушысы, көш бастаушысы. Қайтыс болған әкеміздің орнына әке болып жүрген осы Мұратхан ағайым. Үнемі бауырларын ғана емес, туған-туыстарын, дос-жарандарын қайы-рымдылық жасауға шақырып жүреді. Бәріміз де қайырымдылық жасауды өзіміздің басты парызымыз санаймыз.Кейде біз сияқты басқа дүкендер де аптасына бес күн болмаса да жоқ дегенде бір рет көмекке мұқтаж жандарға қажетті азық-түлікті таратып тұрса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Барлық қайырымдылық істі Алланың разылығы үшін жасап, алушылардың емес берушілердің қатарында болсақ, несібеміз көбеймесе азаймас еді.

Айнұр Қаналханқызы жұмысын жүргізетін «Жұлдыз» дүкені сәрсенбі күні 21 адамға 5 жұмыртқа, сейсенбі күні 21 литр сүт, жұма күні 21 килограмм қант, сенбі күні 21 адамға 2 килограмнан картоп, жексенбі күні 60 бөлке нанды тегін таратады екен. Мұны ақшаға шақсаң 30 мыңан астам сома болады. Одан басқа нан, шай сұрап келетін адамдар қаншама. 3-4 отбасына апта сайын үйіне қажетті азық-түлікті Айнұрдың өзі жеткізіп беріп тұрады. Көпбалалы отбасындағы балалардың киім-кешегін алып беретіні тағы бар. «Мен адамдарға тегін тамақ бердім-ау, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасадым-ау», – деп Айнұр өкінген емес. Қайта елдің алғысын алғанына қуанады. Бірақ, оның көңіліне қаяу түсіретін жағдай да жоқ емес.

– Сәрсенбіден бастап таңғы сағат 8-де азық-түлік таратқан кезде жұрттың таласқаны жүрегіңді ауыртады, – дейді ол өз сөзінде. Арасында зәулім үйлері бар тұрмысы жақсы адамдар да кездеседі. Солар алғанша артылғанын көмекке мұқтаж жандарға берсе ғой. Мені ойландырып жүрген тағы бір мәселе – «Көз ақысы» бұрышын ашу. Мәселен, сондай бұрыш ауылдың орталығынан ашылса, соған қайырымдылық жасағысы келген адамдар азық-түлік немесе жаңа киім кешекті әкеліп қойса, көмекке зәру адамдар сол жерден өзіне қажеттісін алып кетеді. Менің білуімше, осындай бұрыштар Түркия елінде бар екен. Менің арманым  –осындай бұрышты Өтеген батыр ауылынан ашу, – дейді ол.

Жаны нәзік, көңілі кең дария, ақ ниетті Айнұр Қаналханқызы қанатымен су сепкен қарлығаштай алдына келген адамның барлығына жақсылық жасап, олардың өтініштерін қанағаттандырумен қатар өзі сияқты кәсіпкерлерді қайырымдылыққа шақыруы құптарлық іс. Шын мәнінде Айнұрдың ұсынысы іске асса қандай жақсы болар еді.

Қайырымдылық жасау үшін асқан дәулет емес, жүректегі мейірім мен адал ниеттің болуы жеткілікті. Қайырымды жандарды «алтын жүректі адамға» теңейтіні де содан болар. «Жұлдыз» дүкенінің иесі Мұратхан мен оның ісін жүргізушісі ағайынды Жансейтовтер міне, осындай алтын жүректі адамдар!

 Роза Айдарбекова

Басқа жаңалықтар

Back to top button