Алматы облысының жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғам

ТІЛ ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Тіл – халықтың асыл қазынасы, ең басты байлығы, айбыны мен абыройы. Еліміз өзінің азаттығын алғалы тіл мәселесі кеңінен талданып, таразыға салынып, отыз жыл өтсе де қоғамның өзекті мәселелерінің бірі болып тұрған жайы бар. Осынау отыз жыл ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болса да, кей мекемелерде өз деңгейінде қолданысқа ие бола алмай жүр. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында Елбасымыз өзінің жыл сайынғы кезекті Жолдауларында, халыққа қарата айтылған үндеулерінде тіл мәселесін бірінші орынға қойып, еліміздің келешегі қазақ тілімен тікелей байланысты екенін баса айтқан болатын. Президентіміз Қ. К. Тоқаев та Қазақстан Халқына жолдаған Жолдауларында қазақ тілінің мәртебесін көтеру елдігіміздің айнасы екеніне тоқталып өтті. 

Иә, расымен, тіл саясаты – өте өзекті әрі елдің жанды мәселесі. 2017 жылы Қазақстан Халқының Тілдері күні мерекесі 22 қыркүйектен 5 қыркүйекке ауыстырылған болатын. Бұл айтулы дата тіл жанашыры, Алаштың арыс ұлы, қазақ тіл білімі ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай белгіленген. Осы мерекелік датаға байланысты ауданымызда «Тіл айлығы» өткізіліп, ауданымыздың әрбір округінде, әрбір білім мекемелерінде тіл мерекесі тойланып, өзекті шаралар қолға алынды. Тіл айлығы аясында көптеген танымдық шаралар өткізіліп, аймағымызды мекендеген барша ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы түсіндірме жұмыстар жүргізілді. 27 қыркүйек күні Боралдай кентіндегі жаңадан ашылған №23 орта мектептің акт залында «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты Тіл фестивалі ұйымдастырылып, тілдер айлығының жабылу салтанаты өткізілді. Іс-шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рақымжан Бақытжан Көкенұлы, «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Сәтібаев Алмасбек Қожабекұлы, жеке кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Түймелиев Нұрлан Лесұлы, аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Молдагулова Ақмарал Құрманжанқызы, тіл жанашырлары, мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысты.

Шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Рақымжан Бақытжан Көкенұлы ашып, аудан әкімінің орынбасары Серікжан Ибраевтың құттықтау хатын оқып, мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге, тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге, ұлтаралық қатынас құралына айналуына және тіл саясатының дамуына үлес қосқан әр түрлі сала қызметкерлері мен мұғалімдерге С.Ибраевтың арнайы алғыс хатын табыстады. Одан кейін сөз алған А.Қ.Сәтібаев та фестивальға қатысушыларды тіл мерекесімен құттықтап, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биік болуын тіледі. Алмасбек Қожабекұлы өз сөзінде «Бұл мереке тек қазақ тілі күні емес, Қазақстан Халқы Тілдері күні. Сол себепті мұндай айтулы шараға тек қазақтілді азаматтар ғана емес, ауданымызды мекендейтін этностық ұйымдар мен ассамблея өкілдері де қатысса нұр үстіне нұр болар еді» — деген тілегін білдірді.

ҚР мемлекеттік тілі әрі мемлекет құраушы қазақ ұлтының ана тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – дәстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стилдік тармақтары сараланған, жалпыхалықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл. Мемлекеттік тілді дамытуда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қосқан үлесі зор. Шара барысында аудандық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінен құралған «Ұлағат» қауымдастығының мүшесі, №24 лицейдің мұғалімі Жандарал Рыскүл Байжұмақызы да тіл туралы тебірене сөйлеп, ауданымызда тіл мәртебесін көтерудегі ұстаздардың атқарған еңбегіне тоқталып өтті. Сондай-ақ, «Ұлағаттың» ізін басып келе жатқан «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығының өкілі Серікбой Нұрбек қауымдастықтың жыл бойы атқарған шараларынан баяндама жасаса, қауымдастық мүшелері №4 орта мектептің мұғалімі Жұлдыз Тұрғанбаева және №9 орта мектептің мұғалімі Торғын Жанетаева Қазақстан Халқы Тілдері мерекесіне орай өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген аудандық жаңылтпаштар байқауының және қазақша ертегі, әңгіме желісіндегі сахналық көріністің қорытындысын жариялап, жеңімпаздарға аудандық Білім бөлімі басшысы Л. Каткеваның грамоталарын табыстады. Сондай-ақ, қауымдастық өкілі, №7 орта мектептің мұғалімі Алмат Ергешбайұлы «Індет пен міндет» атты тіл туралы жүрекжарды жырын оқыды.

Фестиваль аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендер әсем ән мен күмбірлеген күміс күй тыңдап, жалынды жырдан сусындады. 

А. ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button