ҮШ ҚҰНДЫЛЫҚ
Ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толады. Мемлекет алдында тұрған ендігі мақсат – Мәңгілік Ел болу үшін әлеуметтік-экономикалық және мәдени руханиятымыздың негізін нығайту.
Ата-бабамыз ғасырлап армандаған Тәуелсіздік деген сөздің өзінде қаншама мән-мағына жатыр! Батыр бабаларымыз найзасының ұшымен, білектің күшімен қорғап, аманаттап кеткен жерімізде бақытты ғұмыр кешіп келеміз.
Тәуелсіздік – Тәңір сыйы. Сондықтан, тәуелсіздік алған күн – қазақ халқы үшін аса қадірлі. Өйткені, тәуелсіздікпен бірге біз ана тілімізбен, дінімізбен қауыштық. Салт-дәстүріміз жаңғырды. Байтақ даламыздың шекарасы шегенделді. Қазір ешкімнің нұсқауынсыз қай жерден білім аламын, қайда қызмет істеймін десең де өз еркің. Тәуелсіздіктің арқасында тәуелсіз ұрпақ өсіп келеді. Аз ғана жылдың ішінде мемлекетіміз өсіп, өркендеді. Мұның барлығы –халқымыздың бірлігінің арқасы.
Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемендігіміздің мәңгілік ұштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тілімізбен барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», – деген сөзі бар.
«Бағалай білгенге бақ, қуана білгенге құт қонады». Біз болашақ тізгінін ұстайтын жас ұрпақты Отанды сүюге, ұлттық құн-дылықтарымызды берік ұстауға тәрбиелеп, Мәңгілік Елге жеткізетін үш тағанды бойына дарытып өсіруіміз керек. Сонда ғана қастерлі тәуелсіздігіміз одан әрі нығаяды.
Тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін бағалап, жақсылыққа, игі істерімізге қуана білейік. Ел үшін маңызды құндылықтарымыз – тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін.
Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болғай!
Айдын СМАҒҰЛОВ,
Сидней Олимпиадасының қола жүлдегері